Менингит меңдесе де, биліктің қозғалуға құлқы жоқ

Аздаған уақыттың ішінде елімізде менингит ауруынан 13 адам қайтыс болды.  Елімізде жыл басынан бері менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен 593 адам дәрігерге келіп, оның 213-і ауруханаға түскенін баяндады. Ауру 58 науқастан расталған, соның ішінде 21-і – 14 жасқа дейінгі балалар. 213-тің тек 10-ы ғана жазылып шықса, 55-і әлі ем-дом алуда. Ал өмірмен қош айтысқан 13 адамның 4-еуі – Алматы облысы, 6-уы – Алматы қаласы, 2-уі – Оң­түстік Қазақстан, 1-еуі Қы­зылорда облысында тіркелген. Олардың арасында ересектер мен балалар да бар.

Бірақ қаншама адамның күннен-күнге ауырып, тіпті өлім құшқанына қарамастан, еліміздің бас дәрігері Елжан Біртанов: «Ахуал тұрақты және халықты жаппай егудің керегі жоқ» деп жайбарақаттықпен мәлімдеді. Ақ халаттылар індет деу­ге асығар емес. Тіпті әлі күнге дейін аурудың ошағына айналған Алматыда карантин жарияланбаған. Аурудың алдын алып биліктің қозғалуы үшін әлі қанша адам өмірімен қоштасуы керек?

Тіпті әр нәрседен пайда табуды әдетке айналдырған жұрт аурудың меңдегенінен пайда табуда. Алматыда дәріханаларда сатылатын инфекциядан қорғайтын қарапайым масканың әдеттегі бағасы 20-30тг болса, бұл күнде 210 тг-ге қымбаттаған. Ал ауруға қарсы екпенің бағасы бір адамға 22500-40000 аралығында. Бір үйде қанша бала мен ересектер бар, ал қарапайым халықтың қалтасы мұндай ақшаны көтермесі белгілі. Аурудың алдын алып, билік басындағылар  бір шара қолданбаса, ажал шақырған ауру әлі қанша адамды жалмайтынын білмейміз…

                                                                                                                                    Ұ.Өскен

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.