Қазақ халқына ең алдымен мәдени-рухани тәуелсіздік керек

Ақселеу Сейдімбек

Күн сайын, сағат сайын, минут сайын қазақ ұл­тының рухын, Қазақстанның мем­лекеттігін аз­дырып-тоздыруға бағытталған БАҚ-тың улы тасқыны халықтың төл бол­мысына мейлінше жа­ғымсыз ықпал етуде. Біздің бұл келтірген мысалдарымыз жүздің, бәл­кім мыңның бірі ғана. Қазір Қазақстанның әуе толқынында 70-тен астам телеарна, 50-ден астам радиостанса жұмыс істейді. Соның бірде-біреуі таза қазақ тілінде емес. Көшеде, жұмыста, үйде, ас үйде, жүргіншілер көлігінде, сауда орындарында, де­малыс орындарында, қысқа­сы, Қазақстан аспанының ас­тында тек қана шетелдік музы­ка, қазақ тілін, қазақ музыкасын есту мүмкін емес. Ау, бауырлар-ау, осындай да елдік, осындай да тәуелсіздік бола ма екен?! Қазақ халқын тұқыртып, қорлап, мәңгүрттендіріп қол жеткізген тәуелсіздік кімге ке­рек?! Қазақ халқының халықтығын жою арқы­лы қол жеткізген ты­ныштық кімге керек?! Халық – тыныш жерге қа­мап қойып бор­дақылайтын мал емес қой! Қазақ халқына ең алдымен мәдени-рухани тәуелсіздік керек!

* * *

Қазақ жерінің сатылуы немесе жекеменшікке берілуі деген идея Қазақстанның мүддесін, оның ішінде қазақ халқының мүддесін ойлаудан туған деп айта алмаймын. Мұндай заң шығар болса, қазақ жері ұстанағанның қолында, тістегеннің аузында кететіні аян. Сондықтан, ауыл шаруашылығын дамытудың, жер­­ге ұлттық дәулет ретінде қарау­­дың және сол жерге бауыр басу­дың құқықтық тетіктерін ой­лас­ты­ру керек.
Тәуелсіздік алған жылы 1-сыныпта оқыған баланың он бір жыл бойы қараған жалғыз ғана сауық-сайран терезесі – теледидар болса, ол терезеден тек қана бөтен тіл мен ділде тасқындаған кісәпір хабарларды тамашаласа, ол балада қандай білім, қандай патриотизм, қандай рухани төлтумалық болмақ?… Енді он жылда осы ұрпақтың бүгінгі тізгін ұстағандарды ал­мастыратынын ойлағанда, шыр­қыраған жанымды қайда қоя­рымды білмеймін.

* * *

Ұзақ уақыт отаршылдықта болып, азаттыққа қол жеткіз­геннен кейінгі елдер беттесетін қиындықтардың өте ұқсас бо­латыны назар аудартады: әлеу­­меттік ауыртпалық, тұрала­ған экономика, корруп­ция, жұ­мыс­сыздық, маскүнемдік, есірт­кінің дендеуі, жезөкшелік, жұқпалы аурулардың етек алуы, сырт­қы ықпалдың күшеюі, т.б. Мұның бәрі – өтпелі кезеңде эт­­­нос­тың өмір-салты мен этнокі­ріктіруші институттарының күй­­реуі барысында көрініс та­ба­тын зардаптар. Рас, отар­шылдық арт­та қалды, өз тағ­­­­дырымыз­дың тізгіні өз қолы­мызда. Алайда этнос болмысына отар­шылдық кезеңде сіңген құлдық менталитет әлі де бізбен бірге ілесіп келеді. Мұндай дерттен ада ұрпақ әзірше әлеу­меттік-саяси тізгінге ие боларлық межеге жете қойған жоқ.

* * *

Әрине, ұлт тағдыры сынға түскенде қорғап қалған шыбын жан кімге және не үшін керек?! Мен үшін ұлтымсыз өмірімнің мән-мағынасы жоқ. Рас, менің бұл сөзім әсіре патетика сияқты естілуі мүмкін. Бірақ имандай шыным сол. Егер маған Құдай тікелей ұялы телефон шалып: «Сенің халқыңның жадынан «Елім-ай» әнін өшірейін бе, әлде сенің жаныңды алайын ба?» десе, онда мен еш ойланбастан былай деген болар едім: «Оу, Құдеке, сен сөзіңде тұр, менің жанымды дәл қазір ал, бірақ халқымның жадында мәң­гілік «Елім-ай» әні қалатын болсын…».
Бұл да әсіре сөз болып естілуі мүмкін, бірақ жан-жүрегімнің шындығы осы. Мен ұлтымды осылай жақсы көрем.

* * *

Осы уақытқа дейін Қазақ­стандағы телеарналар және оның халыққа тигізіп отырған мейлінше жағымсыз әсер-ық­палы туралы барлық деңгейде, барлық мүмкіндікте сөз болып бақты. Өкініштісі, еш нәтиже болмай келеді. Телеарналардағы мақсатты түрде және зиян­кес­­тікпен көрсетілетін жағымсыз, сауатсыз өнімдер қазақстан­дықтардың, әсіресе мем­­ле­кет­тігімізге тірек ұлт болып отыр­ған қазақтардың ұлттық төл қаси­ет­те­рін ығыстырып, тарихи жадын өшіріп, жас ұрпақтың жан дүниесін аздырып-тоздырудың бірден-бір ықпалды тетігіне ай­налуда. Қазақ ұлты көз ал­дымызда ұлттық төл қадір-қасиетінен айырылып, дәстүрлі мәдениетінен көз жазып, рухани дүбәра болып барады. Бұл сөздер – халықтың жа­найқайы.

* * *

Тағы да «Тусовка» айдарымен түнгі клубтардан тікелей репортаж. Бұл жолы «Ерлер стриптизі» деген жарнаманы ең ұлы рухани жетістік ретінде насихаттады. Сондағысы екі негр жігіті, бұтында екі елі ғана лыпа, оның өзі еркектік белгісіне пана болып оңдырып жүрген жоқ. Сол екі негр изеңдеп, итеңдеп, төсек қимылының небір сорақы үлгісін көрсетеді. Ал оның төңірегіндегі қазақ қыздары негрге бөксесін төсеп, жанаса сүйкеніп, ол да итеңдесіп мәз.
Не болды?! Не болдық?!
Тағдырға не жазып едік, көз алдымызда, өз жерімізде, өз елімізде осынша қор болатындай, осынша қорланатындай! Құдай мұндай тәуелсіздікті бергеннен де, бермей алғаны артық еді ғой! Мұндай сұмдыққа халық түк те істей алмайтыны аян. Төріндегі теледидарын сындыра алмайды. Телеарнаға теракт жасай ал-майды. Елге қорған болар Үкімет осындайда керек емес пе? Үкімет-ау, құтқарсайшы мына қорлық тозағынан!

* * *

Демократия деген сөз ауыз­ға алынбаған социалистік тота­литаризм кезінде Қазақстандағы қазақ тіліндегі телехабарлардың өнімі 70 пайыз болатын. Қазір болса, жалпы телеөнімнің қазақ тіліндегі үлес салмағы – 7-ақ пайыз. Демократия деген ұран енемізді ұрып, бесіктен белі жаңа шыққан балаларымызды тумай жатып ассимиляцияға түсіріп жатыр. Бұл – ұлт бо­лашағына төнген қауіп. Неге мен өз үйімде, өз отанымда, өз төрімде отырып, немерелерімді жат тілдің шабуыл-ықпалынан қорғауым керек? Неге балашағамды орыс-орманның неше түрлі секс клиптерінен, неше түрлі «ужас фильмдерінен» қор­ғауым керек? Оны менің мем­ле­кетім қор­ғауы керек қой. Бірақ менің мемлеке­тім, әсіресе, менің үкіетім осы шаруаның мән-маңызын әлі де болса терең сезіне алмай отырған сияқты.

* * *

Ал енді билік тізгіні қолына тиген маргиналдар бар емес пе, бұлар ұлт үшін, мемлекет үшін мейлінше қауіпті. Өйткені, ұлт тағдырына, мемлекет тағ­дырына қатысты істерде кәсіби біліктіліктен бұрын, адам бо­йында ұлтжандылық сезім мін­детті түрде болу керек. Ал ұлтжандылықты ақшаға са­тып ала алмайсың немесе адам бойына қызмет орнымен бірге дарымайды. Адам ұлт­жанды болып этникалық төл­тума ортада қалыптасады, сол ортадан бойына сіңірген ұлттық қасиеттерді табанды ізденістермен шыңдайды. Сөй­тіп, ұлттық асыл қасиеттер жолында өзін ойланбай құрбан етуге бар болмысымен даяр болады. Ал маргиналдар болса, олар ұлттық асыл қасиеттерден бейхабарлар. Олар ұлттың қандай асыл қасиеттері үшін өздерін құрбан етуге болатынын білмейді. Мұндай адамдарды билік басына шығару – баланың қолына жалаң қылыш ұстатқанмен бірдей.

* * *

БАҚ-тың ең бір киелі қызметі бар. Ол – ақпараттық, ағартушылық қызмет. Төртінші билік, анау-мынау дегеннің бә­рі астына қойылған көп­шік. Біздің Қазақстандағы мың­да­ған бұқаралық ақпарат құралдарынан жаңағы аталған критерий табыла қоймайды. Оның орнына өсек бар, өтірік бар, қулық бар, сұмдық бар. Соған әй-шәй дейтін ешкім жоқ. Орыстілді басылымдарды қарап қалсаң, қазақтың қыздары тәнін сатуға жарнама беріп жатады. Кім қой дейді осыған?
Ақпараттың тасқыны, оның экспансиялық әсері ұлт­тық қасиетімізді мүлде құнсыздан­дырып кетпей тұрғанда, тізгінді қолға алуымыз керек.
Әлемде адам құқы деген қас­терлі ұғым бар. Кез келген адам – әке-шешесінің ғана ем­ес, ұлтының да перзенті. Егер адам құқы шын мәнінде қор­ғалатын болса, алдымен ұлт­­тың құқы қорғалуы керек. Тә­уел­сіздік алған тұста ұлттық қа­­сиеттерімізді жойып алмаудың бар амалын қарастырғанымыз жөн.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.