Көп тілеуі — көл

Ғибратнама

Мұса пайғамбардың заманында бір патша перзентке зар болып, Аллаға үнемі жалбарынады екен. Бірақ, оған Алла перзент сүюді жазбапты. Сол патша Мұса пай­ғамбарға келіп: «Алладан перзент сұрап беріңізші», – деп өтініпті.

Мұса ә.с. Төр тауы­на келіп, Алладан әлгі патшаға ұл перзент беруін тілеп сұраныпты. Сонда Алла-Тағаладан мынадай жауап келіпті: «Маған сыйынып, ізгі іс қылып жүргені рас болса, оның тапқан сауаптары көп екен, өтінішіңе қарай оған бір ұл перзент берейін, бірақ, оның өмірі үш күн-ақ болады».

Мұса ә.с. бұл жауапты патшаға айтады. Ол қуанып, елін жиып, той қылады, қазы­наны ашып, қаріп-қасерге, мүсәпір-міскінге көп қайыр-садақа береді. Көп ұзамай, әйелі­нің де аяғы ауырлап, тоғыз ай, он күнде айдай болып ұл бала дүниеге келеді. Патша сонда да қайыр-садақа беруін тоқтатпайды.

Арада жеті жыл өткенде, Мұса ә.с. әлгі патшаның үйіне келсе, кішкене бала оның алдына тағам қойып, қызмет етіп, зыр жүгіріп жүр. Бұл – патшаның баяғы баласы еді. Мұса ә.с. бұл жағдайдың мәнісін білейін деп Төр тауына келіп, Аллаға мінәжат етіп, сұрайды: «Ол баланың өмірі үш күндік деп едіңіз, қазір ол бала жеті жасқа келіпті. Я, раббым, егер сіз өтірік айтсаңыз, пенделеріңіз не істемейді, бұл қалай?» – дейді.

Сонда Алладан мынадай жауап әуез келді дейді: «Ей, Мұса, менің жауабымды есіт. Ол пендем менің уәдемді естігеннен той жасап, қайыр-садақаны үзбей үлестіре берді, одан мейірім көрген адамдардың бәрі патша ұлына ұзақ ғұмыр тіледі, міне, сол көпшіліктің тілеуімен оның өмірі ұзарды».

Бұл ғибратты сөздің мазмұны «көп тілеуі – көл» дегенге саяды.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.