ОҚО ӨНДІРІСІНДЕ ҚАЗҰУ –ДЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАРЫ ЕНДІРІЛМЕК

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында ғылым және білім өкілдерінің қатысуымен «Ғылым-Білім-Өндіріс» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, әкімдік пен университет арасында ынтымақтастық туралы меморандум түзілді.

Жиынға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов пен аталған университет жанындағы 10 ғылым институтының ғалымдары, өңірдегі жоғарғы оқу орындарының ғалымдары мен өнеркәсіп саласының мамандары қатысты.

Президенттің биылғы жылғы Жолдауында «өндіріске инновациялар енгізу» тапсырмасы мен кешегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған идеяларды жүзеге асыруда Оңтүстікте Қазақ Ұлттық университеті ғалымдары 40-қа жуық жобасы ұсынылған инновациялар көрмесі мен бүгінгі дөңгелек үстел осы  тапсырманы жүзеге асырудағы бастама болып отыр.

Әрбір мемлекетте ғылым мен білімнің өндіріспен байланысы жақсы болған жерде сол елдің экономикасы дамитынын айтқан аймақ басшысы Қазақ Ұлттық университетімен байланысты нығайту қажеттігін атап өтті.

«Әл-Фараби университетімен біз екі жағынан тығыз байланыса аламыз. Біріншісі қазақ білімі мен ғылымының еліміздегі қара шаңырағы болса, екінші жағынан  Әл-Фарабидің туған жері Оңтүстік Қазақстан облысы. Осы жағынан біз бірлесіп жұмыс атқарып еліміздің экономикасының дамуына сүбелі үлес қосуымыз қажет. Бүгін осы мақсатта университетпен ынтымақтастық туралы меморандумға отырамыз. Осының аясында Әл-Фарабидің туған жері Отырар ауданында және Түркістан қаласында археологиялық қазба жұмыстарын бірлесе отырып ары қарай дамыту. Және облыста көптеген жаңа қалашықтар табылып жатыр, солардың бірі Шымкентегі Абылай ханның ордасы болған «Хан қорған» деген жер бар, одан кейін Әбу насыр Әл-Фарабидің өскен жері Отырар болса, туған жері «Оқсыз» қалашығында еш қандай қазба жұмыстары жүргізілмеген. Осы археологиялық қазба жұмыстарды Сіздердегі мамандармен бірлесе отырып жасауға дайынбыз»,-деді әкім.

Сонымен қатар, әкім жыл сайын университет ұйымдастырып келетін жылдық конференцияның бірін Оңтүстік Қазақстанда өткізіп отыруды және  аталған оқу орнының оқытушы профессорлары өңірге келіп лекция оқыса деген ұсынысы мен  осындағы жас ғалымдардың  Әл-Фараби университетінен тәжірибе алмасуын ұйымдастыруды айтты.

Дөңгелек үстелде бірқатар ғалымдар мен кәсіпорын өкілдері өндірістегі экологиялық және әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында баяндама жасады.

Онда олар азық-түлік, химиялық технологиялар, фармацевтика мен медицина, агроөнеркәсіп кешендеріне, мұнай-газ өнеркәсібіндегі, биотехнологиялар мен IT-технологиялар салаларындағы инновациялық жобаларды облыстың өндірістеріне енгізу жайын сөз етті.

Оңтүстік Қазақстан облысында Тәуелсіздік алған 25 жылда жалпы өңірлік өнімдегі өнеркәсіптің үлесі 15%-дан 28%-ға дейін артқан. Бұл өндіріске жаңа технологиялар және заманауи жобалардың енгізілуі, жаңа өнім түрлерін шығару арқасында қол жеткізілген жетістік.

Университет тек қана тәлім беріп қоймай, сонымен қатар ғылыми жетістіктерін өндіріске жемісті енгізуде. Мәселен, Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары облысымыздағы «Химфарм» АҚ-ында «Лимонидин» отандық майын шығаруды ойлап тапса, «Шымкент құс» ЖШС-мен бірлесе құс шаруашылығына биологиялық белсенді құрама жем шығаруды қолға алуда.

Айта кетейік, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті республикадағы 80-жылдан астам тарихы бар оқу орны. Мұндағы 15 факультетте 180 мамандықтар бойынша 20 мыңнан астам студенттер, магистранттар мен докторлар тәлім алуда.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметінің

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.