Кереғар ағымның кері әсері көп
Өңір жастарын деструктивті діни идеялардан қорғау, жат ағымдардың қауіптілігі мен олардың үгіт-насихаты жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізу – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Сондықтан да өңірімізде өтіп жатқан жоспарлы жүздесулерде дінтанушы мамандарымыз ғаламторға арбалған жастарымыздың жат ағымдардың жетегінде кетуінің себептерін талдап, түсіндіруге тырысып келеді. Ол нәтижесіз де емес. Өйткені қашанда жат ағыммен қоғам болып бірлесе күресу жеміссіз болмайды. Сонда ғана жат ағымдар жастар жанын жаулай алмайды. Облыс көлемінде қолға алынып жатқан ілкімді істердің де маңыздылығы осында.
Айталық жуырда «Дінтану негіздері» пәні мұғалімдерінің біліктілігі көтерілді. Осы мақсатта облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ облыстық ақпараттық-түсіндірме топтары (АТТ) мүшелерінің біліктілігін көтеруге арналған семинар-тренинг өткізді. Бұл семинар-тренингке облыстық білім басқармасына қарасты жалпы орта мектептерде бірыңғай мектеп формасына байланысты проблемалық мектептердің директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні мұғалімдері қатысты.
Семинар-тренингті облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің директоры А.Ноғаев ашып, облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Б.Жалмұрзаев құттықтау сөз сөйледі.
Одан әрі ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің Төраға орынбасары Б.Мырзаев, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ директорының орынбасары М.Бесбаев, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Д.Оспанов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің докторанты, саясаттанушы Е.Байқонысов өздерінің мәнді де мазмұнды баяндамаларын оқыды.
Семинар соңында түрлі пікіралмасулар мен сұрақ-жауаптар қызу талқыланып, қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Бүгінде облысымызда діни тұрақтылықты сақтау бағытында да көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Жүнісованың айтуынша, облысымыздағы мешіттер саны 719-ға жетіп отыр. Енді демеушілерге мешітпен қатар, мәдениет және спорт нысандары мен өзге де әлеуметтік нысандар салу жөнінде түсіндірме жұмыстары күшеймек. Сонымен қатар, бейнебақылау орнатылмаған 211 мешітке бейнебақылау орнату бағытында нақты іс-шаралар қолға алынады.
– Облыс көлемінде деструктивті діни ағымдардың таралуының алдын алу мақсатында мәдениет саласының мүмкіндіктері қолданылып, мәдениет ошақтарында жастарға арнайы көркем және деректі фильмдер мен қойылымдардың көрсетілуін ұйымдастыру қажет, — дейді Р.Жүнісова.
Облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков айтқандай, дін және идеология салаларына артылар міндет ауыр. Сондықтан мәселенің салдарымен күресу емес, оның алдын алған тиімді болатыны даусыз.
Расында да жастарды теріс ағымдардан қорғауда маңызды әсер ететін фактор – олардың діни сауаттылығын арттыру. Сонда ғана бұл шаралар өз нәтижесін беретін болады.
Олай болса бұл жұмыстарды одан әрі жандандырып, кездесулерге қоғамға еңбегі сіңген аға буын өкілдерін тартып, жастарға олардың ғибратты өмірін үлгі-өнеге етіп отырсақ, ұтылмаймыз. Себебі шынайы діни ақпарат жастарды жат ағымдардың жетегінде кетіп, адасудан сақтаумен қатар, оларға өзіндік көзқарасын қалыптастыруына да айтарлықтай ықпал етеді.
Е.ТӘЖИЕВ.
«Қазақстан жолы» газеті, №39 (684) 20.10.2018 жыл.