Сәләф және сәләфилік ұғымдары арасындағы айырмашылықтар
Тарихта терең іздері болмаса да, қазіргі таңда көптеген ағымдар және идеалистер өздеріне көпшіліктің назарын аудартуда. Олар, модернистер, реформистер, құраншылар, құран мағынасын оқушылар десек, исламды саф негізінде ұстауды алға тартқан сәләфилер бұлардың алдынғы қатарында.
Діни сауатсыздық және дұрыс пен бұрыс мидай араласқан қазіргі жағдайда бұл ағымдар, ниеттері дұрыс мұсылмандардың адасуына, теріс жолға түсуіне себепкер болуда. Сәләфилік XIII-ғасырдан бастау алған ағымдардың бірі. Бұл ағымның көзқарастары, жетекшілері, оларға тағылған сындар өз алдына бөлек тақырыптар. Біз бұл мақалада оның негізгі ұғым-терминдеріне тоқталып, қысқа түрде тұжырымдамалар береміз.
Кімдер сәләф деп аталады? Бұхари мен Мүслимнің «Cахих» деп аталатын жинақтарында риуаят етілген хадис шәріпте; Мұхаммед пайғамбар «Ең қайырлы буын менің кезеңімде өмір сүргендер. Кейін олардың соңынан ергендер, одан кейін олардың артынан жүргендер» деген хадисіндегі «ең қайырлы буын» деген атқа ие болған алғашқы үш буынды арабша «сәләф» деп атайды. Яғни «сәләф» сөзі араб тілінде «бұрынғы», «алғашқы» деген мағыналарды білдіреді. Жоғарыдағы хадисте ислам діні даму сатысының ең биік шыңына жеткен үш буынына сілтеме берген.
Сол алғашқы үш буынды қатарымен айтар болсақ олар сахабалар, табиғиндер (сахабаларды көргендер) және табаға табиғиндер (табиғиндерді көргендер) яғни исламның алғашқы үш ғасырында өмір сүргендер. Бұлар иманда, ілімде және амалда бүтін мұсылмандарға үлгі-өнеге болған буындар.
Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан кейін сахбалар исламның алғашқы өкілдері болды, Хижаз аймағында және ислам әлеміне қосылған жаңа аймақтарға исламды дұрыс уағыздап жеткізіп, көптеген шәкірттер жетістірді. Құран кәрімді, хадис шәріптерді және ислами жораларды сол кездегі мұсылмандар сахабалар арқылы үйренді. Сондықтан тарихқа көз жүгіртсек сахабалардың әрбірі ілімге үлес қосумен қатар иман, амал, әдеп, зуһд, тақуалық және көркем мінез-құлықта өз үлестерін қосқан.
Олардан кейінгі келген буынды табиғиндер дейді. Табиғиндер сахабалардың көзінің алдында жетісіп, иманды, ілімді және амалды солардан үйренді. Бұл буынның табиғиндер деп аталуының себебі, мәселеге атүсті қарамай, сахабалардың артынан жүруде көрсеткен табандылықтары мен сүйіспеншіліктері.
Сахабалардың мәртебесінің жоғары болуы, Құранда жақсылықтың жаршысы ретінде мадақталуы, Мұхаммед пайғамбардың көзінің алдында жетісіп өкілдері болуы, сонымен қатар исламды ең дұрыс бойларына сіңіріп өмір сүрулерімен қатар қара қылды қақ жарған әділеттіліктерінде жатыр. Ал табиғиндердің шоқтықтарының биік болуы мына екі негізде жатса керек.
Олар исламды сахаба буынынан, яғни, дін амалдарын дұрыс түсініп іске асырған жандардан үйренді. Сахабалар кезеңінде кездеспеген, кейіннен ортаға шыққан исламға жат бейтаныс идеялар, мәдениеттер, наным-сенімдермен алғаш рет олар бетпе-бет келді.
Табиғиндер буынынан болған ғалымдар, аталмыш ағымдармен күрес жүргізіп, сахабалардан мирас болып қалған таза ислам түсінігін, кемшіліксіз таралуына және келешек ұрпақтарға дұрыс жетуіне көпір болып, көптеген қызметтер атқарды. Міне, сондықтан ислам негізіне жат келетін әртүрлі жаңалықтарға көзқарасымыздың қандай болатындығын табиғиндер буынынан үлгі алып бағдарымызды белгілеуіміз қажет.
Табиғиндер кезеңі фиқһи мазһабтардың негізі қаланған және жеке мазһабтардың ортаға шыға бастаған дәуір ретінде де өте маңызды. Сол дәуірде өмір сүрген Хасан Басри, Суфиян Сәури, Ибраһим Ән-Наһаий, Шағбий секілді көптеген ұлы тұлғалардың әрбірі мұжтәһид болып, жеке мазһабқа ие болды. Ханафи мазһабының имамы Әбу Ханифа да осы кезеңде өмір сүрген табиғиндер буынынан.
Табиғиндерден кейін келген, олардың шәкірттері болғандарға «табаға табиғиндер» дейді. Бұл кезең ғылыми салалардың қалыптасып кең етек жайған, хадистердің жеке кітаптар халінде жинақталып, ақидалық және фиқһи мазһабтардың кемелденіп тармақталған шағы болады.
Сонымен, жоғарыда баяндалған үш буын, Құран мен сүннетте ардақталып, таза ислам түсінігінің бізге дейін кіршіксіз жетуіне жауапкершілікті өз мойындарына алып орындады. Сондықтан аталмыш үш буынның діни наным-сенімдері, діни шешімдері мен ұстанымдары ең сенімді әрі дұрыс пен бұрыстың өлшемі болып табылады.
Сәләфилік – жоғарыда баяндағанымыздай исламды сәләфу салихинның түсінгеніндей етіп түсіну керектігін алға тартатын ағым. Алғаш рет XVIII-ғасырда өмір сүрген, қазіргі Сауд Арабияның шекарасының ішінде қалған Нәжид аймағында ортаға шыққан. Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың жүргізген «Уаһһабилік» қозғалысы да кейіннен «сәләфилік» делінген.
Сол сияқты Мысырда Жәмаледдин Ауғани, шәкірті Мұхаммед Абдух тарапынан бастау алған «Исламдық реформа» қозғалысының мақсаты дінді бұрынғылардың түсінігі бойынша іске асыру, негізгі қайнар көзге оралу, мұсылмандардың мәдени, саяси ұстанымдарын реформалау және батыс отаршыларна қарсы тұру идологиялары кейіннен сәләфилік атымен аталатын ағымның ортаға шығуына себепкер болған.
Ақидада Уаһһабилер кәлам мазһабтарын қабыл етпейді. Әһли сүннеттің екі атақты кәлам ғалымы Әбу Мансур әл-Матуриди мен Әбул Хасан әл-Әшғариді саф ислам ақидасын кәлами дәлелдер қолдану арқылы және ақылды нақылдан (Құран, сүннет) үстем тұтуымен негізін бұзған деп айыптайды. Сонымен қатар Мұташабих (астарлы) аяттар мен хадистерді Алла тағаланың ұлылығына сай жорамалдануына қарсы шыққан Уаһһабилер тасаууфқа да қарсы екендіктерін ашық айтады.
Уаһһабилер, фиқһи (құқықтық) мазһаб ретінде Ибн Таймия мен оның шәкірті Ибнул Қаийымның жолымен жүреді. Әһли сүннет мазһабтары истихсан, истислах, мәсалихи мурсәл және т.б. құқықи дәлелдерді қолданғандары үшін бидғат (жаңашылдық) енгізді деп айыптайды.
Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігі әзірлеген