ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ: САПА – ЕҢ БАСТЫ ТАЛАП

Облыс Әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері тұтастай ашық түсті мәрмәр тас пен травертинмен қапталуда. Қарқыны үдей түскен құрылыс алаңдарын аралаған аймақ басшысы құрылысшылармен кездесті.

Биыл пайдалануға берілетін көпқабатты үйлердің құрылыс барысын бақылап, құрылыс материалдарының сапасы мен жұмыс күшінің жеткіліктілігіне баса мән берген облыс басшысы жауапты жетекшілерге бірқатар тапсырмалар жүктеді.

«Сапа – басты талап. Көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс материалдары өте сапалы болуы тиіс. Өздеріңіз тұратындай етіп салыңыздар. Жұмыс көлемінің көптігі түсінікті. Десек те, дәл қазір кідіретін кез емес», – деді құрылысшылармен кездескен Өмірзақ Естайұлы.

Аймақ басшысы қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан тұрғын үйлерді аралады. Мұнда 7 қабатты 24 тұрғын үйдің 22-де қараша айының соңында құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұған қоса, қала тұрғындары мен жаңадан қоныстанушыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында ипотекалық тұрғын үйлердің қатарын арттыру көзделіп отыр.

Жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған жандар үшін 1452 пәтер беру жоспарланған. Оның 1002 пәтері ипотекалық жолмен берілмек. Ал, 450 пәтер қала бойынша тұрғын үйге мұқтаж тізімінде тіркелген көпбалалы отбасыларға берілетін болады. Одан өзге, 540 пәтер кезекте тұрған әлеуметтік осал топтардағы азаматтарға, бюджеттік сала қызметкерлері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен көпбалалы аз қамтылған отбасылар және жетім балаларға беріледі.

Жалпы, Түркістан облысы бойынша биыл 240 бюджеттік инвестициялық жобалар іске асырылуда. Ағымдағы жылы мемлекеттік және ішкі істер органдары мен білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларына тиесілі  77 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Қалған жобалар 2021 жылға өтпелі.Тұрғын үй құрылысы бойынша — 83 жоба іске асырылуда, оның 32-сі ағымдағы жылы аяқталады. Аймақта тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 595,7 мың шаршы метрді құрайды. 9 ай ішінде өңірде 406,4 мың ш.м. тұрғын үй пайдалануға берілген.

2020 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында мемлекеттік бюджет есебінен 158 нысанның құрылысына  36,6 млрд. теңге бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша 70 нысан пайдалануға тапсырылады. Нәтижесінде 2430 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, 3604 жеке жер учаскелеріне инфрақұрылым жүйелері жүргізілетін болады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.