Ғаламтордағы терiс ақпараттан абай болайық!
Жастар мәселесі – бүгінгі қоғамның ең өзекті тақырыбы. Өйткені ғаламторға арбалған жастар арасында көңілге кірбің ұялатар жайттардың бары рас. Діннің төңірегінде де дау-дамай жиі туындап, дәстүрлі дінімізге күйе жағушылар көбейіп жатқан тұста жас ұрпақты ғаламтор арбауынан ұдайы сақтандырып отырған абзал. Өйткені олар теріс ниеттерін ғаламтор арқылы жүргізуге көшіп отыр. Әлемде діни экстремизм белең алып тұрған тұста бұл, әрине, қатерлі.
Сондықтан да өңірімізде соңғы уақытта өскелең ұрпақты интернет арқылы еліктіріп әкетуге әрекеттеніп жүрген кереғар ағымдарға қарсы облысымызға қарасты барлық аудандарда кездесулер ұйымдастырылуда. «Жастар жадына – ғаламтор жау» атты бұл кездесулердің басым көпшілігін «Ақ сүңгі» қоғамдық бірлестігі мен облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» ұйымдастырып отырғанын да айта кеткен жөн.
Мәселен, жуырда «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б.Темирханов Отырар ауданында Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясында жоғары сынып оқушыларымен «Жастар жадына – ғаламтор жау» тақырыбында жалпы кездесу өткізді. Кездесу барысында радикалды діни топтардың діни білімі саяз азаматтарға әлеуметтік желілер арқылы Ислам дінін бұрмалап, салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптарды жоққа шығару арқылы өз қатарларына тартуға тырысатындығы баса айтылды. Сонымен қатар,ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі Исламның артықшылығы дәйекті дәлелдермен, көптеген мысалдар арқылы түсіндірілді. Бұдан бөлек, елімізде көптеген теріс пиғылды діни ағымдар мен ұйымдардың сот шешімімен жабылғандығы және оған қатысы бар деген күдікпен қаралған азаматтардың да заң алдында қатаң жауапкершілікке тартылатындығы да айтылды. Кездесу соңында әлеуметтік желідегі теріс діни ақпарат көздерінен сақ болу жөнінде қосымша қажетті мағлұматтар беріліп, қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Ал Сайрам ауданының Ақсукент, Манкент, Көлкент ауыл округтеріне қарасты жалпы білім беру мектептерінде «Жастар жадына – ғаламтор жау» тақырыбындағы кездесулерді аталмыш орталықтың теолог маманы М.Халықов жүргізіп, бұл маңызды міндеттің тек теолог мамандарға ғана артылмайтынын, ұрпақ тәрбиесіне қатысты шаруаға қоғам болып жұмылғандығымыз жөн болатындығын жеткізді.
Сондай-ақ Арыс қаласындағы N17 колледжде өткен осы аттас кездесуге теолог маманы А.Бектұрғанов, Арыс қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ә. Мұхит, колледж директоры Б.Ділдабеков қатысып, студенттер сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар 3 қазан күні Созақ ауданы Жартытөбе ауылдық округіне қарасты мектептердегі жоғарғы сынып оқушыларына «Жастар жадына–ғаламтор жау» атты тақырыпта түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жиынға жоғарғы сынып оқушылары мен мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Жиын барысында Түркістан облысы дін істері басқармасының Созақ аудандық дін бөлімінің теолог маманы Қ.Қосмаханов жастардың ғаламторға тәуелділігі туралы баяндама оқыды. Қазіргі уақыттағы жастардың ғаламтор арқылы басқа діни ағымдар жетегінде кету қаупі күшейіп отырғанын ескертіп, сондай ағымдарға жетелейтін парақшаларға қосылмауға шақырды. Еліміздегі деструктивті діни ағымдардың ықпалының алдын алу және ғаламтор мен әлеуметтік желілер арқылы таратылатын теріс діни ақпараттардың зияны жайлы кеңінен әңгімеледі.
Оған қоса 10 қазанда Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен діни тұрақтылықты қамтамасыз ету және экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында аудандағы Жыланбұзған, Алғабас, Әль-Фараби, Тағайна, Бірінші мамыр жалпы орта мектептерінің жоғарғы сынып оқушылары арасында кездесу өткізілді. Кездесуге облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» дінтанушы маманы А.Бектұрғанов қатысып, аудандағы жоғарғы, арнаулы орта оқу орындары мен жалпы білім беру мектептеріндегі жасөспірімдер мен жастар арасында деструктивті діни ағымдардың ықпалының алдын алу, «Жастар жадына – ғаламтор жау» атты тақырыптарда сөз қозғалды. Сонымен қатар дінтанушы маман келесі күні осы Төлеби ауданындағы Шомшақты, Қ.Мамытов, Жеңіс, Дулати, Төлеби мектептерінің жоғарғы сынып оқушыларымен де жүздесіп, ғаламторды ұстаз санап, дәстүрлі дінімізге жат әрекеттерге барудың соңы орны толмас өкінішке ұрындыратынын ескертті. Қалай дегенде де ғаламтордағы бұл дертке қарлығаштың қанатымен су сепкендей септігі тисе де, мұндай тағылымды шараларды тоқтатпау керек. Сонда ғана дінімізге берік, дәстүрімізге бекем болатынымыз сөзсіз.
Дайындаған: Е.ТӘЖИЕВ
«Қазақстан жолы» газеті, №39 (684) 20.10.2018 жыл.