«Өмірдің 200 сабағы»

Робин ШАРМА,
канадалық жазушы, құқық және медицина ғылымдарының докторы:

                                   «Өмірдің 200 сабағы»                      

1. Азырақ ұйықтаңыз. Бұл сізге өміріңізді толық және жемісті етуге көмектеседі. Көптеген адамдарға денсаулығын жақсы күйде сақтау үшін 6 сағат ұйқы жеткілікті. 21 күн бойы әдеттегіден бір сағат бұрын оянып көріңіз, кейін бұл әдетке айналып кетеді. Есіңізде болсын: ұйқының саны емес, сапасы маңызды. Сонда шын мәнінде маңызды нәрселер үшін қосымша 30 сағат пайда болады.

2. Таңертең бір сағатыңызды өз-өзіңізді жетілдіруге арнаңыз.   Медитация жасаңыз, бүгінгі өтетін күніңізді елестетіңіз, шабыт беретін мәтіндерді оқыңыз, көңіл-күйіңізді көтеретін жазбаларды тыңдаңыз немесе әйгілі кітаптарды оқыңыз. Осы аса тыныш уақытты ішкі рухыңызды қуаттандырып, алдағы қиын күніңізге жететін күш жинауға арнаңыз. Аптасына бір рет күннің шығып келе жатқан сәтін тамашалаңыз және табиғат аясына шығыңыз. Күнді жақсы бастау – өзіңізді жаңартудың өте тиімді тәсілі.

3. Ұсақ-түйектің сізді маңызды мәселелерден көңіліңізді алаңдатуына жол бермеңіз. Өзіңізден: «Мен өз уақытым мен қуатымды дұрыс пайдаланып жүрмін бе?» деп сұраңыз. Уақытты басқару – бұл өмірді басқару, сондықтан өз уақытыңызға үлкен қамқорлықпен қараңыз.

4. Резіңке таспа әдісін қолданыңыз. Білегіңізге резіңке таспа киіп алыңыз. Басыңызға жаман ойлар келген сайын резіңкеден тартып қалыңыз. Сонда миыңыз жаман ойларды тәннің ауыруымен байланыстырып, ондай ойларды тудырмауға тырысады. Ал жаман ойлардан ада болсаңыз, өміріңіз де жақсара түсері анық.

5. Телефон қоңырауына әрдайым көтеріңкі көңілмен және құрметпен жауап беріңіз.  Жақсы мәнер тіпті телефондағы даусыңыздан да байқалады. Бұл – жайдары, жақсы өмірдің басты шарттарының бірі.

6. Идеяларды жазып жүріңіз.  Қалтаңызға кішігірім қойындәптер мен қаламсап салып жүріңіз. Кез-келген уақытта ойыңызға келген идеяны дереу жазып алыңыз. Үйге келген соң, бұл жазбаларды көрінетін жерге қойып, қайта-қайта оқып отырыңыз. Оливер Уэнделл Холмс айтқандай: «Жаңа  идеяға дейін ұлғайған адамның миы ешқашан бұрынғы көлеміне қайта оралмайды».

7.Демалысты тек өзіңізге арнаңыз. Бұл уақытты алдағы аптаны жоспарлауға, алда күтіп тұрған кездесулердің егжей-тегжейін ойластыруға, жаңа мақалалар мен кітаптарды оқуға, жан сергітетін баяу әуендерді тыңдауға және жай ғана демалуға арнаңыз. Бұл әдет сізге алдағы бір апта бойы сергек болуға және еңбегіңіздің жемісті болуына көмектеседі.

8. Басты қағида – қарым-қатынас сапасы.  Бұл – сіздің өзгелермен қарым-қатынасыңыз. Ал одан да маңыздысы – өз-өзіңізбен қарым қатынасыңыз. Бәрі өз қалауыңызға байланысты. Егер сіз жақсы нәрсе іздесеңіз, оны әлбетте табасыз. Бұл – өмірдің негізгі заңы.

9.Нәтижеге емес, мақсатқа ұмтылыңыз. Яғни, жұмысты өзіңізге ұнағаны үшін немесе бұл өзгелерге көмектесе алатын болғаны үшін, болмаса бұл өте құнды сабақ болғаны үшін жасаңыз. Мұны ақша не танымалдылық үшін жасамаңыз.

10. Әр күні таңертең айна алдында тұрып, бес минут күліңіз.     Күлкі біздің ағзамыздағы көптеген пайдалы элементтерді белсендендіреді. Күлкі терапиясы түрлі ауруларды емдеуде қолданылады және ол – түрлі өмірлік жағдайлардан құтқаратын керемет дәрі. 4 жастағы бала орташа есеппен күніне 500 рет күледі, ал ересек адам мұны әрең дегенде 15 рет жасайды.

11. Кешке кітапты балауыз шамның жарығымен оқыңыз.       Бұл шаршағаныңызды басып, керемет тыныштандырғыш ахуал қалыптастырады. Өз үйіңізді сыртқы әлемнен алшақ атқан иранбаққа айналдырыңыз. Ішін әсем әуен, әдемі кітаптармен және жақсы достармен толтырыңыз.

12.Жүріп бара жатқанда қадамдарыңызды санаңыз.  Тыныс алып бара жатып – 6 қадам жасаңыз, тынысыңызды іште ұстап тұрып – тағы 6 қадам, сосын келесі 6 қадамда тынысыңызды шығарыңыз. Егер 6 қадам сіз үшін тым көп болса, өзіңізге ыңғайлы мөлшерін тауып алыңыз. Бұл жаттығудан кейін сіз өзіңізді сергіп қалғандай және миыңыз да жақсы жұмыс істей бастағандай сезінесіз.

13.Медитация жасауды үйреніңіз. Табиғат берген ақыл-ой байланбаған маймыл сияқты, бір тақырыптан екіншісіне секіріп кеткісі келіп тұрады. Егер бір нәрсеге қол жеткізгіңіз келсе, өз ақылыңызды шектеп және тәртіпке бағындырып үйреніңіз. Алты ай бойы тұрақты түрде таңертең және кешкісін 20 минуттан медитация жасау керемет нәтижелерге алып келеді. Шығыс даналары медитацияның артықшылықтары жайлы 5 000 жылдан астам уақыттан бері айтып келеді.

14. Сабырлы болуды үйреніңіз.  Адам орташа есеппен айына 30 минуттан да аз уақытын ғана толық тыныштықта өткізе алады екен. Бұл аз. Сондықтан, күніне тым болмағанда 10 минут тыныш отырып, тыныштықтан ләззат алуға тырысыңыз. Жай ғана өзіңіз үшін маңызды нәрсе жайлы ойлаңыз. Өмірлік мақсатыңыз жайлы толғаныңыз. Үнсіздік расында алтынмен тең.

15. Ерік-жігеріңізді күшейтіңіз. Егер бірдеңемен айналысып жатсаңыз, басқа ештеңені ойламаңыз. Бұл оңай емес, дегенмен осылай етсеңіз, ақыл-ойыңыз сізді емес, сіз ақыл-ойыңызды басқаруды үйренесіз. Қарныңыз ашса, тамақтану уақыты келгенше ештеңе жемей шыдаңыз. Ауыр тапсырманы орындай алмай, қиналып жатқанда, бәрін тастап, бір жаққа кетіп қалғың немесе басқа іспен айналысқың келіп тұрады. Осы қалауыңыздың жетегінде кетпей, қалай болғанда да міндетіңізді орындаңыз. Басында бұл қиын болуы мүмкін, брақ, келе-келе бұл да дағды алып кетеді. Исаак Ньютон бірде: «Егер мен адамдарға қандай да бір пайда әкеле алсам, ол шыдамдылықпен ойлай алғанымның арқасы» деген екен. Расында, Ньютонның бір орында отырып, ұзақ уақыт ойлана алатын керемет қасиеті болған. Егер ол осы қасиетті өзінде қалыптастыра алған болса, бұл сіздің де қолыңыздан келеді. Сондай-ақ, аз сөйлеңіз (уақытыңыздың 60%-ында тыңдап, 40%-ынан артық сөйлемеңіз). Осылайша сіз көп нәрсе үйрене аласыз, өйткені күн сайын кездескен адамдардың әрқайсысынан біз бір нәрсе болсын үйренеміз. Ол үшін тыңдай білу керек. Өзгелерді өсектеп, кінәлауды үзілді-кесілді доғарыңыз. Шағым айтуды қойып, өмірге құштар, белсенді және рухы мықты тұлғаға айналыңыз. Осылайша сіз өзгелерге де күш бере аласыз. Басыңызға жаман ой келсе, дереу жақсы оймен алмастырыңыз. Барлық шектеулерден арылып, тек биік мақсаттарға ұмтылыңыз.

16. Күні бойына әзілдеп жүріңіз.  Бұл қиын жағдайлардағы ширығуды басып, айналаңызды нұрға толтыруға көмектеседі.

17. Өз уақытыңызды басқаруды үйреніңіз.  Бір аптада шамамен 168 сағат бар. Бұл – қалаған мақсатыңа жетуге жеткілікті уақыт. Өз уақытыңызды қатаң жоспарға енгізіңіз. Әр күні таңертең бірнеше минутты өз күніңізді жоспарлауға арнаңыз. Шұғыл, бірақ аса маңызды емес жұмыстарға ғана емес, маңызды, бірақ шұғыл емес жұмыстарға да басымдық беріңіз. Себебі, соңғысы сіздің кәсіби дамуыңыздың негізгі шарты болмақ. Әлі уақыт бар болса да, маңызды істердің кейінге шегерілуіне жол бермеңіз.

18. Рухы мықты адамдармен ғана араласыңыз. Рухы мықты адамдар әрдайым өмірде дегеніне жете алады. Сондықтан, олардан әрдайым бірдеңе үйренуге болады. Ал үнемі көңіл-күйі түсіп, өміріне шағымданып жүретін адамдар алға басқан аяғыңды кері кетіреді.

19. Қолыңызда бардың тізімін жасаңыз.  Әйгілі физик Стивен Хокинг: «Біз жүз миллиондаған галактикалардың бірінің шетінде орналасқан орташа жұлдыздың шағын ғаламшарында өмір сүреміз» деген екен. Осындай ауқыммен салыстырғанда, сіздің басыңыздағы қиындық соншалықты үлкен бе? Жақсылап жайғасыңыз да, қолыңызда бардың бәрінің тізімін жасаңыз. Алдымен отбасы мүшелерінің денсаулығынан бастаңыз, біз көбіне мұны осылай болуы керек нәрсе сияқты қабылдаймыз. Өзіңіздің қандай елде тұратыныңызды және не ішіп-жейтініңізді жазыңыз. 50 тармақтан тұратын тізім жазып бітпейінше тоқтамаңыз. Күніне бір рет осы тізімге қарап жүріңіз, сонда өз өміріңіздің қаншалықты бай екеніне көзіңіз жетеді.

20. Сіздің өмірлік мақсатыңыз болуы керек. Бұл – сіздің қай бағытқа қарай кетіп бара жатқаныңызды және өміріңіздің соңында қай жерде болғыңыз келетінін айқындайтын қағидалар жиынтығы. Мақсат сіздің құндылықтарыңызды өмірге әкеледі. Бұл – сізді өз арманыңызға апарар жолда адастырмайтын жеке бағдаршамыңыз. Айына бір рет бір сағат бөліп, өз өміріңізді басқаруға көмектесетін 5-10 қағидадан жазып отырыңыз. Мысалы, әрдайым басқа адамдардың игілігіне қызмет ету, жақсы азамат болу, баю немесе мықты көшбасшы болу, т.с.с. Өмірлік мақсатыңыз қандай болса да, жазған қағидаларыңызды қайта-қайта қарап, одан сайын жетілдіріп, жазып отырыңыз. Сонда әлдебір жағдай немесе әлдекім сізді жолдан тайдырмақ болса, бұл қағидалар сіздің өз бағытыңызды қайта табуыңызға көмектесетін болады.

                                             (Жалғасы бар). Аударған К.ТІЛЕПОВА.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.