Қызылшадан сақтана білейік!

ҚЫЗЫЛША – кең таралған жіті инфекциялық ауру, көбінесе балалар ауырады, дене қызуының 38-40°C-қа дейін көтерілуі, мұрын, көз, тамақ қабыну, теріде бөртпе пайда болу белгілерімен сипатталады. Қызылша – бүгінгі күні ең жұқпалы аурулардың бірі. Қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары.

Қызылшаның белгілері: Аурудың өрбу кезінде анықтау қиындық туғызбайды. Теріде үш күнде біртіндеп шыққан бөртпелер диагнозды толық дәлелдейді .Инкубациялық кезең – жұқтырғаннан бастап алғашқы белгілері байқалғанша, 7- 14 күнге дейін. Есте сақтау керек: ауру бөртпе пайда болып басталмайды, суық тию белгілері сияқты басталады. Дене қызуы 38-40 градусқа көтерілу, әлсіздік, тәбет тартпау, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу, соңынан конъюктивит – көзі қызарып, қабыну пайда болады. Алғашқы белгілері байқалып, шамамен 2-4 күннен кейін ауыз қуысында ақыл тістеріне қарсы ұсақ ақшылдау бөртпелер шығады. Ұсақ қызғылт дақтар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, формасы өзгереді. Бөртпе пайда болып, дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Бөртпе 4-7 күн тұрады. Олар жоғалған соң, орнында қоңырлау дақтар қалады, екі аптадан соң тері тазарады.

Аурудың себептері: Берілу жолы – ауа-тамшы арқылы. Инфекция көзі – төртінші күн бөртіп ауырып жүрген адам. Бесінші күннен бөртіп жүрген адамнан жұқпайды. Ауырып, жазылған адамда өмір бойға иммунитет сақталады. Анасы қызылшамен ауырып қойған балада туғаннан 3 айға дейін шалдығу болмайды. Қызылшамен ауырмаған және егілмеген адамда өмір бойы ауруға шалдығу қаупі кез-келген жаста болады.

Емдеу жолдары: Науқастар үйде емделеді, ешкімге жұқпау үшін, жұғу кезеңінде төсекте жатады. Көзіне күн жарығы түспейтіндей жағдай керек, тамағын шайып, көзін тазалап, 2% сульфаций натрий сұйығын көзге 3-4 рет тамызады. Науқасқа мол құнарлы сұйықтар беріледі.

Үйде немен емделеміз? Бала төсекте жатуы керек, сұйықты көп ішіп, құнарлы тамақ жегені жөн, аспирин ішуге болмайды. Егер балаға емшек ему қиынға соқса, онда емшекті сауып, сүтті қасықпен ішкізіңіз. Көздің бүлінуін болдырмау үшін мүмкіндігінше А дәруменін беріңіз. Қызу көтерілгенде және бала тынышсызданғанда парацетомол беру қажет. Егер құлағы ауырса, антибиотиктер ішкізген жөн. Өкпесінің қабынғандығын, менингитті немесе құлақ пен асқазанның қатты ауырғандығын білдіретін белгілер байқалса, дәрігер шақырыңыз. Қызылшаның арнайы емдеу препараты жоқ. Науқасқа витаминдерге бай тағамдар, көкөністер, жемістер, шырындарды көп мөлшерде ішу қажет. Егер баланың іші өтсе, регидрационды су беріңіз. Асқыну көбінесе 5 жасқа дейінгі балаларда немесе 20-дан асқан ересектерде болады. Кең таралған түрі – құлақ ортасының қабынуы (отит), бронхопневмония, мойын лимфа түйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит.

Қызылшаның алдын алуда тиімді де сенімді шаралардың бірі – егілу. Қызылшадан егілу сақтану иммунитетін қалыптастырады. Бірінші екпе бала 1 жаста, екінші екпе бала 6 жаста болғанда жүргізіледі. Екпе 15 жыл бойы тұрақты, сақтау тиімділігін қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда қызылша ауруымен күрес және алдын алу, осы аурудың асқынуынан сақтану ол – вакцинация екенін ұмытпаған жөн. Қызылшадан вакцинация арқылы қорғануға болады. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қызылша ауруына 1 және 6 жас аралығында екі реттік вакцинация жүргізіледі. Құрметті ата-аналар! Қызылшаға қарсы вакцинация Сізді және Сіздің балаларыңызды аурудан қорғайды және болашақтағы дені сау ұрпақтың кепілі болып табылады.

А.Избасарова,

Қаратау ауданы

ҚДСБ бөлім басшысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.