ОБЛЫС БАСШЫСЫ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласын көркейту мен абаттандыру ісі бекітілген 32 сектордың жұмысын аралап көрді. Әр секторға жауапты аудан, қала әкімдіктері мен басқармалардың тарапынан шаһарды көркейтуде ауқымды істер атқарылған.
Мәселен, Кентау қаласына бекітілген №7-сектор қалада спорттық құрал-жабдық пен 1 дана балалар ойын алаңшасын орнатқан. Қала көшелерін абаттандыруда аяқ жол төсеу, орындықтар мен қоқыс жәшігін, жарықтандыру бағаналарын орнату, жасыл желекпен көмкеру жұмыстары жүргізілді. Мұнымен қоса, өздеріне бекітілген аймақта асфальт салу жұмыстары алдағы аптада аяқталады. Тұрғындардың өздерімен де қаланы тазалықта ұстап, көркейтуге қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Соның арқасында 2971 үйдің 2300-і қоқыс қалдықтарын шығару үшін келісімшартқа тұрған.
Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасына бекітілген №29- сектор бойынша қала көшелерінде орындықтар мен қоқыс жәшіктері және 4 аялдама орнатылды. 6 көшеде 200-ге жуық ағаш егілген. Облыс әкімі атқарылған жұмыстың уақытылы әрі сапалы жүргізілгендігін атап өтті.
Жалпы, 32 сектор бойынша демалыс орындары мен көшелердің бойына субұрқақтар орнатылып, жаңадан аялдамалар қойылды. Қала аумағы жасыл-желекпен көмкеріліп, абаттандырылуда. Балалар ойын алаңшаларын орнату, жарық шамдарының электр желілерін жүргізу секілді жұмыстар да қолға алынған.
Қала толық бекітілген секторлардың жұмысы мұнымен тоқтамақ емес. Облыс орталығын көркейту мен абаттандыру барысын бақылаған аймақ басшысы әр секторға жұмыстарын тұрақты түрде жалғастыруды тапсырды.