ОҚО-да болған жантүршігерлік жол апатынан төрт адам қайтыс болды
Оңтүстік Қазақстан облысында жолаушылар тасымалымен айналысатын микроавтобус жүк көлігімен соқтығысып, салдарынан төрт адам қайтыс болды, деп хабарлайды ОҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған sn.kz. Бұл жөнінде NUR.kz жазады.
Оқиға «Шымкент-Арыс-Шардара» тас жолының бойында орын алған. 1995 жылғы ер азамат жүргізген «Хундай-Старекс» микроавтобусы алдымен «Газ-53» жүк көлігімен соқтығысып, кейін жол жиегіне шығып аударылып қалған.
Салдарынан микроавтобустың екі жолаушысы: 1994 жылғы жігіт пен 1998 жылғы қыз оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі жолаушы: 1970 жылғы әйел мен 1995 жылғы ер жігіт және көліктің жүргізушісі Арыс ауданының ауруханасына жеткізілген.
Көп ұзамай жүргізуші мен 22 жастағы жігіт жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Ал, 47 жастағы әйел ауыр халде ем қабылдап жатыр. Барлығы да Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары.
Қазіргі таңда аталған жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-тармағымен іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қосымша сараптама тағайындалған.
Дереккөз: NUR.kz