Сарыағаштағы бір ауыл адамдарының халқы шеттерінен «ракқа» шалдыққаны рас па?

Nur.kz сайтында Сарыағаштағы мыңдаған  тұрғыны бар Дарбаза ауылында қара халық жаппай ауруға шалдығып жатыр деген сұмдық хабар төбе шашты тік тұрғызды. Балаларының басы айналып, мұрындарынан қан кетсе, тексеруден өткен қырық әйелдің омырауынан қатерлі ісіктің белгісі анықталғанын 31 телеарна хабарлады деп жазады.

Күндіз де, түнде де далаға шығудан қалдық деп ашынған қара халық осының барлығына себеп — ауыл іргесіндегі шайыр өндіретін зауыттан шығатын зиянды түтін деп отыр.

Ауылы тұрғындары түнгі бірден таң атқанғанға дейін сыртқа шыққан кез-келген бала еріксіз жылайтынын, ал күндіз тынысы тарылғаннан мұрны қанап, басы айналуы жиілегенін айтты. Аяғы ауыр келіндердің түсік тастауы да белең алған.

Алты жасар баласының ауруға шалдыққанын айтқан Ш.Үкібаева басы айналып құлап қала берген екі баласын ауылдан алыстатыпты. Сырттан келген қонақтар болса, жағымсыз иістен әп-сәтте мазасы қашатын көрінеді.

Ең сорақысы, алпыс үш әйелді тексеруге алған дәрігерлер қырық әйелдің омырауынан қатерлі ісіктің белгісін анықтапты.

«Бұл жағдай сақтала берсе, ауыл халқы түгел қырылып кетпек», — дейді тұрғындар.

Халықтың шағымы зауыт ашылғалы туындап отыр дегенді жергілікті  биліктің өзі де растады. Наразылық жиілеген соң, құзырлы мекемедегілер бас қосып, зауыт өкілдерінің қатысуымен жиын да өткізіпті. Одан не пайда? Қатерлі дерт тоқтар емес.

Ал дәрігерлердің науқастар санының күрт өскендігі жайлы ақпаратты әкімдік растап отыр.

«Қазіргі таңда аудандық прокуратура тарапынан іс қозғалды. Облыстық экологиялық комитетінен тиісті қаулы шығарылды. Соның тиісті мамандары лабораториясымен келіп, бұл зауыт жөнінде нақты  жұмыстар жүргізіп, өзінің шешімін беретін болады», — дейді аудан әкімінің орынбасары. Ауру толастап, себеп анықталғанша зауыт жұмысын неге тоқтатуға болмайды? О, қу ақша не істетпейсің, сен?!

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.