МАҚТААРАЛДА КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА СПОРТ САРАЙЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

30 тамыз — Конституция күні қарсаңында Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінде Спорт сарайы пайдалануға берілді.Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Асанов, бокстан Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері, жерлесіміз Мұхтархан Ділдәбеков, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов және аудан тұрғындары қатысты.

Жиында құттықтау сөз сөйлеген аудан басшысы спорттың адам денсаулығын нығайтуда алатын орны ерекше екенін атап өтіп, ауданымызда бұқаралық спортты дамыту үшін көптеген спорт нысандары ел игілігіне беріліп жатқанын тілге тиек етті.

«Өздеріңізге белгілі, кентіміз аудан орталығы атанған 5 жыл ішінде көптеген құрылыс нысандары салынды. Соның бірі әрі бірегейі, бұған дейін еш болмаған спорт сарайында жастарымыз шынығып, үлкен додаларда топ жарады деген сенімдемін. Осы жерден еліміздің көк туын әлемдік аренада желбірететін Мұхтархан мен Біржан сынды мықты спортшыларымыз шыға берсін деген тілек білдіргім келеді» — деді, Бақыт Насырханұлы.

Жаңа спорт сарайы 2 қабаттан тұрады. Ғимаратта 2 үлкен спорт залы және жаттығу залы, сабақ өтуге арналған арнайы залдар бар. Бірінші қабаттағы спорт залында спорттың гандбол, баскетбол, волейбол түрлері дамытылатын болады. Ал, екінші спорт залында күрес, бокс, гимнастика, ауыр атлетика, жеңіл атлетикамен айналысуға барлық жағдай қарастырылған.

Бұдан бөлек, әкімшілік қызметкерлеріне арналған кабинеттер мен бөлмелер, дәрігерлердің кабинеті, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, спортпен шұғылданушылардың демалуына арналған үй-жайлар, санузелдер және ғимарат сыртында автотұрақ пен шағын футбол алаңшасы орналасқан.

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.