Оқырман хаты: Тірісінде бағаламадым
Менің әйелім алтыннан қымбат жан еді. Оны қатты жақсы көретінмін. Бірақ әйелімді бағалай алмадым. Үйленген күннен бастап оған көп қорлық көрсеттім…
Әйелім намазын оқып, үндемей тірлігін істеп жүре беретін. Ал мен ішкілікке қатты құмар едім. Казино, карта сынды ойындарды беріліп ойнадым. Әйелімнің жинаған ақшаларын, алтындарын – бәрін казиноға тігіп жібердім. Өзін талай рет үйден кет деп қудым. Пәтер жалдап, неше түрлі қыздарға барып, жын ойнақ қып, көңіл көтердім. Дүниеге ұлдарым мен қыздарым келгеннен кейін де үйдің жағдайына бас қатырмадым. Қаншама рет үйге қонбаған кезімде әйелім байғұс үндемей көз жасына ерік беретін. Анам ғана оны жақтап, сөзін сөйлейтін. Анам мені талай үйден қуды. Әйелім тек балаларыма қарап жүре беретін. Ол өте жақсы адам еді. Анам десе ішкен асын жерге қоятын. Барлығына төзе білді ғой. Ал мен оған ешқандай жақсылық жасай алмадым. Көп жылаттым. Жүрегін тілгіледім. Анам ғана оның сөзін сөйлеп, сабырға шақырып, жұбататын. Мен ақшамды оңды-солды шаштым. Балаларыма бір ойыншық, бір киім, тамақ әпермеппін. Барлығы әйелімнің жауапкершілігінде, соның мойнында еді. Мен одан мәңгілікке айрылып қалам деп ойламаппын. Әттең, шіркін, уақытты кері айналдыра алсам ғой. Оны қадірлеп, алақанымда аялап, мәпелеп ұстап өтер едім…
Анам әйелім қайтыс болған соң қатты ауырып қалды. Әйелімнің қазасы бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Ол автобуспен Өскеменге тойға кеткен. Жолда автобус апатқа ұшырап, әйелім сол жерде жан тапсырыпты.
Жаным, мені кешірші…. Жатқан жерің жайлы, жаның жәннатта болсын. Тірі кезіңде қадірлей алмадым… Балапандарға бас-көз боламын, бірақ сен жоқсың…
Ерболат.