ІСКЕРЛІК ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ДАМИ БЕРЕДІ

Германияға сапары барысында Қазақстан Президенті мен Германия Канцлері БАҚ өкілдері үшін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.

Сондай-ақ кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізіп, оның барысында екіжақты байланыстарды жандандыруға және стратегиялық экономикалық серіктестік орнату перспективаларына баса мән берілді.

Сонымен қатар білім, ғылым және мәдениет салаларындағы өзара ықпалдастық мәселесі сөз болды.

Ел Президенті Германия Канцлеріне қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта Қазақстан өзінің сыртқы саясатындағы сабақтас­тықты сақтап, екіжақты әріптестікті жалғастыра беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде Еуропа одағы бойынша алғашқы ресми сапарын Германиядан бастағанын айтып, Қазақстан үшін осы елмен ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор екеніне тоқтала келе:

– Германия экономикалық әлеуеті жағынан әлемдегі төртінші мемлекет болғанымен, бізге тікелей инвестиция салып отырған елдердің ішінде 12-орында. Қазақстан әртүрлі саладағы 700-ден астам жобаны жекешелендіретін болады. Бұл неміс инвесторлары мен компанияларына жақсы мүмкіндік туғызады деп санаймын. Неғұрлым инвестиция көп тартылса, соғұрлым екі ел үшін де тиімді болмақ, -деді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Германия инвесторлары үшін арнайы жеңілдіктер ұсынып отырғанын, бұл екі тарапқа да өте тиімді болатынын айтты.

Баспасөз мәслиха­ты барысында журналис­тер Германияға экспортта­латын тауар көлемінің соңғы 8 айда 21,4%, яғни 2,258 миллиард еуроға төмендеп кеткенін, сарапшылар мұның себебін мұнай нарығындағы жағдаймен байланыстырып отырғанын сұрады.

– Расында, мұндай үрдіс бар. Бүгінгі сапарым­ның басты мақсаты – осы жағдайды мейлінше өзгерту. Сондықтан келіссөздер барысында Канцлер ханымға бірнеше нақты ұсыныстарымды жеткіздім, -деп жауап берді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысына дуальді білім беру саласына қатысты екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективасына байланысты да сұрақ қойылды.

– Дуальді білім беру жүйесінде неміс тәжірибесін қолданып келеміз. Алдағы уақытта білім беру саласында ынтымақтастықты жалғастыра береміз, -деді Мемлекет басшысы.

Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Ангела Меркель Қазақстанмен арада берік ынтымақтастықтың орнағанын атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді, сондай-ақ бүгінгі келіссөздердің нәтижелі өткенін айтты.

«Ақорда».

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.