Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл…

Киіт, киіт беру

Қазақ халқының үйлену дәстүрінде құдалықтың көптеген сый-сияпат, тарту-таралғы, кәде, жосын жоралғылары, “алыс-берістері” болып жатады. Олар қазақи салт-дәстүр, әдет-ғұрып аясында жүргізіліп, үйлестіріліп жатады. Осындай сый құрметтің бірі “киіт” болмақ.

Киітті “құдаласудың белгісі”, “алғы шарттарының бірі” деп көреді халық. Содан да қазақта “Құдалық белгісі – киіт, қоныс белгісі – бейіт” дейтін тәмсіл бар. Киіттің басқадай жоралғы, сый-сияпаттан айырмашылығы – оның киім, пұл түрінде “басымырақ” берілетіндігі. Алайда, кейбір “құдалық белгісінде” берілетін заттар да “киіт” аталып жататыны жасырын емес.

Тарихи деректерге жүгінсек, қадым замандардан бері қарай “киітке” асыл киімдер тарту етіліп келгеніне куә боламыз. Бұған Шыңғыс қағанның жас кезінде шешесінің киітке келген “бұлғын ішігін” Тұғыр ұл қағанға тарту еткені жайлы дерек дәлел болмақ. Қазақ байлары киітке “құндыз ішік, қасқыр ішік, қабылан ішік, түлкі ішік”, тағысын тағыдай асыл терілерден тігілген ішіктерді киітке, құдаларына бергендері жайлы да мәліметтер кездеседі. Сол сияқты киітке асыл заттар, кілем, кілемше, асыл пұлдар да беріледі.

Киіт сөзі “киетін сый” деген сөзге саятын сияқты. Содан да киімге киіт сай келмек. Киітті екі жақ, яғни құдалар жағы бір-біріне беріседі. Киіттің “кездеме” түрі де болады. Киітті берудің өз жосын жоралғысы бар. Көбінде құдалар “құйрық-бауыр” жесіскен соң киіт беру басталады. Киітті берерде туыс туғандар жиналып, құдаға табыс ететін ғұрып бар. Ең жоғарғы киіт қыз, жігіттің әке-шешелеріне, одан кейінгілері бас құдаларға, қалғандары келесі дәрежелі құдаларға үлестіріледі. Қазақта “Киітсіз құда болмайды” десіп жатады. Киітпен ешкім байып кетпесе де, “көңілдік”, “сыйластық”, “құдаластық” белгісі, “базынашылығы” болмақ. Киіт беру ғұрпы – сан ғасыр жалғасқан қазақи салт.

(Жалғасы бар).

«qazaq-el»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.