ОҚО əкім дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистрованы қабылдады
Биыл Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистрова 60 жасқа толып отыр. Бүгін осы мерекелі датаға орай Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев әншімен арнайы кездесіп, мерейлі мерейтойымен құттықтады.
Дәстүрлі әнші өнерге сарп еткен 31 жылында қазақ халқының төл туындылары мен термелерін нақышына келтіре орындап қана қоймай, ел арасында жоғары деңгейде насихаттап келеді.
«Мен сіздің қазақ әніне, қазақтың өнеріне деген құрметіңізге тәнті боламын. Сіз шығармашылық ғұмырыңызды халық қазынасын дәріптеуге арнаған жансыз. Сіздің бұл қадамыңыз көп ұлтты тәуелсіз еліміз үшін өшпес өнеге, үлгі боларлық дүние», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Қазақтың ән-термесін 30 жылдан аса уақыттан бері дəріптеп елінің сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген орыс қызы Татьяна Бурмистрова Бəйдібек ауданындағы Алғабас ауылында дүниеге келген.
Орыс отбасында туып-өскен оған қалың қазақтың ішінде жүріп, тілді меңгеру қиынға соқпаған, сол сияқты музыкаға деген қызығушылық оның 7 жасынан домбыра үйренуге деген ықыласын оятқан. Алматыдағы медицина институтында оқып жүргенде республикалық «Алтыбақан», «Тамаша» сияқты телехабарларға түсіп, әнші ретінде елге кеңінен таныла бастады.
Өз кезегінде сөз алған Татьяна Бурмистрова шығармашылығына ерекше баға берген өңір басшысына алғысын жаудырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Бүгін облыстық орыс драма театрында «Әйелдің жасы 18…» атты шығармашылық кешімді бергелі отырмын. Менің бұл қадамымды туып, өскен жеріме, туған топырағыма, киелі Оңтүстігіме есеп беру деп қабылдаған жөн. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған қазақ халқының коды менің ойымша осы қазақы дәстүрінде, қазақы әндерінде деп түсінемін», — деді дәстүрлі әнші.
Бүгін облыстық орыс драма театрында дәстүрлі әншінің «Әйелдің жасы 18…» атты шығармашылық кеші кеші өтеді. Театр фойесінде «Қияға қанат қақты қанша арманым!» атты әнші өмірінен фотокөрме ұйымдастырылса, «Қоңыр дауыс» деректі фильмі көрсетіліп, онда әнші өмірі мен өнер жолындағы қызықты да тартысты кезеңдер бейнеленеді.
Шығармашылық кеш «Мен қазақтың қызымын», «Ақ тамақ» әндері және театрландырылған қойылымдармен бастау алып, Т. Бурмистрова өнеріне арналған өлеңдерден поэтикалық композиция, халық әндерінен сазды ән шашулар мен «Әйелдің жасы 18» сырласу әндер орындалады.