Псевдодiни террористiк және экстремистiк ұйымдар ерекшелiгiн бiлемiз бе?

Қазіргі кезде әлемде жүздеген діни ағымдар мен секталар қызмет етуде. Олардың әрқайсысы өздерін нағыз ақиқат дінбіз деп санайды. Шын мәнінде дүниежүзі халқы  мойындаған әлемдік діндер – ислам, христиандық, будда, ұлттық діндер – индуизм, иудаизм т.б. қатарында миллиондаған жақтаушылары бар дәстүрлі діндер өмір сүріп келеді.

Астана қаласында өткен төрт бірдей Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездеріне қатысқан өкілдерге қарай қандай діндердің дәстүрлі діндер екендігін байқауға болады.

Осы съездерде псевдодіни ұйымдардың немесе секталардың өкілдері болмады. Олар съезге шақырылмады да. Себебі олардың псевдодіни ұйымдар екендігі көпшілікке белгілі.

Псевдодіни ұйымдардың ұғымы қандай деген сұрақ туады. Псевдо  – (гректің «pseudos») өтірік, жалған деген түсінікті білдіретін, қандай да бір ұғымның алдына қосылып айтылатын сөз.Мысалы,псевдоғылыми, псевдоөнер т.б.

Сонда псевдодіни ұғымы жалған діндер деген мағынаны білдіретін күрделі сөз.

Әлемде де, Қазақстанда да псевдодіни ұйымдар өте көп. Мысалы 2011 жылғы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР заңына дейін елімізде 46 діни конфессиялар немесе діндер қызмет етті. Осы заңға сәйкес діни бірлестіктер қайта тіркелген соң,  республикамызда 17 діни конфессиялар қалды. Тіркеуден өтпей қалған діни конфесияларды псевдодіндер деп атауға толық негіз бар. Себебі олардың барлығы да ірі әлемдік діндерден туындайтын әр түрлі секталық бағыттағы діни ағымдар болатын.

Псевдодіни ұғымы секта ұғымына да жақын келеді. Секта – (лат. «secta» – мектеп, ілім,  «sequor» – соңынан жүремін) ұғым (термин), қандай да бір әлемдік немесе дәстүрлі діннің негізгі бағытынан бөлініп шыққан дербес діни топ. Сектаның негізгі ерекшелігі–өзі бөлініп шыққан діннің атын жамыла отырып, оның біраз қағидаларын алып, оларға өз қағидаларын қосу және өзінің дербес жолымен қызмет ету.  Секталар көбіне қандай да бір ерекше тұлғалардың басшылығымен және солардың ілімі негізінде пайда болады. Сектаның псевдодіни ұғым екенінің мәні де осында. Секта өзі бөлініп шыққан негізгі діннің қағидаларына ревизия жасайды немесе түбегейлі өзгертеді.

Псевдодіни ұйымдар мен секталар діни бірлестік құрып, көптеген елдерде заңды ұйым ретінде тіркеліп кеткен. Бұлай болудың бірнеше негіздері бар.

Біріншіден, халықаралық құқық нормаларына орай діни сенім бостандықтарына кепілдік берілген. Діни сенімді кемсітуге болмайды, оған қысым да жасалмайды.Халықаралық құқықтың нормалары псевдодіни ұйымдардың діни бірлестіктер ретінде тіркелуіне кең жол ашып берді. Дәл солай олардың біздің Түркістан облысында өркен жайып кеткені белгілі болған болса, оны заң талабына үйлестіруге тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.

Екіншіден, Қазақстан Республикасында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында діни бірлестіктерді саралау, талдау олардың мақсат-мүдделеріне қандай да бір сын айту туралы практика болмады. Сол кезеңдерде псевдодіни бірлестіктер көптеп тіркеліп, заңды ұйым құқына ие болды. Түркістан облысында осы саладағы жұмыстарды бірізділікке түсіруге бірқатар тірліктердің жасалғанын айрық­ша айтып өтуімізге болады.

Үшіншіден, діни бірлестіктерді тіркеу, олардың қызметіне кең жол ашып беру  демократиялық дамудың негізгі көрсеткіштерінің бірі болды. Демократия осы екен деп көптеген псевдодіни бірлестіктер мен секталардың тіркелуіне мемлекеттің өзі де жол ашып бергендей болды.

Осы орайда ҚР-да сот шешімдерімен қызметтері тоқтатылған діни ұйымдардың тізімі мен сипатын өз оқырмандарымызға таныстыра кетуі де жөн көріп отырмыз:

Орталық Азияның моджахедтері;

Шығыс Түркістан Ислам партиясы;

Өзбекстанның Ислам қозғалысы;

Күрд халықтық конгресі;

«АУМ Синрике» ұйымы;

«Әлеуметтік реформалар қоғамы» ұйымы;

«Лашкар-и Тайба» ұйымы;

«Аль Каида» ұйымы;

«Асбат-аль-Ансар» ұйымы;

«Талибан» қозғалысы;

«Хизб-ут-Тахрир» діни саяси партиясы;

«Мұсылман бауырлар» ұйымы;

«Бозгурд» ұйымы;

Шығыс Түркістандағы азат ету ұйымы;

«Алля аят» ұйымы;

Орталық Азияның моджахедтерінің ұйы­мы алғаш 2001 жылдың соңы мен 2002 жылдың басында құрылған. Оған дейін ұйым мүшелері Өзбекстан Ислам қозғалысында болғанымен, оның жетекшісі Т. Юлдашевпен орын алған келіспеушіліктен кейін аталмыш қозғалыстың құрамынан шығып, «Әль Каида» ұйымына кіреді. Ұйым мүшелері өздерінің басшыларынан бастап Усама бен Ладеннің жеке өзіне адалдықтары жөнінде ант береді. Моджахедтердің басшысы Өзбекстан азаматы Н. Жалолов («Усмон») болды. Кейбір деректерге қарағанда ол қазіргі таңда Пәкістанның Пеша­вар қаласында жасырынып жүр.

Ұйымның негізгі мақсаты: террористік актілер жасау арқылы Өзбекстан Республикасындағы конституциялық құрылысты өзгерту; АҚШ, Ұлыбритания, Израиль елдерінің өкілдіктеріне террористік актілер жасау.

Өзбекстанның Ислам қозғалысы (ӨЙҚ) ұйымы алғаш 1997 жылы құрылған. Ұйымның басшысы – («Амир-аль-муминун») Т. Юлдашев. Қозғалыстың рухани көсемі 1952 жылы туылған Мұхаммад Садық Мұхаммад Юсуф болды. Ол Триполи қаласындағы (Ливия) бүкіләлемдік ислам университетінің проректоры, Орталық Азия мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас муфтиі болып қызмет атқарды.

Қозғалыстардың дала командирлерінің бірі әрі басшысы 1969 жылы туылған Ходжиев Жұмабай Ахматжанұлы (Жұма Намангани деген атпен белгілі) болды. Ол Өзбекстан Республикасы, Наманган облысының тұрғы­ны, ұлты өзбек. Кейінірек Ауғанстандағы антитер­рор­лық іс-әрекет кезінде қаза болады.

Алғашқы кезде қозғалыс өкілдігі Пәкістанның Пешавар қаласына орналасты, кейін Кабул және Құндыз қалаларына көшіріледі. Ұйым қатарында 2001 жылдары шамамен екі мыңға жуық сарбаз болған. Қозғалыстың мақсаттары:

Өзбекстандағы қоғамдық қатынастарды барынша исламдандыру;

Қоғамдық-саяси ахуалдарды тұрақсыздандыру;

Өзбекстанға жиһад жариялау, «кәпірлер» режимі мен қоғамына қарсы соғысу;

Қазіргі режимді жою және саяси билікті алу.

Күрд халықтық конгресі ұйымының көшбасшысы – Абдулла Оджалан. Ол 1978 жылы құрылған Күрдістан жұмысшысы партиясының жетекшісі болды. Түркиялық сот органдарының қаулысымен өмірлікке бас бостандығынан айырылған. Қазіргі кезде Түркия абақтыларының бірінде жазасын өтеп жатқан А.Оджалан кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Түркияның Санлиурф провинциясында тұрған. 1947 жылы белгісіз себептермен Анкара университетіндегі оқуын тастап кетеді. Кейіннен Түркиядағы күрд сепаратистерінің біріне айналады. 1980 жылы Түркияда орын алған төңкеріске дейін-ақ ол, саяси көзқарастарына байланысты Сирияға бой тасалауға мәжбүр болады. Маркстік-лениндік қөзқарастарды берік ұстанатын А.Оджалан Күрдістан жұмысшы партиясының идеологиясын тарату бойынша қарулы күрес жүргізудің нағыз жақтаушысы болды.

Күрдістан жұмысшы партиясы соңғы 25 жылдың көлемінде жақсы қаруланған және жоғары дәрежеде қаржыландырылыған әскер құрады. 1984 жылы ұйым Түркия шекарасында күрділердің этникалық автономиясын құру бойынша қарулы күреске дайын тұрды. Олар 1990 жылдары өз қатарларын 15 мыңнан аса сарбазбен толықтырады.

Талибан қозғалысы Ауғанстанның Қандағар қаласында 1990 жылдардың алғашқы жартысында құрылған. Бұрынғы моджахед Мұхаммед Омар молда алғашында бірқатар ради­калды көзқарастағы мұсылман студент­терінен топ құрып, оларды «Аллаһ жолындағы шәкірттер» ретінде Исламды тазартуға, ел аумағында діни билікті орнатуға бастайды. Ал «Талиб» сөзі «оқушы» деген мағынаны білдіреді. Талибандар 1996 жылы Ауғанстанда билікке келіп, олар елде ислам әмірлігі мемлекетінің құрылғандығын жариялайды. Соңынан шариат заңдарына енгізеді. Талибан билігі 1996 жылдың желтоқсан айында Ауғанстанда арнайы декрет қабылдайды: соған сәйкес, әйелдер үйдегі қамауда ұсталып, олардың оқуына тыйым салынады. Ал еркектер сақал өсіруге міндетті болады.

Талибандар Пәкістанмен, Сауд Арабиясы елімен және АҚШ-пен әріптестік қарым-қатынас орнатты. Талибандардың Ауғанстанды басқару билігі Усама бен Ладенге баспана берумен және оны 2001 жылғы 11 қыркүйектегі АҚШ-тағы террористік актіден соң Америкаға беруден бас тартуынан кейін көп ұзамай аяқталды.

Шығыс Түркістандағы азат ету ұйымы 1996 жылы Түркия жерінде құрылған. Ұйымның қызметі Қытайда, Қырғызстанда, Өзбекстанда, т.б. өңірлерде террористік актілер ұйымдастыруға бағытталған. Ұйымның негізгі қызметтік бағыт­тарының бірі сепаратизмге бой ұру болып отыр. Сонымен бірге, ұйымның қызметі қару-жарақтар мен жарылғыш заттарды сатып алуға, сатуға және халықаралық террористік ұйымдардың лагерьлерінде өз жақтастарын оқытуға, өз қатарларына жаңа мүшелер тартуға, т.б. қызметтерге бағытталған деуге болады.

Облыс тұрғындары мен өскелең ұрпақтың өмір тынысының сан қатпарлы қыр-сырынан хабардар болып, дұрыс пен бұрысты ажырата білудің өзі кереғар діни ағымдардан сақтана біліп, олардан іргесін аулақ салып отыруына толық мүмкіндік беретіні хақ.

К.МАЙМАҚОВА,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың

«Қазақстан халқы Ассамблеясы»

арнайы кафедрасының бас маманы.

 

«Қазақстан жолы» газеті, №41 (686) 09.11.2018 жыл.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.