Кереғар діни ағымдардың кесапаты көп -1

Ел тәуелсіздігінің ақ таңы атқаннан бергі мерзім ішінде-ақ елімізде исламның немесе басқа діндердің атын жамылған дәстүрлі емес діни ағымдар тамырын жіберіп, қатарын көбейтіп үлгерді. Аллаға шүкір дейміз, барлығына болмаса да, кейбір теріс пиғылды діни ағымдар мен ұйымдардың қызметіне сот шешімімен тыйым салынып, таралуына шектеу қойылды. Әрине бұған Хизбут тахрир, әл-Ихуан әл-Муслимун, т.б. мен Астана қаласы, Сарыарқа ауданы сотының шешімімен тыйым салынған «Таблиғ жамағаты» халық­аралық миссионерлік ұйымын айтуға болады.

Қазіргі таңда елімізді, әсіресе Батыс өңірін алаңдатып отырған уахабилік-сәләфилік ағым, тәуелсіз еліміздің мешіттерінен берекені қашырып жатқан да, аталмыш діни ағымның идеологиясына уланған да өзіміздің қандастарымыз.Осы мақаламда соңы агрессиялық немесе лаңкестік әрекеттерге апарып соғатын бұл діни ағымның идеологиялық астарын аша отырып, оның қасиетті Құран Кәрім аяттарына, дәстүрлі исламның негіздеріне қайшы келетін тұстарына, негізгі принциптеріне тоқталып кетуді жөн көріп отырмын.

Біріншіден, «сәләфизм» сөзінің түп-төркіні араб тіліндегі «сәләф», яғни «бұрынғы өткен», «бұрынғылар» деген сөзден келіп шыққан. Ислам тарихындағы алғашқы үш буын – Мұхаммед пайғамбардың, сахабалардың және олардың шәкірттері–табиғиндердің кезеңдеріне «сәләф» деп айтылады. Сонымен қатар бұл үш буынның ұстанған жолы нағыз ақиқат, әрі дұрыс болып саналады. Қазіргі таңдағы сәлә­филер өздерін «біз алғашқы үш буынның жолын ұстанушылармыз, сондықтан біз сәләфилерміз» деп жариялауда. Бұл топ өзін қаншалықты алғашқылардың жолын ұстанушы – «сәләфилер» деп атағанымен, уахабилік қозғалысының жалғасы екенін жасыра алмайды. Себебі, шын мәнінде, аталмыш топтың ілімі мен көзқарастары ХІІ-ХІІІ ғасырларда Дамаск қала­сында өмір сүрген Ибн Таймия, оның шәкірті Ибн әль-Қайим, ХVIII ғасырда Сауд Арабиясының солтүстік өлкесінен шыққан Мухаммад ибн Абдульуаххабтың, біздің ғасырдағы Ибн Баз, Ибн әл-Усеймин, Әлбани, Фаузан секілді кісілердің дінге қатысты пікірлеріне негізделеді. Демек, еліміздің әрбір азаматы үшін бұл топтың ұстанымы мен ілімі шынайы Исламның туын көтерген алғашқы үш буынның исламды түсінуі мен ұстануына ешқандай қатысы жоқ екендігі тайға таңба басқандай анық болып тұр.

Екіншіден, уахабилік ағым иедологиясының адас­қан тұстарының бірі–олардың ғалымдары шари­ғаттағы «Алла разылығы үшін жек көріп, оның разылығы үшін жақсы көру» яғни «әль-уәлә уал баро» мәселесін бұрмалап түсіндіреді.

Негізінде дәстүрлі ислам ғұламалары бейбіт әрі достық қарым-қатынаста болған басқа дін өкілдеріне құрметпен қарау шариғаттың әмірі деп айтады. Шын мәнінде бұл ұстанымның негізі Құран Кәрімнің «Мумтахина» сүресіндегі «Алла Тағала­діндерің үшін сендерге қарсы соғыспаған, отандарыңнан шығармағандарға жақсылық жасауға және әділдік етуге тыйым салмайды…» деген аятқа сүйенеді. Ал уахабилік ағымның шейхтері өзге дін өкілдерін жаппай жек көруге, дұшпан деп санау­ға шақырады.

Бұл ағымның бетке тұтар шейхтерінің бірі Мухаммад ибн Солих әл-Усеймин «Ізгілердің бақшасы» кітабына берген түсіндірме еңбегінде былай дейді: «Мұсылманның міндеті: кәпірлер оған қанша достық ниетін білдірсе де, сүйіспеншілік танытса да, оларды жек көру болу болып табылады. Себебі олардың сені жақын тұтулары өздеріне пайда, саған зиян келтіру үшін ғана болады. Әрбір кәпір–Аллаға дұшпан. Демек, әрбір кәпір–бізге дұшпан. Әрбір кәпір бізге жамандық пен дұшпандық қана ойлайды. Сол үшін сен барлық кәпір атаулыны оның ұлтына, алыс-жақындығына қарамай, бүкіл жан-тәніңмен жек көруге міндеттісің. Әрбір кәпірдің саған дұшпан екендігін біл».

Аталмыш шейхтің пікірі бойынша, себебіне қарамай әрбір намаз оқымаған адам діннен шыққан, кәпір болып саналады. Демек, мұндай ұстанымдағы адам жобалай айтқанда, еліміздегі 1000 адамның бірін ғана өзіне дос тұтады деген сөз.

Қазіргі кезде бұл сөздерді Мәдина қаласындағы «Ислам университетін» бітіріп келген өз еліміздің азаматтары ел арасында арнайы уағыздарында қасиетті пікір ретінде таратып жүр. Мұны олардың халық арасында және ғаламтор желісінде таратылып жүрген аудио-видео уағыздары мен дәрістерінен көруге болады. Ең қызығы, әрі сорақысы бұл сөздердің иелері – елімізде кейбір сарапшылар байсалды, яғни «умеренный сәләфизм» деп қарастырып жүрген бағытты уағыздаушы азаматтар. Егер де сол сарапшылар осындай радикалды мазмұндағы пікірлерді байсалды деп санайтын болса, олардың пікірінше радикалды немесе төзімсіз иедология қандай болады екен деген сұрақ бізді мазалайды.

Үшіншіден, бұл ағымның идеологиясы бойынша, «Алланы бір деп тану – таухид мәсе­лесін рубубия, улухия, асма уассифат» деп үшке бөледі, Алла Тағала шектеулі, оның екі қолы және екі көзі бар, отырады, жүгіреді, Құранда ауыспалы мағынада сөздер жоқ деп есеп­тейді, шариғат мәтіндері – Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін, атап айтқанда Алла Тағаланың заты мен сипаттарына қатыстысын тікелей мағынада ғана қабылдайды т.б. Олар аталмыш мәселелерді Пайғамбар (с.а.с.) мен оның сахабаларына қаншалық телігенмен, шариғатта  негізі жоқ екендігі әрбір зерттеуші маманға айқын жағдай.

Жалғасы бар.

 

Ерсін ӘМІРЕ, теолог.

«Қазақстан жолы» газеті, №27 (672) 21.07.2018 жыл.

Көрнекі фото интернет желісінен алынды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.