Кереғар терiс ағымдардан сақтанайық!

Адам баласы еш уақытта дінсіз немесе сенімсіз өмір сүре алмақ емес. Алайда, бұның бәрі оның ерік-қалауында, яки өзіндік рухани ішкі қажеттілгі екендігінде дау жоқ. Әйтсе де кез келген пенде біткен діни сенімін, рухани талайын нағыз Иесіне, Ұлы Жаратушысына арнауы қажет. Сонда ғана ол адам бақытты тіршілік кешіп, көкейін тескен қайсыбір сауалға да нақтылы жауаптар тауып, рухани қанағаттанады.

Кеңес үкіметі ыдырап, еркіндік алғалы бері қазақ халқы өз дініне бет бұра бастады. Ол атеистік тосқауылдан құтылып, енді ғана ғасырлар бойы аққан өз арнасымен қайта аға бастады. Бірақ, қазақ елі түгелдей сол дәстүрлі Исламға шынымен бет алды ма? Әлбетте, жоқ. Осы кезеңде қазақ елі өз бірлігін жоғалта бастағандай. Өйткені, елді біріктіретін – санадағы идея бірлігі, яғни, жүректегі сенім бірлігі. Ал, қазіргі таңда қазақ елінің барлығы бір сенім мен идеяда ма? Мәселе осында. Атеистік сенім тарқағаннан кейін оның орнын әр түрлі діндер мен секталар басты. Шет елдерден әр түрлі дін өкілдері келіп, халықты өз діндеріне баули бастады. Осының нәтижесінде елде әр түрлі ағымдар пайда болды. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық көрінеді» дегендей-ақ, қандай дін өкілі келіп діннен хабарсыз қазаққа өз сенімін айтса, әлгі қазақ оған мүлтіксіз сенеді. Оның рухани аштығы көп ойлануға бой бермейді. Ақиқатты білмеген соң жалған, яғни, жалған аралас ақиқатты «толық ақиқат» деп ұғады. Сол себепті жүз мыңдаған қазақтар христиан, кришна, буддизм және т.б. діндерге өтіп кетті. Мұндай фактілердің біздің Түркістан облысы аумағында да орын алғанын жоққа шығара алмаймыз.

Ислам насихаты бойынша негізінде әрбір мұсылман қоғамдағы қайшылықтардың басты себебін өзінен іздеуі қажет. Мысалы, үйдегі балаңыз бір күні кришнаит немесе, не болмаса «Хизбут-тахрир мүшесі болып шықса оған кім кінәлі?

Өзге дінге өткен қазақтардың мұсылман болмауында бірнеше себептер бар. Ол, әуелі оны ақиқат деп ұғып, өз дінін өзге діндермен салыстырып қарамауы. Екіншіден, өз рухына сол діннен жылылық сезінуі. Үшіншіден, сырттай қараған оларға мұсылмандардың барлығы ағымдарға бөлініп, бір-бірін алалап жатқан көрінеді. Соңғысы, жалпы Ислам дінінің қазіргі заманда экстремизм, терроризм діні саналып, оған қара күйе жағылып, қаралануы. Оған дәлел ретінде әдейі қолдан жасалған Бен Ладен тәрізді террористердің жасаған экстремистік әрекеттерін Құран аяттарымен байланыстыруы. Яғни, Исламдағы «имандылық таныту» мағынасындағы жиһад ұғымын «террор» ұғымына айналдырып көрсетуі және оған қосымша Исламның ақиқатын  һәм оның Алла Тағаладан жер бетіне бейбітшілік орнату үшін түсірілген дін екендігін таныта алмаған нағыз Құран рухына сай мұсылман қоғамының болмауы. Қайта, Ирак, Ауғанстан тәрізді елдерде суннит пен шииттердің бір-бірімен қырық пышақ болулары, яғни, кейбір араб елдерінің «Мәһди жақында келіп, бізді құтқарады» деп қол қусырып қарап отырулары, жалпы, үш ғасыр бойы мұсылмандардың «Пайғамбарымыздың: «Бір заман келеді. Ол заманда мұсылмандар басқа сайда, Құран басқа сайда жүреді» дегеніндей, Құраннан алшақ ғұмыр кешулерін айтуға болады. Бірақ, Исламның: «Сондықтан, Исрайл ұрпақтарына: «Кімде-кім кісі өлтірмеген, яғни, жер бетінде содырлық жасамаған біреуді өлтірсе, ол барлық адамды өлтіргенмен және кімде-кім бір адамның өмірін құтқарса (тірілтсе), барлық адамзаттың өмірін құтқарғанмен бірдей деп жаздық» деген ұстанымды дін екендігін кейбір Елбасы тәрізді кісілердің: «Ислам – бұл адамзат тарихы мен мәдениетінің бейбітсүйгіштік, теңдік, әділдік пен төзімділік принциптерін ұстанатын ажырағысыз бөлігі» деп жеткізуге тырысқанымен, аталмыш себептерге байланысты ондай мұсылмандардың үні әзірге бәсең болып тұр. Дегенмен, облысымыздың Шардара, Қазығұрт, Келес пен Сайрам сияқты бірқатар аудандарында кереғар теріс ағым­дар­дың жұртшылықты өз қатарына тартуға ықпалды жұмыс істегені де анық-ақ. Сондықтан, қазіргі таңда қазақ елінде мынадай екі қауіп тууы мүмкін:

  1. Ел ішінде қазақтың ата-бабасының құндылықтарының қайнары – мұсылмандық дінге жат әр түрлі өзге діндердің белең алуы және атам қазақтың ұстанған мұсылмандығының сунниттік көзқарасына жат бұрыс ағымдардың қауырт өсуі нәтижесінде халықтың өзара қайшылыққа түсуін кейбір сырт мемлекеттердің өз саясатына айналдыруы. «Бөліп ал да, билей бер» принципі.
  2. Аталмыш себептерге байланысты қазақтың бүгінге дейінгі жүзге бөліну проблемасы былай қалып, өзара тіпті бір отбасының өзі жеке-жеке ағым мен дін өкілдеріне бөлініп, ел ішінде енді ғана орнаған бірліктің ыдырауы. Сондықтан үкімет басындағылар бұл мәселені дереу қолға алғаны абзал. Қазақстан мемлекеті – зайырлы мемлекет. Десек те, үкімет мұны дін проблемасы ретінде болмаса да, елдің өзіндік проблемасы деп қарауына болады. Және бұған атүстілік жасамай, тым болмаса «экономикалық мәселе» деңгейін­­де көңіл бөлу қажет.

Сөз соңында  айтарымыз, атеистік қапастан құтылып, дін, сенім іздеген бір елде әр түрлі дәстүрлі немесе дәстүрлі емес діндер мен ағымдардың және секталардың көбеюі – табиғи нәрсе. Әрі Ислам дініндегі әр түрлі бұрыс ағымдардың да болуы – табиғи нәрсе. Бұл адамның қателесуінен, яғни, өзге дін өкілдерінің дінге іріткі салу мақсатымен тумақ. Бұл – Ислам дінінің дұрыстығына нұқсан келтірмейді. Жалпы, ғасыр­лар бойы Пайғамбарымыз бен саха­балардан мирас болып келе жатқан мұсыл­мандарда көзқарас бар. Бұл – сунниттік көзқарас. Бұған жер бетін­дегі мұсылмандардың тоқсан пайызы жатады. Қалған он пайызы ғана бұрыс ағымдарға жатады. Бұлар арам шөптей әр ғасырда бой көрсетеді де, бірі – ұзақ, енді бірі – қысқа ғұмыр кешеді. Қияметке дейін де солай бола бермек. Бірақ та солай екен деп қол қусырып, қам-харекетсіз отыра беру – кереғар ағымдар мен секталарды «ұзын арқан, кең тұсауға салумен» барабар болмақ. Сондықтан да біз жастарды теріс ағымдардың арбауы мен тура жолдан тайдырар секталардың ықпалы­нан сақтандыруымыз қажет. Облыс аумағында облыстық дін істер басқармасы мен қоғамдық ұйымдардың бірлесіп, ортақ мақсатта оң нәтижелі жұмыстар істеп жатқанын да айта кетуге болады.

Б.Арынғазиева, ОҚМПУ ф.ғ.к., доцент

«Қазақстан жолы» газеті, №39 (684) 20.10.2018 жыл.

 

Көрнекі фото интернент желісінен алынды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.