Конфессияаралық келiсiмнiң берерi мол

Елбасымыз Н.Назарбаев тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін Қазақстан халқын бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесіп жұмыс атқаруға, елімізде ұлтаралық қатынастарды дамытып, бірлік пен ынтымақтастықта өмір сүруге шақырды.Тіршілік ынтымағы жарасқан елде ғана баянды болады. Бізге керегі ынтымақ. Ұлтына, нәсіліне, діни сеніміне қарамастан Қазақстанның барлық азаматтарының тең құқығын қамтамасыз ету, ұлтаралық, дінаралық негізде адам құқығын шектеудің кез келген көріністердің жолын кесу, елді әлеуметтік-экономикалық және саяси дамытудың басымдықтарын белгілеу кезінде түрлі этностардың мүдделерін барынша ескеру мемлекеттік ұлттық саясаттың негізгі қағидалары болып жүзеге асырылады.

Қазақстан діни сенім бостандығына кепілдік беретін демократиялық мемлекеттердің алдыңғы сапында келеді. Ата Заңымызда мемлекеттің зайырлы сипаты, азаматтардың ар-ождан, бостандық құқығына кепілдік, қандай да бір дінге қатысты артықшылығы болмауы, барлық конфессияларға бірдей төзімді көзқарастың болуы айқын көрсетілген. Сондай-ақ, өз азаматтарының дүниетанымына, адамгершілік көзқарастарына, саяси сенімдеріне мемлекеттің қол сұқпау ережелері шын мәнінде жүйелі жолға қойылған.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде орын алған күрделі саяси-экономикалық жаңарулар мен өзгерулер ағымында мемлекет билігінің қайнар көзі болып табылатын халқымыздың рухани өмірі мен діни көзқарастары да бір жағынан толығып, ал енді бір жағынан әралуан бағыттар бойынша дамып, бүгінгі көптеген этникалық топтар мен түрлі діндерді ұстанатын зайырлы Қазақстан қоғамы қалыптасқанын әлем жұртшылығы біліп отыр.

Елімізде тәуелсіздік алғаннан кейін бір ай уақыт ішінде «Дін ұстану еркіндігі және діни бірлестіктер туралы» Заңның қабылданғаны конфессияаралық және этносаралық мәселенің маңызды екендігімен түсіндіріледі.

Еліміз бүгінде конфессияаралық қарым-қатынас кеңістігінің қазіргі заманғы түрлерінің белсенді тарату­шысы. Әлемдік діндер орталығы ретінде танылған Қазақстаннан үлгі алатын тұстар жеткілікті. Қазақстан мемлекетінің ұстанған діни саясатының ерекше үлгісін тек ТМД мемлекеттері гана емес, әлемнің алпауыт елдері де мойындап отыр .

Ұлтаралық, конфессияаралық тұрақтылықтың мекеніне айналған Қазақстанның осы саладағы тәжірибесің ғаламдық сарапшылар зерттеп, өздеріне жүзеге асырудың жолдарын қарастыруы көп жағдайдан хабардар етеді.

Қазақстанда мемлекет пен діни ұйымдардың өзара қарым-қатынасының өзіндік үлгісі қалыптасып келеді. Ол серіктестік, өзара құрмет, бір-бірінің ішкі істеріне қол сұқпаушылық қағидаттарын негізге алады. Көптеген шетелдердің тәжірибесі мен әлемдік діни жағдайларға талдау жасау, мұндай үлгінің неғұрлым тиімді және оңтайлы екендігін көрсетіп отыр. Конфессияаралық келісім біздің Түркістан облысында да оң нәтижелі игі істерімен де танылып үлгерді.

Жаһандық экономиканың күйреп түсуі әлемдегі этносаралық және дінаралық қатынастар проблемасын ушықтырып жіберді… Дәл осындай кезеңде ұлттың топтасуы мен бірлігі сақтаған елдер дағдарысқа қарсы табыстырақ әрекет етуде, тұрақты дамып, жаңа биіктерге қол жеткізуде.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік сүйгіш саясаты, парасатты басшылығы арқасында елімізде тіл мен дінді, түрлі мәдениетті  ұлттар мен ұлыстар өзара ауызбіршілік пен ынтымақта тату-тәтті өмір сүріп келуіне мол мүмкіндер берді. Соның қатарында біздің Түркістан облысы да бар екендігі баршаға аян.

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің тұрақты өткізіліп келе жатқандығы, Қазақстан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, сонымен қатар Исламдық конференция ұйымына басшылық етуі жас тәуелсіз мемлекет үшін зор абырой, әрі жауапты міндет екенін мақтан еткеніміз жөн.

Бүгінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерінде айтылған, ұсынылған құнды идеялар бел­сенді түрде іске асырылып жатқаны қалың көпке  белгілі.

Конфессияаралық келісім мен төзімділікті қалыптастыруға ел басшылығының халықаралық  бастамалары, ішкі саясаттағы іс-шаралары бағытталған. Пирамида түрінде салынған Бейбітшілік және келісім сарайы кешенінің әлем діндерінің сындарлы үн қатысуының  өзіндік  символына  айналғанын  білгеніміз  жөн.

Қазақстан әлемге Бейбітшілік және келісім сарайы кешенінде бейнеленген өзара түсіністік, бірігу және рухани келісімнің баға жетпес тәжірбиесін көрсетті. Біздің этносаралық және дінаралық келісім жөніндегі өнегелі үлгіміз–саналуан конфессиялардың өзара әрекеттестігінің бүкіл әлемдік үдерісіне Қазақстанның қосқан нақты үлесі болса, оның өзі Мемлекет басшысының зор беделінің, салиқалы саясатының, сондай-ақ, халқымыздың бірлік пен бауырмалдығы және татулығының, басқа өркениетке төзімділігінің  нәтижесі деуге болады.

Елбасымыздың Құрбан айт пен Рождество діни мерекелерін демалыс күні деп жариялауы дін мен мемлекеттің тығыз қарым-қатынасының нәтижесі. Барлық діни іс-шаралар діни бірлестіктерге тиесілі ғибадат ету ғимараттарында өзге дін өкілдерімен бейбіт әрі келісім жағдайында, сондай-ақ билік пен басқару органдарының қатысуымен өтіп жатыр. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, олар өзара ынтымақтастық негізінде жұмыс жасап келеді. Өз кезегінде Қазақстан өзінің дінаралық келісім іс-тәжірибесін алға тарта отырып, арағайындық жасап, түйінде мәселені шешуге ықпал етуде.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біздің мақсатымыз ЕҚЫҰ бойынша әріпестерімізге ұлтаралық және конфессияаралық келісім саласында жинақталған  тәжірибемізді беру»,-деп оның зор маңызы бар екенін ашып айтып көрсетті.

Әрбір азаматтың діни, саяси, мәдени сауаттылығын арттыруға күш салу кажеттілігі бүгінгі уақыт талабына айналып отыр. Осы бағыттағы жаппай бұқаралық сипаттағы іс-шараларды өткізуді қолға алудың уақыты жеткені анық. Өйткені діни сауатты азамат қана басқа пиғылдағы уағыздарға құлақ түрмейді. Ал, мектеп қабырғасында «Дінтану» пәнінің еңгізілуінің орны ерекше.

Осы бір сөзбен мәселелерді өміршең етуде Түркістан облысы аумағында пәрменді жұмыс жүргізу жүйесінің жүйелі жолға қойылғанын айрықша айтуға болады. Отанымызда қол жеткізілген этносаралық және конфессияаралық келісім мен өзара іс-қимыл бойынша жинақталған бай тәжірбие көпұлтты және көпконфессиялы елде жанжалдарға жол бермей, тыныштық пен бейбітшілікті сақтап, нығайтуда. Қазақстандықтар бірін-бірі түсінуі үшін олардың не ұлттық, не әлеуметтік, не діни ерекшеліктері кедергі болмауға тиіс және бұлай болған да емес.

Мемлекет басшысының бастамасымен 1995 жылдың наурызында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемдегі теңдесі жоқ ынтымақ ұясы. Бұл – мемлекеттің ұстанған ішкі саясатын жете ұғынуға шақыратын, этнос­аралық диалог жасайтын құрылым. Халықтың дипломатиялық, мемлекет пен азаматтың, қоғамның өзара іс-әрекетінің нақты құралы.

Бұл жөнінде: «Барлық этносты бауырына басып, құшағына алған бұл құрылымның әрбір жиынында Отанымыздың келешегіне қатысты аса маңызды ой-пікірлер, ұсыныстар ортаға салынады»,-деді Елбасы Н.Назарбаев.

Бүгіде Ассамблея арнаулы Заңмен айқындалған жаңа құқықтық мәртебенің аясында жұмыс істейді. Ол ұйымдық тұрғыда әлдеқайда күшейтілгенін нақты істерімен көрсетіп жүр.

Ассамблеяның қоғамдағы беделінің артуы, оның еліміздегі саяси тұрақтылықты нығайтудағы рөлі мен қоғамдық қатынастарды жүйелі дамытудағы әсері айқын көрініс беруде. Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың еліміздегі конфессияаралық қатынастарды, діни наным түсінігіне қарамастан, барша азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуде маңызы ерекше екенін айтуға болады.

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде қоғамдық қатынастар республикада діни қатынастарға қатысты жүргізілген салиқалы, сындарлы мемлекеттік саясаттың арқасында нығайтылып отырылды. Бұл саясаттың негізгі ымырашыл заңнамалар, дінге төзімділік таныту мен пікір алуандығы, өйткені діни әлемсіз мәдени үнқатысудың болуы мүмкін емес екендігі айқын.

Қазақстан Республикасы Ата Заңында көрсетілгендей, зайырлы мемлекет болғандықтан, тәуелсіздіктен кейінгі жылдары мемлекет органдарының діни ұйымдардың жұмыстарына бақылау функциясынан тыс тікелей араласпағаны белгілі, дегенмен мемлекет ұйымдары мен құрылымдарының ішінде дін саласымен жұмыс істейтін мекемелер және органдардың болуы заңды. 2007 жылы Астанада Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жанынан «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» құрылса, оның өзі аса мазмұндылықпен жұмыс істеуде.

Осы орайда ҚР Үкіметі қарамағында діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі Кеңес құрылған. Кеңестің облыстар мен Астана және Алматы қалаларындағы бөлімшелері тікелей діни бірлестіктер және жамағаттармен, сонымен қатар Әділет министрлігінің тіркеу қызметі, Ішкі істер министрлігіне қарасты мекемелер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мәдениет министрлігі сияқты құзырлы мекемелермен етене байланыс жасап жұмыс істейді.

Мәдениеттер мен діндер арасындағы үнқатысу мен өзара түсіністік қана ұлттар мен ұлыстар арасындағы қақтығысты болдырмаудың негізгі құралы болып табыла­ды.

Барлық елдердің діндері мейірімділікке, бейбітшілікке және сүйіспеншілікке талпынады. Ешбір дін соғыс пен талас-тартысты уағыздамайды.

Діндер бір-бірін дұрыс түсінуі үшін дінге сенушілер арасында байланыс дұрыс жолға қойылуы тиісті болса, оның біздің Түркістан облысында баяндылық тапқанын мақтанышпен айта аламыз.

Дінді лаңкестік құралына айналдыру қайшылықтар мен қауіпсіздіктің бұзылуына алып келеді. Бұл мәселеде әрбір өскелең жас ұрпақ өз Отанының белсенді патриоты ретінде елдегі тыныштық пен тұрақтылықты, бейбіт өмірді сақтап қалу үшін барлық күш-жігерін аямайтынына сеніміміз мол.

С. Рысбаева,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың доценті, с.ғ.к

 

 «Қазақстан жолы» газеті, №42 (687) , 17. 11.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.