Кереғарға ілеспе, жарға жығады

Дәстүрлі дінімізді насихаттау жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру–маңызды міндет. Өйткені біздің  зайырлы мемлекетіміз толеранттық саясатын ұстана отырып, ұлтаралық татулықты нығайтуға күш салып келеді. Сондықтан да  экстремизм мен терроризм қаупі біздің де назарымыздан тыс қалмайды. Осы бір теріс идеологияның таралуына жол бермеу уақыт талабы екені де белгілі.

Тәуелсіздікті сақтап қалудың үлкен жауапкершілікті талап ететінін де Елбасымыз әр уақытта айтып келеді. Сол себепті кереғар ағымдар мәселесі де Мемлекет басшысының қатаң қадағалауында деуге толық негіз бар. Елбасының: «Дүниеде неше түрлі діни ағымдар бар. Сирияда қақтығыстар болып жатыр. Олар әр жерден жастарды шақырды. Ақша төлеп, соғысқа бейімдеді. «Елдеріңе қайтып, лаңкестік жасаңдар» деп үйретіп жатыр. Бізден де барып жатқан адамдарды білемін. Біздің жастар үшін ол жақта ешқандай болашақ жоқ»,-деуі де жайдан-жай емес. Өйткені қоғамға түрлі жат ағымдардың дендеп енуі діни сауатты болуымызды талап етеді.

Ислам дінінде терроризм мен экстремизмге мүлдем жол жоқ екендігі, жастар теріс ағым­дар­дан аулақ болу үшін олардың діни сауаттылығын көтеру бағытында жұмыстар қарқынды жүру керектігі бүгінде өңіріміздің аудан, қалаларында өтіп жатқан семинар-кеңестерде де барынша талқылануда.

Күні кеше Кентау қаласындағы. Жастар орталығы ғимаратында «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы А.Бектұрғановтың қатысуымен өңіріміздегі  дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған семинар-кеңес өткізілді.Семинарға Кентау қаласының ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері, мектеп және колледж оқытушылары қатысып өзекті мәселелер талқыланды. Әлеуметтік желідегі экстремистік бағыттағы сайттардың қауіптілігі және олардың өздеріне тартатын құйтырқы жолдары туралы да ашық айтылды.Теріс ағымның жолына тосқауыл қою–азаматтық міндетіміз.Осы қаладағы гуманитарлық-техникалық колледжде ақпараттық-түсіндіру топ мүшесі, мекеме  директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Қайырбеков, дінтанушы А.Бектұрғанов қатысқан кеңес те көпшіліктің көңілінен шықты. Семинар соңында мамандар арнайы сертификатқа ие болды.

Ал Қазығұрт аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен жуырда Шанақ ауылдық кітапханасында «Дін–имандылық, адамгершілік ошағы» атты имандылық сабағы болып өтті.Аталған шарада оқырмандарға дін туралы жалпы түсінік беріліп, жат ағымдар іс-әрекетінің қауіптілігі ескертілсе, Ордабасы ауданы Шұбарсу ауыл округінің «Атамекен» жалпы орта мектебінде өткен мектеп оқушыларымен кездесуге «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің  бөлім басшысы Д.Оспанов қатысты. Ол деструктивті діни ағымдардан сақтану мен алдын алу, ғаламторды пайдалану мәселелерін жан-жақты түсіндіріп өтті. Оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға да толық жауап берілді.

 

А.ҮСІПОВ.

«Қазақстан жолы» газеті, №36 (681), 29.09.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.