РУХАНИ САЛАДА СЕРПІЛІС БАР

Руханиятты көтеру – жалпыұлттық ұстаным. Бұл салада да өңірімізде тың серпіліс бар. Өйткені бұл саланың қоғамдық сананы жаңғыртуға ықпалы зор. Түркі әлемінің бесігі – Түркістанды төрткүл дүниеге танытуда да түрлі тағылымдық шараларды ұдайы ұйымдастырудың берері көп. Осы мақсатта күні кешегі Тәуелсіздік мерекесі аясында көптеген іс-шаралар өтті.

Солардың қатарында Түркістанды қайта түлету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аясында ұйымдастырылған «Түркістан – Ер Түріктің бесігі ғой…» республикалық әдеби байқауы мен «Түркістанды бірге түлетейік!» шығармашылық байқауын ерекше атап көрсетуге болады.

Қаладағы «Жастар ресурстық орталығында» Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Түркістан – Ер Түріктің бесігі ғой…» республикалық әдеби байқауына еліміздің барлық өңірінен 100-ден аса қаламгер мен әлеуметтік желі қолданушылары қатысып, байқаудың деңгейін айтарлықтай көтергенін де айта кеткен дұрыс.

Тәрбиелік маңызы бөлек тағылымды іс-шараны қорытындылаған қоғамдық даму басқармасының басшысы Д.Жүнісов мұндай байқаулардың өтуі руханият саласына үлкен серпіліс алып келетінін айта келе, тың туындылар арқылы Түркістанның тарихын өскелең ұрпаққа жаңаша бағытта насихаттауға мүмкіндік туып тұрғанын да жасырып қалмады.

«Түркістан – Ер Түріктің бесігі ғой…» республикалық әдеби байқауы поэзия және проза жанрлары бойынша өтіп, Қызылорда облысының тумасы Толыбай Абылаев бас жүлдеге, Қарағанды қаласынан қатысқан Жанат Жаңқашұлы, 1-орынға, түркістандық Батырхан Сәрсенхан 2-орынға, Қостанай облысынан Ақылбек Шаяхмет 3-орынға ие болды. Ал Маңғыстау облысынан Асылбек Жаңбырбай, көкшетаулық Қуаныш Оспан, Нұр-Сұлтан қаласынан қатысқан Олжас Қасым және Түркістан облысынан Айдар Сейдәзім мен Дәурен Тілеуханға ынталандыру сыйлықтары бұйырды. Байқауға ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегман, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Әлібек Шегебай, белгілі жазушы Есқара Тоқтасын әділқазылық етті.

Ал «Түркістанды бірге түлетейік!» шығармашылық байқауы­на 20-дан аса әлеуметтік желі белсенділері қатысты.

Байқауды қорытындылаған қазылар алқасының төрағасы, «Айқын» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Т.Бейсенов Түркістанды түлету үшін қасиетті шаһарда орын алып жатқан құрылыстардың барысын да оң бағалай келе:

«Түркістан алып құрылыстар алаңына айналып жатқан сәтте идеологиялық тұрғыда санаға күш-жігер, серпіліс беретін және атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды қалың бұқараға жеткізіп отыратын ақпараттық және насихаттық қолдау қажет болды. Осыған орай, әкімдіктің арнайы ұйымдастырып, жариялаған байқауы бүгінде өз нәтижесін берді. Атап айтқанда, Түркістанда атқарылып жатқан қаншама ауқымды істерді түрлі БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілердегі көптеген жарияланымдар арқылы бұқара халық дер кезінде оқып, көріп-біліп, хабардар болып отырды», — деді.

Сайыс қорытындысында «Әлеуметтік желідегі жарияланымдар» аталымы бойынша белгілі журналист, «Южный Казахстан» газетінің бас редакторының орынбасары қызметін атқарған, марқұм К.Исмайловтың жұмыстары үздік деп танылып, жүлде оның перзенті С.Кеңесбекұлына табысталды. Ал 2-орын Н.Иманқұловаға, 3-орын Ж.Шорабековаға, бұйырып, ынталандыру сыйлықтарымен Дәурен Болыс, Привалов Владимир марапатталды. «You Tube каналындағы имидждік бейне түсірілім» аталымы бойынша 1-орын Б.Қазыбековке табыс етілді.

Қазіргі таңда руханиятты айтпағанда, түрлі салаларда да еңбегімен өзгелерге үлгі болып жүрген елжанды азаматтар да марапат, қолдаудан қалыс қалып жатқан жоқ.

Мысалы “Қазақстан темір жолы” компаниясы ұйымдастырған “100 жас есім” байқауында жерлесіміз Бегімов Ерлан Құрбанәліұлының да бағы жанды.  “100 жас есім”” тізіміне енген түркістандық азамат локомотив пайдалану депосында жылу техникасы жөніндегі машинист нұсқаушысы қызметін атқарады. Жас талап теміржолшылар жанұясында туған.

Ал рухани астанадағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Мәдениет орталығында гала-концерт өтіп, еліміздің танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетсе, Түркістан облыстық мәдениет басқармасы да Қазақстанның Өзбекстандағы жылының аясында Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Түркістан облысы өнерпаздарының Гала-концертін ұйымдастырды.

Гала-концертке Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Тұмар» фольклорлық ансамблі, «Сарын» тобы, Н.Серікбаева, А.Нұрашова, Н.Балтақожа, Р.Ақынбеков, М.Әлтенбаев, Т.Әлменов, О.Жаңабаев, Н.Жүсіпбеков, А.Әбілдаева, Қ.Қасымова, облыстық опера және балет театрынан ҚР мәдениет қайраткері Ү.Сейілбекова, «Риксос» тобы, «Арбат» тобы, А.Қанатбек, Ә.Қожанова, «Түркістан сарайы» концерттік ұйымынан «Фараб» би ансамблі, М.Орынбаев, сондай-ақ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана» опера театрының жетекші солисі С.Байғожин, Ж.Уалихан, ҚР еңбек сіңірген қайраткері М.Арапбаева қатысты.

Сонымен қатар, Түркістан облысы музейлерінің, қолөнер шеберлері мен суретшілерінің «Шежірелі Түркістан» кеңейтілген көрмесін де тамашалаушылар аз болмады.

Өнерпаздарды Өзбекстанға облыс әкімінің кеңесшісі А.Шалхарова, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ә.Қойлыбаев, мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Г.Көлбай, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Ғ.Өтегенов бастап барып, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болды.

Мұнан бөлек Түркістан көпсалалы-техникалық колледжінде «Тұғырлы Тәуелсіздік» атты мерекелік іс шара өтті. «Сақ» киностудиясы да рухани мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Бұл киностудия Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Әмен» анимациялық кинофестивалінде «Күш атасы Қажымұқан» анимациялық фильмімен «Ең үздік сценарий» номинациясын жеңіп алды.

Жалпы руханиятты қолдауда, әсіресе, тұғыры биік тұлғаларымызды насихаттаудың маңызды екені белгілі. Солардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанов. Биыл 125 жылдығы ел көлемінде кеңінен аталып өтіп жатқан қайраткердің мерейтойы облысымызда да жалғасуда.

Елімізде Сұлтанбек Қожановтың есімімен аталатын жиырма үш көше, жеті мектеп, бір елді мекен және бір мәдениет үйі бар болса, Жетісай қаласы мен Мырзакент кентінің орталық көшелері мен бір мектеп Сұлтанбек Қожанов атында. Жуырда республикалық «Алпамыс батыр» қоғамдық қорының президенті Б.Оңғарбаев қайраткердің 125 жылдығының жоғары деңгейде атап өтілуіне айтарлықтай зор үлес қосып, «Мақтаарал» футбол клубы басшылығының бастамасымен, «Алпамыс батыр» қоғамдық қорының демеушілігімен, сондай-ақ «Бекет» газетінің ұйымдастыруымен Сұлтанбек Қожановты еске алуға арналған кіші футболдан турнир ұйымдастырды.

Сонымен қатар, ол «Алпамыс батыр» қоғамдық қоры атынан Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығына орай, арнайы медаль да шығарып, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық жұмыста белсенділік танытқан тұлғаларды марапаттады.

Бүгінде Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінде Сұлтанбек Қожановтың ескерткіші де тұрғызылуда.

Былайша айтқанда, аймақтарда рухани саланы қолдау өз деңгейінде. Бұл саланы дамыту ісі алдағы уақытта да жандана түспек.

Д.СҰЛТАН.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.