Кереғар ағымның жетегiнде кету – адасу

Бүгінде дәстүрлі емес жат ағымдардың саны аз емес. Ал ғаламтордан шықпайтын кейбір жастарымыз діни білімді де күмәнді сайттардан алып, ақыр соңында адасқанын кеш біліп жатады. Сондықтан да өскелең ұрпақтың діни сауаттылығын көтерсек, жат ағымнның да жолы жабылады, насихаты кемиді. Оның үстіне біздің дініміз де сан ғасырлардан бері дәстүрімізбен біте қайнасып кеткен. Яғни, шын дін мен шатақ дінді ажырата білудің мәні зор. Облыс аумағындағы түрлі кездесулерде де бұл жайында көп айтылып жатқанына сеніміміз мол.

Жуырда дін мәселелері жөніндегі Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы­ның мүшелері Шұбар ауылдық округіне қарасты №18 колледж студенттері және Темірлан ауылындағы «Кәусар» гимназиясының оқушыларымен кездесу өткізді. Кездесуге «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің доценті, теология ғылым­дары­ның докторы Ш.Әділбаева, «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығы» КММ бөлім басшысы, психолог маман Л.Узакбаева, әйел жамағаттарымен жұмыс жасайтын теолог маман Н.Жетпісбай, «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» директоры А.Ноғаев қатысты. Кездесу барысында ғаламторда, әлеуметтік желілердегі арбау тәсілдері және оның алдын алу жолдары,зайырлылық құндылықтары негізінде дұрыс діни таным қалыптастыру тақырыбында сөз қозғалып, көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарына да жауаптар берілді.

Ал Сайрам ауданы әкімдігі аудан әкімінің орынбасары М.Оразалиев және ішкі саясат бөлімі, білім бөлімінің басшыларының қатысуымен Ақсукент, Қарасу, Ақбұлақ, Жібек жолы ауыл округтерінде мектеп директорларымен ауыл ақсақалдарымен және тұрғындармен кездесу ұйымдастырды. Сондай-ақ Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылында мың адамға лайықталған жаңа мешіт ашылып, «Есен ана» атты бұл мешіттің ашылу салтанатына ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз арнайы қатысып, лентасын қиды.

Бас мүфти салтанатты ашылуда әр пендеге жақсы ой мен ізгілікті амалдарды еске салатын бұл жаңа мешіттің имандылық темір­қазығына айналатынына сенім білдірді. Расында мешітті өз қаржысына салдырған кәсіпкер Ө.Үсеновке халық дән риза. Мешітке білікті имамды шақырту арқылы Отырар ауданында діни экстремизмді болдырмау, оның алдын-алу шаралары да белсенді түрде жүргізілетін болады. Өйткені мешітте берілген сапалы білім – кереғар діни ағымдармен күресте басты қару.

Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Туған жерді түлету – перзенттік парыз!» аяциясы аясында ауданда бой көтерген «Есен ана» мешітінің ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор. Еңселі мешітте дәстүрлі дініміз насихатталып, діни ағымдардың жетегіне кетіп, адасу деген болмайтындығына шүбәсіз сенеміз.

Шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Ө.Бектөреев пен зейнеткер Ә.Құлымбетов те жаңадан ашылған имандылық ордасы ауыл тұрғындары ғана емес, өсіп келе жатқан жастардың бойына да имандылық нұрын құйып, ел-жұртты бірлікке, татулыққа ұйытсын деген ізгі тілектерін білдірді.

 

Е.Тәжиев

 

«Қазақстан жолы» газеті, №41 (686) 09.11.2018 жыл.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.