О.ӨКСІКБАЕВ, Мәжіліс депутаты: ..қалтама басып қалуым керек деген ой басым
Иә, монополияға қарсы комитетіміз бар. Құқығы мен мүмкіншілігі жетеді. Функционалдық мүмкіндіктері заңды түрде жасалған. Солардың барлығы өндірушінің бұрынғы бағасымен пайдаланушыға жеткен бағасын салыстырып отыруы тиіс. Бұл біздің өндіруші мен сатып алушыға, одан кейін тұтынушыға тауарды дұрыс жеткізбегеннің кесірі. Қазір үкіметке осы сұрақты қойғым келеді. Екібастұзда 1 кВ энергияны қанша теңгеден өндіріп отыр? Айтсыншы, осыны халыққа… Олар мұны айтпайды. Ол жабық ақпарат. Ал ол аса қымбат емес. Өйткені көмір жанында. Ал бізге келгенде, Астанаға келген кезде 14 теңгеден болып отыр. Осыны сұрайтын уақыт жетті. Мұның ортасында кім тұр? Кімнің қалтасында қанша қаражат қалып жатыр? Халықтың есебінен кім байып жатыр? Осыған балама ретінде мүмкін біреу арзан электр энергиясын әкелетін шығар. Оған қандай жағдай жасап отырмыз? Оны ешкім зерделеп, ешкім айтып жатқан жоқ. 2-3 теңге арзанға энергия әкелеміз дейтіндер де бар. Ал соларға жол берілмейді. Өйткені нарықтың бәрін өздері жаулап алған. Әлі күнге дейін ертеңге қарайтын көзқарас жоқ. Бүгінгі күнмен ғана өмір сүріп келе жатыр. Бүгін ғана осыны қалтама басып қалуым керек деген ой басым. Ал ертеңгісін ойлап отырған басшылар шамалы. Басшылық сәл қысым көрсе, басқа қызметке кете салады.
«ЖҚ»