Қазақстан экономикасы: кеше және бүгін
Биыл тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Қазақстанда әрбір сала отыз жыл ішінде түрлі жетістіктерге жетті. Соның ішінде мемлекетіміз «қазақстандық экономикалық ғажайыптың үлгісін» ұсынды. Ең үлкен жетістік – 2012 жылы еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылды.
Қазақстанда шамамен 1,3 миллион бизнес құрылымы жұмыс істейді, олар бүкіл ұлттық байлықтың үштен бірін өндіреді. Бүгінде бұл күштен республикада тиімді экономикалық модель құрылды.
Тәуелсіздік алған жылдары елімізде байланыс, өндіріс, көлік, электр энергиясын берудің бірыңғай жүйесі болған жоқ. Совет үкіметі тұсында автомагистральдар мен теміржолдар кең байтақ еліміздің бұрыштарын тікелей байланыстырмай, барлығы солтүстікке параллель жүретін етіп салынған болатын. «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында бүгінде елімізде бірыңғай көлік жүйесі құрылып, әлемдік көліктік трассаның жаңа артериясына қан жүгірді. Яғни, мыңдаған шақырым автомобиль жолы салынды.
Сондай-ақ, 1990 жылдардың басында Қазақстан іс жүзінде ешқандай өнім экспорттаған жоқ. Ал қазір Қазақстан әлемнің 119 еліне 2500 тауар түрін жеткізуші болып табылады, ол шамамен 50 миллиард доллар алып келеді. Осы жылдар ішінде мыңнан астам жаңа салалар қалыптасты, 500-ден аса жаңа өнім түрлері шығарылып жатыр. Шетелдік инвестициялардан келетін қаржы ағыны қазіргі уақытта 265 миллиард доллардан асады.
Сонымен қатар, мемлекетіміз өзінің прагматикалық бағытын қалыптастырды. Онда басты басымдық елдің ұлттық мүдделерін қорғау және жүзеге асыруға бағытталды. Экономикалық саладағы мүдделерді жүзеге асыру ұзақ және күрделі көп деңгейлі процесс болып табылады. Ұлттық мүдделер мәселесінде Үкіметіміздің ұстанымы іс-қимыл бағдарламасын жасау кезінде ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарды анықтау болды.
Ішкі және сыртқы саяси курстың басымдықтарын анықтай отырып, Қазақстан халықаралық экономикалық қауымдастықтар — КО, БЭК құру, ЕАЭО-ның болашағы үшін белсенді қадамдар жасауға алғаш болып қызығушылық танытты.
Қазақстанның экономикалық дамуының басым бағыттары әртүрлі деңгейдегі бағдарламалық құжаттарда тұжырымдалған.
Аталған құжаттарда көрсетілгендей Қазақстанның негізгі экономикалық мүдделері келесідей. Ең алдымен, Қазақстан ұлттық және экономикалық қауіпсіздік қағидаты негізінде елдің ұлттық ерекшеліктері мен әлеуетті мүмкіндіктерін ескере отырып, әлемдік экономикалық жүйеге толыққанды интеграциялануға мүдделі. Еліміздің әлемдік қауымдастықтарға интеграциялануға мүдделі болуының себептері де жетерлік. Соңғы жылдары Қазақстан экономикасы оң өсу қарқынын көрсетіп келеді.
Тағы бір айта кетерлік мәселе, ол еліміз посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттермен инфрақұрылымдық және экономикалық байланыстарды сақтау қажет болды. Сол себепті, Елбасы Н.Назарбаев 1994 жылы еуразиялық интеграция идеясын алғаш рет алға тартты. Еуразия кеңістігі елдеріне бұл бастаманы бағалау үшін он жылдан астам уақыт қажет болды. Қазақстанның дәйекті саясатының нәтижесі Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы болды. Бұл тауарлар, қызметтер мен капитал еркін қозғалатын ортақ нарықты құруға мүмкіндік берді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету, ЕҚЫҰ-ның Астана саммитін өткізу, Түркі кеңесі, ШЫҰ, ИЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ қызметіне белсенді қатысуы, бітімгершілік бастамалары және Сирия бойынша Астана процесі тәуелсіз еліміздің сыртқы саяси доктринасының дәлелі, деп хабарлайды qazaqjoly.kz.