«МАЛЫМДЫ АЛСАҢ ДА, АҚ ПЕЙІЛІМДІ АЛМА, ҚҰДАЙЫМ!» (ЕЛ АУЗЫНАН)

Әлем жұртшылығына сындарлы сәт туғанда, ешкім де одан сырт қала алмайтындығы белгілі. Осындай кезеңде жұдырықтай жұмылып, бірлікті сақтамау – елге де сын, ерге де сын. Бірақ, дәл қазір біздегі беталдылықтың бел алған заманында шынайы патриоттық іс-қимылдың көрінісін жасау қолымыздан келе қояр ма екен? Өмір тынысында «жалаңпұт» демократия-сымақты жалау қылып, «Ақшаны» өмірдің мәні етіп қалыптастырудың ел басына түскен сында шытынап шыға келгенін көзбен көруге тура келді.

Өскелең ұрпақтың алдында ұятқа қалатын келеңсіздіктер көрсетіп жатқанымызды ұлтымыздың рухани азғындыққа ұшырағанының әсерінен деп білген жөн сияқты.

Біз ұлттық құндылығымызды ұмыт қалдырғанда орны толмас қателікке бой алдыратынымызды ескермедік. Халқымыздың алты мың жылдық тарихында бар асыл мұраны бағалай алмадық. Бүгінгі күн қысқарған заманның әсіре жеңілдігіне еліктеп, Ұлы бабамыздан асыл мұра етіп, көзінің қарашығындай сақтаған аманатына адалдық таныта алмадық.

Айналып келгенде, бүгінде біздер адамзаттың  ақылманы Абылай ханның түсіне аян берген барша қазақтың жолбарыстан бастап, майданала келе … түлкі, қоян, бақа-шаянға айналған қазақ ұрпағының күйін кеше бастадық. Қазір «Атаңның өлгенін жасырарсың, ал көмгенде қайтерсің?» дегендей, кей ұлттық болмысымыздың баршаға белгілі болып отырған көрінісін алақанымызбен жаба аламыз ба?

Айтпағымыз, әлемді шарлаған қатерлі дерт (коронавирус) елімізді де шет қалдырмай, сындарлы сәттің сынына салғанда сыр беріп қойғанымыз өзекті өртегендей болды. Білікті мамандар бұл дертті жеңуде оқшаулау (карантин) болатынын айта қалып еді, «Шымкентшелеу» шаңы бұрқырай жөнелді. Қаланың ірі сауда орындары ғимараттарының алдын жеңіл автокөліктер жауып, азық-түлік түрлерін автокөліктерге сыйғанынша артып, үйлеріне тасумен болды. Мұны көрген намысты жандардың бетінен оты шығып, кісіге тіктеп қарай алмай қалды.

Ойпырмай, сонда азық-түлік жинап, үйіне тасығандар аман қалады да, ертең өзге жұрт аштан өле береді деп ойлай ма?

Дәл осы сәтті жылдап күтіп жүргендей, кәсіпкерлер де бағаны күрт көтеріп жіберсін.

Қолымызды жүрегімізге қойып айтайықшы, дәл осындай сорақылық еліміздің өзге өңірлерінде дәл осылайша орын алған жоқ. Дәл қазір Шымкент «данышпандар» мен «білгіштер» отанына айналған десе болғандай. Бір күнде қалада сарымсақ 500 теңгеден, 2,5 мыңға дейін көтерілсе, даланың дәрілік шөбінің бір бумасы 100 теңгеден 500 теңгеге жетті.

Тапқан дүниесінің берекесін сұрауды білетін Түркістан не Қарабұлақта азық-түлік Шымкенттегідей күрт көтерілген жоқ. Шымкентте қартоптың килосы 250 теңгеге көтерілгенде, Қарабұлақта 160 теңгеден асырылады. Онда сәбіз, пияз т.б. өнімдер Шымкенттен 80-90 теңгеге арзан болып тұрды. Ол жақта тұратын өзбек ағайындарымызда ынсап, қанағат бар. Олар сенің 100 теңгеңді артық пайда етуден гөрі, адал еңбегінің, маңдай терінің берекесін сұрайды. Құдірет иесі де олардың адал еңбектерінің, құлқы-ниеттерінің берекесін берген. Тілің бармайды, мына заман қазағының пейілін алып қойған деуге, бірақ өзгелер көрсетпеген құлық-пейілді көрсетіп аламыз. Бір Құдай деген халық болсақ, көрген ұрпақ үрейленетін тірлікке бармас едік қой. Өз Отанымызға деген сеніміміздің, сүйіспеншілігіміздің осалдығынан шығар, елден ерекше тірлікке барып, «жамандықты» шақырып жүргендей болғанымыз.

Мемлекетіміз елге келген қатерге бір кісідей жұмылып, қасқая қарсы тұрды. Халық мемлекеттің қамқорлығынан тыс қалмады. Нұр-Сұлтан, Алматыдан бастап, ірі қалаларымыз да, аудандар да тыс қалмай, еліміздегі еріктілердің халыққа азық-түлік жеткізіп беріп жатқанын телеарналардан көріп отырған кешегі пысықсынған «данышпансымақтар» өз тірліктеріне, өрескелдіктеріне өкіне қойды ма? Әй, қайдам! Айтып отырғандай, келеңсіз көрініске жеткізген Шымкенттің қарапайым, қойдан жуас, дала пейілді, бала көңілді халқы емес, «Ақшаның» буы пендешілікке жеткізген «пысықайлары» болса керек. Сын сағатта халықтың ортасынан табылудан гөрі, ұлтымызға ұят, халқымызға сын боларлық оспадарсыздықты жасау – таяз ойлы жандардың өзіне сын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, туған жердің төскейін бірге көркейтуді жазсын.

Ә.Мұратбеков.

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.