Рухани келiсiм бiрлiкке бастайды
Рухани жаңғыру жолына түскен жасампаз мемлекетімізде бүгінде конфессияаралық келісімді одан да әрі тереңдете түсуге баса мән беріліп келеді. Осы ортақ мақсатта біз ұдайы дінаралық үнқатысу идеясын қолдап келеміз. Бұл тарапта «Рухани келісім күні» мейрамының да көпұлтты, көпдінді халқымызды рухани біріктіруші мерекеге айналып отырғаны көңіл қуантады
Осы мерекеге орай Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» тақырыбында облыстық форум өтті.
Мемлекетіміздің басты стретегиялық бағыты — рухани келісім мен татулықты сақтаудың маңыздылығын насихаттау мақсатында өткен мерекелік шараға Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, М. Әуезов атындағы ОҚМУ басшылығы, діни конфессия өкілдері, ғалымдар, өңіріміздегі жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студент жастар қатысты.
Еліміз бағындырған белестер мен толағай табыстар – Қазақстандағы халықтар ынтымағының арқасы. Бірлігі бекем елдің тірлігі де тиянақты. Осы тектес орамды ойлар жиынның мән-мазмұнын аша түсті.
«Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» атты форумда ассамблея мүшелері, дін өкілдері мен жастар бас біріктірді. Яғни бұл форумда жас ұрпаққа «Рухани келісім күнінің» маңызы түсіндіріліп, қатысушылар өңіріміздегі 100-ден аса ұлт пен ұлыстардың ынтымағын, татулығын сақтау бәрінен де қымбат екендігін айтты.
Форумда Түркістан облысы мен Шымкент қаласы «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарлары және халық қалаулылары баяндама оқыды. Ұлтаралық татулық, діни келісім жайлы сүбелі сөз тыңдаған жастар руһани азық жинап қайтты.
Бұл мереке облысымыздағы барлық аудандарда да кең көлемде аталып өтті. Өйткені еліміздің басты байлығы рухани келісім мен татулықты сақтау болып табылады. Айтулы мерекеде толеранттылық пен конфессияаралық келісімді нығайтып, мемелекетіміздің біртұтастығы жолында рухани келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылықты насихаттап жүрген бірқатар азаматтар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ «Рухани келісім күнінде» аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен аудан имамдары және медресе-колледж ұстаздары арасында спорттың кіші футбол түрінен турнир ұйымдастырылды. Турнир нәтижесінде жүлделі І орынды, Медресе-колледж ұстаздары, ІІ орынды, «Үміткер» командасы, ІІІ орынды «Жастар» командалары иеленді.
Ал Түркістан жоғары медицина колледжінде «Түркістан облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» ЖШС және «Қоғамдық денсаулық сақтау институты» ЖМ-ның ұйымдастыруымен «Дені сау жас ұрпақ – Қазақстанның әл-ауқат кепілі»атты ғылыми — практикалық форум өтті. Форумға Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының емдеу-профилактикалық бөлімінің бас маманы Г.Бахаева, жастармен және қоғамдық бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы А.Сундетов, Түркістан облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ- нің маманы Б.Нуриддинов, психикалық денсаулық орталығының нарколог дәрігері Р.Баймұрынова, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының атқарушы директоры Ф.Байзахова және колледж студенттері мен оқытушылары қатысты. Кездесуде салауатты өмір салтын қалыптастыру, нашақорлық пен діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес туралы баяндамалар жасалынды. Студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берілді. Кездесу соңында «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» тарапынан дайындалған кітаптар студенттерге таратылып, «Рухани келісім күні» туралы түсінік берілді.
Е.Тажиев.
«Қазақстан жолы» газеті, №40 (685) 27.10.2018 жыл.