Өндiрiстi өркендету басты назарға алынған

Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауындағы және «Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасындағы белгіленген міндеттерді баянды ету жолында ауданда бірқатар игі істердің оң нәтижеге жетіп жатқанын айрықша айтуға болады.

Ауданда 2018 жылдың 1 жартыжылдығында 12,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген болса, ол өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өнімнің 10 пайызға артқанын көрсетіпті. Ауданда жыл соңына дейін оның көлемін 32 млрд. теңгеге жеткізу мәжеленіп, оны қамтамасыз етудің қарқынды іс-қимылы байқалады.

Аудан 2017 жылы кәсіпкерлікті қолдау картасына құны 550 млн. теңгелік 3 жобаны енгізіп, құны 1160 млн. теңге болатын 2 жобаны ұсыныпты. Биыл осы талаптың үдесінен шығу үшін жалпы құны 25 млн. теңгені құрайтын «ТМ строй 21» ЖШС-нің Бірлік ауылдық округінен пресс жіп шығаратын зауыты салынып жатса, зауыт құрылысы 2018 жыл соңында аяқталып, 2019 жылдан өнім шығаратын көрінеді. Жергілікті 50 адам жаңа жұмыс орнына тартылары хақ.

Сарыағаш қаласында «АРЕКЕТ-АК» ЖШС-нің темір-бетон бұйымдарын өндіретін зауыт құрылысы басталған болса, жалпы құны 450 млн. теңгені құрайтын зауыттың алғашқы өнімін 2019 жылы беруді қамтамасыз етудің бар қарекеті қолға алыныпты. Осыдан кейін елді мекендері тығыз орналасқан Құркелестің бойында жол құрылысын жүргізуге жаңа бір леп беріледі деген үміттері бар сияқты. Ел үмітінің ақталғанына не жетсін.

Ауданда құны 250 млн. теңгені құрайтын «Екафарма» ЖШС-нің минералды су құю зауыты да биылғы жылы пайдалануға беріліп, онда 30 адамға жаңадан тұрақты жұмыс орны ашылатындығы өз межесіне жақындапты.

Ерекше тоқталар нәрсе – жалпы құны14 млрд. теңгені құрайтын «ЕкоПроТех-Астана» ЖШС-нің қуаттылығы 20мвт күн сәулесінен электр қуатын өндіретін электрстансасы жобасы болып тұр. Бұл жобаның іске қосылу уақыты биылғы 2018 жыл болса, онда 10 кісі тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілмек.

Ауданда 2018-2019 жылдары өнеркәсіп саласында құны 14.7 млрд. теңге болатын 5 жоба іске асырылып, соның нәтижесінде 150 адамға жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Жанға жайлы Сарыағашқа келуге инвесторлардың құмбыл екендігінен болса керек, соңғы уақытта ауданға инвестиция тартудың өсе түскендігі байқалған.

 

Жалғасы бар.

«Қазақстан жолы» газеті, №32 (677) 29.08.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.