Иман мен ислам жемқорлықты қолдамайды

Жемқорлықпен айналысатын адам өзіне міндеттелген қызметті дұрыс орындамай, оны жеке басының арам табысы үшін пайдаланады. Қоғамның дамуын тежеп, оны арам дүние табуға жұмсайды.

Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімнің «Тәубә» сүресінің 67-аятында былай делінген: «Олар жамандыққа бұйырып, игіліктен тосады. Сондай-ақ олар сараңдық танытады. Олар Алланы ұмытты. Сондықтан Алла, оларды ұмытты». Ал, «Ниса» сүресінің 142-аятында: «Олар ішінде арамдық ойлап тұрып, сыртын жақсы көрсетуге тырысады», делінген.

Орта ғасырларда «сыбайлас жемқорлық» түсінігі ең алдымен қызығу, шайтанның азғыруы дегенді білдірген. Жаңа уақыттың басталуы, Еуропада орталықтандырылған мемлекеттердің пайда болуы сыбайлас жемқорлықтың жаңа түсінігінің дамуына септігін тигізді. Сыбайлас жемқорлық қоғамдық күрделі мәселе, қоғамның «ауру» белгісі ретінде қабылдана бастады.

БҰҰ-ның 2003 жылғы жемқорлыққа қарсы Конвенциясында келесі негізгі жағдайлар жазылған:  «Заңсыз жеке байлық жинау демократиялық институттарға, ұлттық экономикаға және заңдылыққа орны толмас зиянға ұшырататынына көзіміз жете отырып, жемқорлықтың алдын-алу және оны тамырымен жою – бұл барлық мемлекеттердің міндеті екенін ескере отырып, оларды осы сұрақты шешуде жұмсаған өздерінің еңбектерін біріктіруге, қоғамдық бөліктен басқа жеке тұлғаларды, мемлекеттік емес ұйымдарды да қатыстыра отырып шешуге шақырамыз.

Қоғамдық істер мен қоғамдық мүлікті басқару принципін, заң алдында барлығының тең, жауапты екенін,  әділеттіліктің болу керегін, тазалық пен сатылмайтындықты қамтамасыз ету қажет екенін ескере отырып, жемқорлықты қабылдамайтын мәдениет қалыптасуына көмектесуге үгіттейміз».

2008 жылдың 4 мамырында Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы БҰҰ-ның Конвенциясына қол қойды. Бұл халықаралық шартқа кіру қылмыстық қудалаудан шет елдерде қашып жүрген тұлғаларды беруде және заңсыз иеленген мүліктерді қайтаруда мүмкіндіктерді кеңейтті. ҚР Президентінің 2009 жылдың 22 сәуірінде қабылданған  «Қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту бойынша және ҚР-да құқық қорғау қызметінің әрі қарай дамуына қосымша шаралар туралы» Жарлығы сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күресті дәлелдеді және ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы күшейтті.

Біздің мемлекетіміз ТМД елдері арасында бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттің негізгі қағидаларын анықтайтын, сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқық бұзушылықтың түрін, сондай-ақ жауапкершіліктің басталу жағдайын белгілейтін «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңды шығарып, қабылдады.

Сонымен барлық заңдылықтарға байланысты жемқор кісілер негізінен өздеріне орасан зарар келтіреді. Олардың заңсыз іс-әрекеттерінен оларға тәуелді кісілер зиян шегеді және олар қызмет еткен мемлекетке орны толмас рухани және заттай шығын келеді. Заттай шығынды заң арқасында белгілі бір мөлшерге дейін қайтарып алуға болады. Ал, олардың зұлымдығынан қоғамға тиген рухани зиянкестігінің орнын толтыру кейде мүмкін болмай қалады. Ең сорақысы, жемқор кісілердің заңға қайшы іс-әрекеттері нәтижесінде адамдардың мемлекеттік басқаруға деген сенімі жойылып, көптеген келеңсіз жағдайлардың тууына себеп болады.

Сыбайлас жемқорлық, оның көлемі, ерекшелігі мен динамикасы – елдегі жалпы саяси, әлеуметтік және экономикалық мәселелердің салдары. Ел жаңару кезеңін бастан кешіріп отырған кезде экономикалық негіздерінің өзгергендігінің салдары.

Мемлекет рухани және қаржы тапшылығын көріп отырғанда сыбайлас жемқорлықтың күшеюі мемлекеттік билік институттарын одан әрі әлсіретеді, азаматтардың оларға сенімін азайтады. Халықта әлеуметтік енжарлық қалыптасады, қоғамда агрессивтік қылықтар пайда болады. Қазіргі дағдарыс – халық пен билік арасындағы қатынас дағдарысы.

Нарықтық экономиканың тиімділігі төмендеуде, демократиялық институттар күйреуде, нәтижесінде ел мен қоғамға көптеген зиян келуде. Халықтың басым көпшілігі кедейліктің тауқыметін тартып отыр, қоғамда наразылық күшеюде. Елдің тұтастығына, конституциялық негізіне қауіп төнуде. Қорыта келгенде, сыбайлас жемқорлық елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрған үлкен мәселеге айналды.

Соңғы кездердегі бақылауларға сүйене отырып, біз Қазақстанда белгілі бір заңдылықтың қалыптасқанына көзіміз жетті. Бұқаралық ақпарат құралдарына, жұртшылық арасында бір нақты шенеуніктің сыбайлас жемқорлығы жайында әңгіме тарап, оны құқық қорғау органдары тексере бастаса болды, қоғам пікірін өзіне аударарлықтай басқа бір оқиға шыға келеді.

Мемлекеттік органдардың басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде шаралар қолданбағаны үшін оларға сот әкімшілік тәртіппен айыппұл салуға құқылы. Қоғамымыздың індеті, сыбайлас жемқорлықпен күресу – тек жеке адамдардың немесе жекелеген топтардың ғана емес, мемлекеттік органдардың, үкіметтің, жалпы қоғамның басты міндеті мен борышы. Осыны адал орындау үшін әрбір лауазым иесі өзінің жан дүниесін ұдайы таза ұстауы қажет. Тек сонда ғана оларға қарапайым халықтың сенімі артып, қоғам түзелер еді.

М.ХАЛЫҚОВ,

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің дінтанушы маманы

«Қазақстан жолы» газеті, №39 (684) 20.10.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.