«Гордий түйіні» туралы грек аңызын білесіз бе?
Ежелгі грек өркениетінен осы күнге дейін көптеген аңыз әңгімелер, әфсаналар жетті. Олимп тауының етегінде өмір сүрген адам тектес Құдайлар мен ел билеушілер, батырлар жайындағы әңгімелер көркемдік шындықтың үздік үлгілеріне айналып кеткелі қашан. Аңыз әңгімелер мыңжылдықтар мен ғасырлар қойнауынан өткенде біршама өзгеріске де ұшырап жатады немесе бір оқиғаның бірнеше нұсқасы пайда болады. Бала кезімде мектеп кітапханасынан таңдап жүріп алып, тамсанып оқыған кітаптарым көне грек мифологиясы жайында болды. Гректердің батырлары мен Құдайлары, жеке мемлекет болып өмір сүретін қалаларының өмір салты, жас ұрпақты тәрбиелеуі жайында оқуды жаным қалайтын. Сондай бір аңызға айналып кеткен «Гордий түйіні» жайлы оқиға жадымда жақсы сақталыпты.
Көне аңыз желісі бойынша, Фригия елі билеушісіз қалып, фригийліктер патша етіп кімді сайлаймыз деп бастарып қатырады. Оңды жауап таба алмаған халық Оракулға келіп ақыл сұрайды. Болашақты дәл болжайды деп сенген Оракул Зевс ғибадатханасына барар жолда арбаға мінген алғашқы кездескен адамды патша сайлау керек деп кеңес береді. Осы жолда алғаш кездескен жан қарапайым шаруа Гордий болады. Фригия елінің патшасы болған ол жаңа астана салып, оған өзінің есімін береді. Гордий өзі салдырған қамалдың алдына арбасын қойып, оның басын жіппен шиеленістіріп, өте күрделі етіп түйіндеп байлап тастайды. Сол заманның абыз әулиесі Оракул бұл түйінді шешкен адам әлемнің билеушісі болатынын айтады. Қала тұрғындары да, келген-кеткен жолаушылардың ешқайсысы да қанша тырысса да, бұл түйінді шеше алмайды. Б.з.д. 334 жылы Александар Македонский Фригияны жаулап алады. Қалаға басып кірген Александр патша Гордий түйіні туралы естіп-біліп оған жақындайды. Бір сәт қарап тұрады да, алмас қылышпен бір шауып түйінді үзіп шешіп жібереді. Біз тарихтан Александр Македонскийдің бүкіл әлемді билемесе де, жарты жерге әмір еткен билеуші болғанын білеміз.
Гордий түйінін шешу жайлы аңыз әңгіме тұрақты тіркестік сипат алып, қазіргі күнде тілдік қолданыста кездеседі. Мағынасы – шешуі қиын, күрмеуі күрделі қандай-да бір мәселені шапшаң әрі бірбеткей шешіммен тарқату.
Назым Ержанқызы