МЫРЗАШӨЛДІКТЕР ЕЛБАСЫҒА ЕРЕКШЕ РИЗАШЫЛЫҒЫН БІЛДІРДІ
Жуырда Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың қатысуымен Мақтаарал ауданы Атакент кентінде жаңа аудандардың құрылуына байланысты «Елбасының Жарлығы — өңірдің өркендеуі» атты салтанатты шара өтті. Оған облыстық мәслихаттың депутаттары мен қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аудандағы «Алпамыс батыр» атындағы орталық стадионда өткен жиында облыс әкімі Ж.Қансейітұлы тарихи оқиғаның маңызына тоқтала келіп, құттықтауын жеткізді.
«Елбасымыздың Мақтааралға қатысты Жарлығын өңір жұртшылығы айрықша зор қуанышпен қабылдады. Халқы ең тығыз шоғырланған ауданды Мақтаарал және Жетісай деп бөліп берген Президентімізге ел ерекше ризалығын білдіруде. Мырзашөл жері аса құтты, қымбат мекендердің бірі. Осы дала төсінде маңдай терін төккен 35 жерлесімізге кешегі Одақтың ең жоғары наградасы Социалистік Еңбек Ері атағы берілуі тегін емес. Сондықтан қасиетті Мырзашөл өрлік пен ерліктің, қайсарлық пен қаһармандықтың құтты мекені десек артық айтқандық емес. Баршаңызды Оңтүстік Қазақстан облысы үшін маңызды да, айтулы осындай оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!» — деді облыс әкімі.
Енді жаңа құрылым бойынша Жетісай ауданының аумағы — 104428 га, 172 903 халық 13 ауылдық округ пен 113 елді мекенде тұратын болады. Орталығы-Жетісай қаласы. Ал Мақтаарал ауданының аумағы 80970 га-ны құраса, 131781 халық ауданның 11 ауылдық округі мен 69 елді мекенінде тұрады. Орталығы – Мырзакент кенті.
Облыс әкімі салтанатты жиында ауданға еңбегі сіңген бірқатар азаматтарды «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, Облыс әкімінің грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады.
Мерекелі шара концерттік бағдарламаға ұласып, жиналған жұрт жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалады.
А.ЖАЙЫМБЕТОВ.