Робин ШАРМА:  «Өмірдің 200 сабағы»

 

21. Ешкім сізді өз рұқсатыңызсыз ренжіте де, қорлай да алмайды. Бақыт пен үлкен табыстың алтын кілттерінің бірі – сіздің көз алдыңызда болып жатқан оқиғаларды қалай қабылдауыңызда. Табысты адамдар жағымсыз оқиғаларды өздеріне өсуге және табыс баспалдағымен көтерілуге көмектесетін жақсы мүмкіндік ретінде қабылдайды. Жаман тәжірибе жоқ, тек сіздің дамуыңызға көмектесетін және жаңа биіктерге көтерілуіңіз үшін мінезіңізді шыңдайтын тәжірибе ғана бар. Сәтсіздік деген жоқ, тек біздің олардан алатын сабақтарымыз ғана бар.

22. Тез оқуды үйреніңіз. Оқу – көпжылдық тәжірибені бірнеше сағатта жинақтаудың керемет әдісі. Мысалы, өмірбаяндардың көпшілігі көрнекті тұлғалар мен көшбасшылардың өмірлік стратегиясы мен философиясын көрсетеді. Оларды оқып, үлгі етіп алыңыз. Тез оқу сізге салыстырмалы түрде қысқа уақытта көп материалды сіңіруге мүмкіндік береді.

23. Адамдардың есімдерін ұмытпаңыз және бәрімен жақсы қатынаста болыңыз. Бұл әдет – табыстың басты құпияларының бірі. Бұл өмірде бәрі бір ғана нәрсені – өзінің маңызды болғанын және бағаланғанын қалайды.

24. Өзіңізді құрметтеңізӘңгіме мейірім жайлы болғанда, гүлдей нәзік болыңыз, ал қағидаға келгенде тастай қатты болыңыз. Әрдайым әдепті және сыпайы болыңыз, бірақ өзіңізді біреудің басынуына жол бермеңіз. Өзгелер сізге әрдайым құрметпен қарайтындай өмір сүріңіз.

25. Әркімге сене бермеңіз. Отбасы мүшесі болып табылмайтын адамдармен өз денсаулығыңызды, қаржылық жағдайыңызды және басқа да жеке мәселелеріңізді талқыламаңыз.

26. Шыншыл, табанды, қарапайым және жомарт болыңыз.

27. Өзіңізді марапаттаңыз. Ұзақ жемісті жұмыс күнінен соң жылы ванна қабылдаңыз. Кез-келген жетістігіңіз үшін өзіңізге сый жасаңыз. Ақылыңыз, тәніңіз бен рухыңыз қайта қалпына келуі үшін арнайы уақыт бөліңіз. Бұл сізге барлық маңызды мақсаттарыңызға жетуге және белсенділіктің жаңа сатысына өтуге мүмкіндік береді.

28. Өз тынысыңызды басқаруды үйреніңіз. Тыныс алу сіздің ішкі қуат көзіңізбен тікелей байланысты. Ақыл да тыныс алумен тығыз байланысты. Мысалы, ақыл қатты ширығып тұрғанда, тынысыңыз жиілеп, үстірт демала бастайсыз. Ал денеңіз еркін және сергек болған кезде сіз терең және бірқалыпты тыныстайсыз. Ішпен терең демалу жаттығуын жасай отырып, сіз бірқалыпты, тыныш тыныстауды және ең қиын жағдайларда да сабырлы қалпыңызды сақтауды үйренесіз. Шығыс даналары айтқандай: «Дұрыс тыныстау – демек дұрыс өмір сүру».

29. Өзін-өзі иландыру әдісін қабылдаңыз және қалыптастырыңыз. Бұл – белсенді жұмыс істеудің таптырмас құралы. Спортшылар мен қоғамдық қайраткерлер жиі қолданатын бұл әдісті әсіресе өзіңізді жетілдіруге пайдаланған жақсы. Егер сіз өз ынта-жігеріңізді арттырғыңыз келсе, мынаны дауыстап айтыңыз жүріңіз: «Менің бүгін ынта-жігерім көбірек, және ол күннен күнге артып келеді». Мұны қайта-қайта, тіпті күніне 500 ретке дейін қайталаңыз. Үш апта бойы үзбей осыны айтсаңыз, өзіңіздің қалай өзгергеніңізді байқайсыз. Дауыстап айтылған сөз ішкі санаға қатты әсер етеді.

30. Күнделік жүргізіңіз. Жеткен жетістіктеріңіз ғана емес, кездескен қиындықтарыңыз туралы да жазып отыру – болмашы нәрселерге бола уайымдай беретін әдеттен арылудың және дұрыс ойлауды үйренудің ең тиімді әдістерінің бірі.

(Жалғасы бар) Аударған К.ТІЛЕПОВА.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.