КАДРДАН ҚАДІР КЕТКЕН ЗАМАНДА ШЫНАЙЫ ЕЛ ЖАНАШЫРЛАРЫН ТЫҢДАУДАН ДА ҚАЛҒАНБЫЗ БА?

Жуырда БАҚ өкілдерімен кездесу өткізген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, есімі елге танымал шипагер, төл перзентіміз Мұқан Егізбаев ауыл жастарының мамандық таңдаудағы  көзжұмбайлық тірліктеріне қатысты орнықты ой, орынды сөз айтып еді.

Облыстың бас дәрігері облысымызда арнаулы орта білімді медицина қызметкерін дайындайтын 17 медициналық колледж барын айтып, әр жылы 7,5 мыңға жуық жастың дипломды «кіші дәрігер» атанатынын көрсетті. Онсыз да медициналық колледжді бітірген ондаған мың жас «жұмыссызы» бар облысқа жылына 7,5 мың, ал екі жылда 15 мың дипломды жұмыссыз қосылып отырған соң, арғы жағына не айтуға болады?

Жылына жүздеген медбикелер ғана зейнеткерлікке шығуы мүмкін. Ал екі-үш жылдың ішінде басы құралған 22 мыңға дипломды жұмыссыздарды «Жол картасымен» қанша жыл асыраймыз? Оңтүстіктің 17 медколледжінде оқығандардың ешқайсысы көрші елдерге, Еуропаға барып жұмыс істей алмайды.

Сонда біздің Үкімет ел тұрғындарының тыныс – тіршілігімен айналысудың орнына, батыстық «демократияның» өміршеңдігі үшін қазақ жастарының тағдырын ойыншыққа айналдырып отыр ма? Облыстағы дені ақылы медколледжде оқып «жұмыссыздардың» санын көбейтіп отырған қазақ қыздарының ешқайсысы «дипломды» аспазшы, сатушы, тігінші, құрылыс безендірушілері т.б. кәсіби мамандық иесін дайындайтын түрлі колледждерге барып оқығысы келмейді. Ожау ұстап оттың қасында тұрғысы, көз майын тауысып ине шұқылағысы келмейді. Ұлттық болмысымызға тән жалқаулықтың бір кө­рінісі.

Ел-жұртымыздың тағдыры ғой, осыны реттеуді қолға алатын шығар деп үміттенетін Үкіметімізге «Оңтүстіктен тағы бір 20 шақты колледж ашып берші» десең, оны «былқ» етпей істеп беретіндігіне шүбә келтіре алмайсың. Мейлі, Үкіметтегілер өздерінің жеке мүддесінен арыға «басын ауыртпайды» дегеннің өзінде, біздер өз тағдырымызға өзіміз сергек болсақ болмай ма?

Облыстың бас дәрігері М.Егізбаев ел жұртына шынайы жанашырлығын жүрегінің түбінен шығарып шырылдады, егер оны түсіне қоятын адам болса.Әй, қайдам?

Жасыратыны жоқ, қазір колледж бітіргендерді былай қойғанда, Астанадан министрліктің тест тапсырып, кадр резервіне іліп, өңірдегі аудан мен қала тізгінін ұстауға келгендердің тірлігін көргенде жағаңды ұстайсың.

«Самарқанда бір апам бар, менен өткен» дегендей, Мақтааралдың Ғ.Исмайыловы, Шарда­раның Б.Қыстауовы, Сарыағаштың Қ.Әбдуәлиеві, Сайрамның Сапарбаевы әкімдікті «не мясо, не рыба» етіп жүргенінде, Арыс пен Бәйдібекке, қаланың Қаратау ауданы мен Түлкібасқа келгендер ел алдындағы жауапкершілігін сезіне білудің орнына, «Тукашалап» «Мен әкіммін, мен әкіммін ғой» деп айтудан жаңылмайтын «жарапазаншылар» келгенін көргенде, екі қолыңды төбеңе қойып, безіп кетерсің, әсте.

Қазір облыста кадр тапшылығы жүз пайызға жеткен. Бірінші себеп, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өз құзіретін шектен шығарып пайдаланатындығы. Басшы кадрды жергілікті басшылар өздері таңдауы керек, сонда ғана іскерлігімен танылған азаматтардың мемқызметке келуіне мүмкіндік туады. Ал бізде ол жоқ. Әкімдік қызметтің не екенін түсінуге өресі жетпейтіндерді Астана «резерв» деп тықпалап отырса не дерсің?

Екінші себеп, мемқызметке көптеп ие болу-белгілі топтардың, байшыкештердің, аталас-ағайындардың билік­тегі беделін көтеретін болғандықтан, сы­бай­ластық та дендеп барады.  Ондай жерде ерен қа­білетті, іскер азаматтар қызметке қайдан келе қойсын?

Осыдан кейін облыс басшысы Ж.Түймебаевты кадр сұрыптауда неқұрайдылық көрсетуде деп қалай айта аласың?

Біреуін-білек, қалғанын тірек етіп, ел-жұртты ұйыстыратын «ардагер-сымақтарымыздың» жүрісі анау. Аға буын ел-жұртына шынайы жанашыр­лық көрсетуден  бұрын,  саясат-ойынның «шабуыл­шысына» айналып, шетінен БАҚ-тың Пеле, Марадоннасы болып кететін түрі бар. Газеттерді қараңызшы.

Бәрінен бұрын отбасының жағдайын ойла­найықшы, ағайын!

Әділ Мұратбеков.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.