РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ-АҒАРТУШЫЛЫҚ ШТАБЫ ТҮРКІСТАНДА

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Парасаттылық департаментінің басшысы Ғанижан Асанұлы, Агенттік жанынан құрылған Республикалық ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі Ырза Тұрсынзада және облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс активімен кездесу өткізді. Негізгі мақсат — сындарлы диалог құру және кеңейтілген ақпараттық іс-шаралар арқылы парасаттылық қағидаттарын дамыту.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды көздеген Штаб мүшелері қоғамдық санаға серпіліс жасау арқылы жемқорлықты жоюға болатындығын айтты. Сананы өзгертіп, жемқорлыққа қарсы мәдениет пен берік иммунитет қалыптастыру турасында айтылды.

Өз кезегінде, Агенттіктің Парасаттылық департаментінің директоры Ғ.Асанұлы ақпаратқа қолжетімділікті оңтайландырып, мемлекеттік билікке деген сенімдерін арттыру және билік пен азаматтық қоғам арасындағы байланыстың тікелей арнасын құру мақсатында құрылған «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасымен таныстырды.

«Көрсеткіш қуып, статистика үшін жұмыс жасауға болмайды. Осы орайда заң талаптарына өзгерістер енгізу қажет-ақ. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметкерлер қорқады. Өз беттерінше шешім қабылдай алмайды. Өйткені қыспақ күшті. Мысалы ауылдарда әкім болудан ел қашады, ешкім барғысы келмейді. Сондықтан негізсіз қудалауды азайту қажет. Заңды өзгертпей тәртіп болмайды», — деді отырыста сөз алған Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев.

Жемқорлықты жою үшін Түркістан обылысында көптеген қанатқақты жобалар жүзеге асуда. Соның бірі — білім саласында енгізілген JUMYS.SITCEN.KZ жүйесі. ҚР Президенті Әкімшілігімен республикада ең үздік жүйе ретінде таңдалып, басқа өнірлерге таратылуда. Сол арқылы жалпы орта білім беру ұйымдары педагогтарын жұмысқа қабылдау және мектеп директорларын конкурстық тағайындау барысы автоматтандырылған.

«Кезінде балабақшаға жұмысқа орналасу, балабақша кезегіне тұру секілді қиындықтар көп болатын. Жемқорлық осындайда өршиді. Олардың басым бөлігі жеке қолға өткен соң, бұл қиындық сап тыйылды. Ал, енді жемқорлық жайлаған колледждерге қатысты шағымдар көп. Онда коррупция 2 бағытта болады. Бастысы- мемлекеттен алатын грантқа талас. Осы мәселе бойынша бірқатар колледж басшылары ұсталған. Сондай-ақ көптеген колледж студенттері тізімде ғана бар да, шындығында сабаққа мүлдем келмейді. Шәкіртақысын мұғалім және колледж басшысы өзара жинайды. Студент сабаққа бармай жұмыс істейді, саудада жүреді. Жастардың да түсінігінде колледж туралы коррупция қалыптасады. Осындай олқылықтар орын алуда, оны мойындауымыз керек. Бұл мәселелерге қатысты заңды тетіктерді іске қосу керек»,-деді Түркістан облыстық «Nur Otan» партиясы филалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев.

Коррупциямен күресудің ең негізгі жолы — оның алдын-алу екенін ескерген өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысында жемқорлықтың бұрынғы жылдармен салыстырғанда едәуір төмендегенін қадап айтты. Осы ретте, Республикалық ақпараттық-ағартушылық штабымен бірлесе жұмыс істеудің жаңа серпін беретінін атады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.