ӨҢІР ТҰРҒЫНДАРЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БОЙЫНША ӘЗІРЛЕНГЕН АНОНИМДІ САУАЛНАМАҒА ЖАУАП БЕРДІ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті өңірімізде тұрмыстық жемқорлықтың алдын алу және жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін тұрғындар пікірі бойынша бағалау мақсатында облыс тұрғындарының арасында анонимді сауалнама жүргізді.
Екі апта уақыт ішінде жүргізілген сауалнама 11 сұраққа негізделе отырып, өңір тұрғындарының назарына ұсынылды. 10 мыңнан аса қатысушыны қамтыған сауалнама нәтижесінде, халықтың 10,2%-ы соңғы 12 айда сыбайлас жемқорлық көріністеріне кезіккенін және 45,2%-ы өңірімізде сыбайлас жемқорлықтың деңгейі төмендегенін алға тартқан.
Сондай-ақ, қатысушылардың 34,1%-ы сыбайлас жемқорлықтың өте ауыр жаза қарастырылған қылмыс екенін көрсетсе, 31,6%-ы бұл құбылыс мемлекеттік аппаратты және мемлекеттің конститутциялық негіздерін бұзатындықтан оған қарсы тұру керек екенін білдірген.
Бұдан бөлек, сауалнаманың қорытындысына сүйенсек, қатысушылар құқық қорғау органдарында (17,8%), денсаулық сақтауда (17,2%) және білім беру саласында (11,4%) сыбайлас жемқорлық көріністері жиі кездеседі деп пікір білдірсе, 66,6%-ы сыбайлас жемқорлық фактілеріне ұшырасқан жағдайда, Агенттіктің тәулік бойы тегін қызмет көрсететін 1424 саll орталығына хабарласатынын көрсеткен.
Сонымен қатар, елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қандай шараларын неғұрлым тиімді деп санайсыз деген сауалға тұрғындардың басым көпшілігі құқықтық түсіндіру жұмыстары, соның ішінде «Адал көмек», «Antikor Live» жобалары мен семинар-дәрістер деп жауап берсе, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған бірден-бір жоба ретінде «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесін белгілеген.
Айта кетсек, алдағы уақытта да сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған анонимді сауалнамалар өңір тұрғындары арасында тұрақты негізде жүргізілетін болады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.