Роттердамдық ерекше адам

Арнольд Геррит Хенске 1912 жылы 6 тамызда Нидерландыдағы Роттердам қаласында дүниеге келген. Бала күнінде сурет салуды жақсы көрген Нол (достары оны солай атайтын) бір күні өзі ешқашан көрмеген марқұм әпкесінің суретін айнытпай салып шығады. Ол аз десеңіз, Арнольд әпкесінің суретін ұйықтап жатып салған еді! Бұдан кейін де талай рет ұйқыдан оянғанда ол өзінің қолына майлы бояу жұғып қалғанын, ал қағазда өзінің қолы қойылған керемет картиналардың пайда болғанын көріп, қатты таңқалатын…

Нолдың өміріндегі ең үлкен өзгеріс 33 жасқа аяқ басқан жылы орын алады. Үйінде бір шаруамен айналысып жүрген ол қолын қатты жарақаттап алады. Бірақ, жарақаты сол сәтте-ақ тартылып, терісі түк болмағандай тегістеліп кетеді. Мұны көрген Нол пышақпен әдейі қолының бірнеше жерін кесіп көреді. Жаңағы жағдай тағы қайталанып, жарақаттың ізі де қалмайды. Осыдан кейін өзінің ғажайып қабілетін пайдаға асыруды ұйғарған Арнольд өзі сәулетшілер тобын басқаратын жобалау бюросындағы жұмысын тастап, Амстердамға қоныс аударады. Алдымен Голландия астанасындағы дәмханаларды аралап, онда келушілерге болмашы ақыға өзін… кескілеуді ұсынады. Шарапқа масайып қалған кейбір қызыққұмарлар қауіпті тәжірибеге келісіп, оған пышақты сұғып алады. Бірақ, Арнольдқа ештеңе болмайды…

Көп өтпей оның дақпырты бүкіл қалаға тарайды. Сонда Арнольд Хенске өз есімін Мирин Дажо деген сахналық атқа ауыстырады, «керемет», «таңқаларлық» деген мағынаны беретін бұл есім оған атақ пен даңқ әкеледі.

Мирин Дажо туралы тіпті көрші елдер де естіп-біліп, ол өз өнерін Еуропа елдерінің көрнекті концерт залдарында өткізе бастайды. «Ғажайып» Дажоны көру үшін мыңдаған адамдар жиналып, ол туралы басылымдар жарыса жазып жатты. Өйтпей ше! Өзіңіз елестетіп көріңізші, көмекшісі оның кеудесіне және арқасына қанжарлар мен өткір қылыштарды сұғып, кескілейді, ал ол түк болмағандай тұра береді! Оған қоса Мирин Дажоның беделді басылымға берген сұхбатында: «Мен актёр емес, пайғамбармын. Егер Құдайға сенсең, өз денеңді басқаруды үйренуге болады…», — деп мәлімдеуі елді тіпті де дүрліктіре түсті.

«Пайғамбардың» танымалдылығы арта түсті, алайда оны «жай ғана аса епті көзбояушы» деп айыптаған мақалалар да жиі жарық көре бастады. Оған жауап ретінде Дажо дәрігерлердің алдында өнер көрсетіп, зерттеу нәтижелерін басылымда жариялауды ұйғарады. Бұл туралы куәгерлердің бірі былай деп жазады: «Мирин Дажо белуарына дейін шешініп, бөлменің ортасында тұр. Оның көмешісі артынан келіп, бүйрек тұсына бір метрлік қылышты сұғып алды. Бәрі сілтідей тынып қалған. Өз көзімізге сене алар емеспіз. Бәрі рас: қылыштың ұшы денеден өтіп, алдынан шығып тұр. Ең таңқаларлығы, Дажо тіпті селт етер емес. Оның бетіндегі бірде-бір бұлшықет дір етпеді, ал денесінен бір тамшы да қан шыққан жоқ. Бұл жаппай гипноз деуге де болар еді. Бірақ, фотоаппараттар мен кинокамералар түсірген суреттер болған жайдың бәрі рас екенін айғақтайды».

Кейінгі өнер көрсетулерінде халықтың қызығушылығын арттыру үшін Дажо жаттығуларын күрделендіре түседі. Мысалы, қылыш пен қанжардың ұшын қатты қыздырып барып сұғады. Мұның көзбояшылық емес екенін күйген еттің иісіне қарап-ақ білуге болатын. Кейде тот басқан немесе у жағылған алмаспен кескілеген. Бірде Цюрихте өнер көрсету кезінде халыққа ешқандай көзбояушылықтың жоқ екенін дәлелдеу үшін оның кеудесіне үш 8 мм-лік құбыр кіргізіліп, ішінен су өткізіледі. Көмекшілері тіпті Дажоның денесіне қайнап тұрған суды да құяды, бірақ оның терісі күймек тұрмақ, тіпті қызармайды да.

Көмекшісі Ян де Грооттың айтуынша, күніне Дажоның денесі ең кемі 50, кейде тіпті 100 ретке дейін кескіленген. Өткір сымдар мен қылыштар оның жүрегінен, өкпесінен, бауырынан, кейде тіпті бірнеше ағза мүшесінен қатар өткенімен, бір тамшы қан шықпаған. «Дажоның бір емес, үш бірдей құтқарушы періштесі бары анық», — дейді Гроот.

1947 жылы Мирин Дажо Швейцарияға гастрольге аттанады. 31 мамырда ол Цюрихте көптеген дәрігерлер мен журналистердің алдында өнер көрсетеді. Сол жолы өткір заттардың кіріп тұрғанын көрсету үшін ішкі ағзалары рентгенге түсіріледі. Осындай зерттеулер Базель мен Бернде де жүргізіледі. Бірақ, ешкім Дажоның бұл қабілетіне ешқандай ғылыми түсінік бере алмайды.

Мирин Дажоның өзі ешқашан атақ пен байлықты мақсат етпегенін, тек біздің әлемімізден тыс тылсым күштердің барын көрсету үшін өзіне осы қабілетті берген Құдайдың бар екенін дәлелдегісі келгенін айтады.

Бірде көмекшісі Ян әуежайға әйелін күтіп алуға кетеді де, Дажо үйінде қалып, төсекке жантаяды. Гроот қайтып келгенінде оның әлі төсекте жатқанын көреді. Ол Дажоның жиі медитация жасап, денесі сұлқ жататынын білетін. Сондықтан, оның тамыр соғысын тексеріп, қалыпты екеніне көз жеткізген соң, жөніне кетеді. Бірақ, Дажо ертеңіне де тұрмайды. Гроот енді шындап алаңдай бастайды. Бірақ, Дажоның тыныс алуы мен тамыр соғысы қалыпты болған соң, тағы күте тұруды ұйғарады.

Үшінші күні таңертең Гроот досының бөлмесіне кіргенде, оның тынысы да, тамыр соғысы да тоқтап қалғанын көреді. 1948 жылы 26 мамырда Мирин Дажо өлді деп жарияланады. Медициналық тексеру оның мойын күретамыры жарылып кеткенін көрсеткен…

Дайындаған Б.КЕМЕЛ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.