Қала күні қалай өтті?
Жыл сайын қоңыр күзде «Шымкент қаласының туылған күні» мерекесін атап өту дәстүрге айналып отыр. Биылғы жылы да бұл дәстүр бұзылмай, ереше аталып өтті. Сенбілік жасап, қаланы мерекеге дайындаған қала тұрғындары, апта бойы қала күні мерекесін тойлады. Барлығы дәстүрге сай, ауылшаруашылық жәрмеңкелері, қайырымдылық акциялар, мәдени, спорттық іс-шаралар, байқаулар, тіпті қаланың ең жас тұрғыны мен қарт тұрғыны да елеусіз қалмады.
Соңғы күні қаладағы барлық саябақтарда мерекелік көңіл күй болды. Дәл бір Наурыз мерекесі тойланып жатқандай әсерде қаласың. Қаладағы барлық саябақтарда мерекелік бағдарламалар, көпшілік серуендер орын алса, «Наурыз» алаңында нағыз «наурыз» болып жатты. Нан болса ән де болады демекші, 1136 келі бауырсақ пісіріліп, «КИнЭС» редордтар кітабында (рекордтар кітабының қазақстандық нұсқасы) жаңа рекорд орнатылды.
Кешке эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Концертке келген кісі қарасы қалың, ауа-райы салқындық танытса да, мерекені атап өтуге кедергі бола алмады. Эстрада жұлдыздарының әуелете шырқаған әні, жарқыраған отшашуы әзілкештердің әзілі, Шымқаланың тойын бір сөзбен айтқанда «зың» етіп өткізді.
Фото: Береке Сейітжаппар