Кереғар ағымның кесiрi көп

Діни экстремизм –  дінді саясаттандыруды мақсат тұтып, сол арқылы қоғамға кері әсері мен зиянын тигізетін қауіпті құбылыс.Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың да: «Экстремизм Қазақстанда кең ауқымда пайда бола қоймағанымен, конфессионалдық тұрақсыздықтың бізде де бой көтеруінің белгілі бір қаупі бар», — деп ашық пікір білдіруі, алаңдаушылық танытуы біздіңше жайдан-жай емес. Өйткені бүл індеттен бүгінгі таңда әлемде шет қалған ел жоқтың қасы. Сол себепті де біздің елімізде де діни экстремизмді ауыздықтайтын, терроризмге тосқауыл болатын  кешенді және жүйелі  шаралар қолға алынып, ол мемлекеттің қатаң бақылауына алынған. Мемлекеттік бағдарлама аясында бірқанша  жылдан бері жүргізіліп келе жатқан осынау шаралар Шымкент қаласында  өз жалғасын тауып келеді.

Қаламыздағы түрлі рухани және  мәдени орындарда ұйымдастырылған түрлі шараларға  өңіріміздің дінтанушылары мен  саясаттанушылары, теология саласының білікті мамандары, ЖОО оқытушылыры т.б. жұмылдырылып, жастарға жат ағымдар,  экстремизмнің өзіндік белгілері, кереғар ағымдардың психологиялық әдіс-тәсілдері, ғаламтордағы жат пиғылды күмәнді сайттар мен олардың өскелең ұрпақ тәрбиесіне тигізер  залалы т.б. түйткілді мәселелер талқыға салынып, оған тұтас қоғам болып қарсы тұру мен алдын алудың жолдары қарастырылып келеді.

Мәселен жуырда Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы әкімшілігінің ұйымдастыруымен көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернаты жастарымен «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» бағыты бойынша жалпы кездесу  өтіп, маңызды жиынға біздің орталықтың  дінтанушы мамандары А.Бектұрғанов пен Қ.Таутаев қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты  да жастарға діни тұрақтылықты қамтамасыз ету барысында дұрыс ақпарат беру және түсіндірме жұмыстарын жүргізу, теріс пиғылды ағымдардың алдын алу болатын. Баяндама барысында экстремизм мен терроризмнің шығу тарихы мен әлемдегі қаупі теолог мамандар тарапынан  нақты мысалдармен түсіндірілді .Өз сөзінде А. Бектұрғанов кейінгі толқынды жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу үшін олардың санасында ең алдымен туған жер, Отан, ұлттық рухани құндылықтар мен дәстүрлі  дін, өркениет, толеранттылық және болашақ жайлы дұрыс түсінік қалыптастырудың маңызды екеніне ерекше тоқталды.

Ал Қ. Таутаев  асыл дініміздің қоғамды тұрақтылыққа, ізгілікке, толеранттылыққа, ұстамдылыққа үндейтінін айта келе  елімізде бүгінге дейін «Аль-Каида», «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс», «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс», «Асбат аль-Ансар»,«Талибан» қозғалысы, «Боз гурд»,  «Хизб-ут — Тахрир», «Түркістан ислам партиясы», «Джунд-аль-Халифат» секілді т.б. күмән­ді ұйымдардың қызметіне заң аясында тыйым салынып,  мемлекетіміздің жаһанды шарпыған  экстремизм мен терроризм қаупінің алдын алып, ұлттық қауіпсіздігімізді нығайту шараларын қолға алып отырғанын атап көрсетті.

Кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласты. Сондай-ақ ОҚО проку­ратурасының бастамасымен «Халықтың әл-ауқатын жақсарту және қауіпсіз орта қалыптастыру» атты жергілікті десанттық жобасы Шымкент қаласының Абай ауданында өз жұмысын алты бағыт бойынша, нақтырақ айтқанда, «Ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу», «Әлеуметтік проблемаларды шешу»,»Бизнес ортасын дамыту», «Діни экстремизмнің алдын алу»,»Дағдарыстық жағдайға дайындық», «Халықтың террористік қауіпке дайындығы» бағытындағы топтармен жүргізбекші.

Сонымен бірге  Абай ауданы, Ынтымақ елді мекені №54 жалпы орта мектебінің  жоғарғы сынып оқушыларымен болған кездесуге  біздің мекеме директорының орынбасары  М.Бесбаев пен «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Д.Оспанов қатысты. Кездесу барысында қонақтар оқушыларға зайырлылық таным, қоғамдағы діни ахуал жəне кереғар діни ағымдардың зардабынан сақтану жайлы мәліметтер беріп,  интернет желісіндегі діни сипаттағы ақпараттарды  дұрыс қолдану қажеттілігіне тоқталды. Кездесудің жастардың көңілінен шығып, олардың дін турасындағы білімдерін біршама көтеруге сеп болғанына сеніміміз мол.

Дәстүрлі дінімізді, ұлттық құндылық­тары­мызды жас буынға кеңінен насихаттау арқылы ғана біз жат ағымдар әрекетінің алдын  ала аламыз.Сондықтан оқушыларды рухани тұрғыда өсіретін, санасына қозғау салатын  шаралар қаламызда мүмкіндігінше жиі өткізілуі тиіс.

И.Айтаев,

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің дінтанушы маманы

 «Қазақстан жолы» газеті, №16 (691), 28.04.2018 ж.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.