ҚАЗАҚСТАН–КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ КЕЛIСIМ ОРТАЛЫҒЫ
Еліміздің мемлекеттік саясаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге негізделген қағидаттарды басшылыққа алады. Сонымен бірге, елдегі қалыптасқан мемлекеттік-конфессиялық қатынастар барлық конфессиялар мен діни топтардың тең құқықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің арасындағы сындарлы үнқатысу көпірін құру қадамы осы мақсаттың жүйелі жүзеге асырылуын айқын көрсетіп отыр.
Бүгінгі таңда мемлекеттің дін саласындағы саясаты дінаралық келісімді сақтауды, діндердің үнқатысуына серпін беру және қоғамдағы өзара діни төзімділікті насихаттауды көздейді. Қазақстанның осы жолда қол жеткізген жетістіктерін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалық міндетіне кірісуі кезінде «біздің ұлтаралық және дінаралық келісімнің моделі – бүкіл әлемдегі түрлі конфессиялар арасындағы қарым-қатынас ісіне Қазақстанның қосқан қомақты үлесі» деп бағалаған.
Конфессияаралық келісім–Қазақстан халқы үшін өзара түсіністікті қажет ететін қастерлі құндылық. Әр түрлі конфессия өкілдерімен достық қарым-қатынас орнатып, оларға қамқорлық таныту саясаттан бөлек адамгершілік құндылық болып табылады. Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер арасында сенімді байланыстар орнықтыратын өркениетаралық үнқатысу алаңына айналуы–Елбасының жаһандық үнқатысуға бағытталған мемлекеттік саясатты тиімді жүргізудің нәтижесі. Оның жемісін Елордамызда үш жыл сайын өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысы арқылы көрсетудеміз.
Елбасының бастамасымен жүзеге асырылған аса өзекті де, ауқымды бұл жобаға БҰҰ және ЮНЕСКО секілді басқа да көптеген халықаралық ұйымдардың жетекшілері, белгілі саяси қайраткерлер, әлемдік сарапшылар жоғары баға беруде.
Толеранттылық пен діни тағаттылық – конфессияаралық келісімді орнату қағидаттарының басты тетігі. Еліміз үшін төзімділік қағидаттары саяси мәдениеттің бағыттары ғана емес, мәдениетті қолдап-қуаттайтын мемлекеттің негізгі ұстанымдары болмақ.
Мемлекеттің дінге қатысты ұстанымын ең алдымен оның заңдарынан көруге болады. Елімізде діни ахуалды реттейтін Қазақстан Республикасының 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының преамбуласында ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың халық мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлі танылатындығы атап көрсетілген. Бұл – ислам дінінің қазақ мемлекеттілігінің және халықтың рухани-мәдени құндылықтарының қалыптасуына негіз болғандығын, сондай-ақ соңғы үш ғасырлық тарихы қазақ елімен ортақ, әрі көптеген этностардың дәстүрлі діні саналатын православиелік христиандықтың Қазақстан халқының өміріндегі рухани-мәдени маңызын айғақтайды. Сонымен қатар, бұл заң Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады.
Қазақстанның дін саласындағы саясаты – конфессияаралық келісімнің, діни ахуалдың тұрақтылығының кепілі. Ел аумағындағы барлық діндердің теңдігін қамтамасыз ету үшін әділеттілік қағидаты мен дінаралық татулық санасын қалыптастыру мәселесі мемлекет үшін де, қоғам үшін де өте маңызды. Сондықтан мемлекеттің дін саласындағы саясаты елдегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тек дәстүрлі діндердің ғана емес, барлық діндердің арасында өзара келісімге негізделген қарым-қатынастардың сақталуын басты мақсат деп біледі.
Ж.Аханов, ҚР ДІАҚМ Дін істері комитеті талдау орталығының бөлім басшысы
«Қазақстан жолы» газеті, №38 (683) 13.10.2018 жыл.