Сауабы мол Қадір түні. Қадір түнінің қасиеті?

 Мұсылмандар үшін барлық айдан қадірлі, қасиетті, сауабы мол  рамазан айындағы қадір түні 2017 жылдың маусым айының 21 жұлдызына келіп отыр. Қадір түні Құран кәрімде мадақталған түн. Ең алғаш Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға Құран аяттары осы түнде түсе бастаған. 

Қадір түніне келсек, ол – түндердің ең қайырлысы. Өйткені, хадисте айлардың қайырлысы Рамазан, түндердің қайырлысы Қадір түні, күндердің қайырлысы Жұма күні екені айтылған. Бұл
түнді негізінен Рамазан айының соңғы он күнінде, тақ санда іздеу керек. Көпшілік ғалымдардың ортақ пікірінше, Қадір түні Рамазан айының жиырма жетінші түні болып есептеледі.

Құранда бұл түннің артықшылығын түсіндіретін арнайы сүре де бар. Ол сүреде Жаратушы иеміз былай дейді:«Анығында Біз Құранды Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні періштелер мен Рух Раббыларының әмірімен жерге түседі. Ол таң ағарып атқанша жалғасады» («Қадір» сүресі).

Мүминдер бұл түнді дайындықсыз өткізбеуі тиіс. Өйткені, Әбу Хұрайра (р.а.) сахабамыз жеткізген хадисте «Кімде кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, ғибадат, құлшылықпен өткізсе, өткен-кеткен күнәлары кешіріледі» делінген (Бұхари, Қадір, 1).Бұл түні жасалуы тиіс істердің қатарында намаз оқу, Құран оқу, өткен күнәларды енді жасамасқа тәубе етіп, кешірім тілеу, жалбарынып тілек тілеу керектігін айта аламыз. Мойнында намаз қарызы барлар нәпіл намаз оқымай тұрып, әуелі бес уақыттық қаза намаздарын өтеуі артықшылыққа жатады. Ғалымдардан Суфиян Сәури «Қадір түні тілек тілеп, кешірім тілеу намаздан ұнамды. Құран оқып, артынан тілек тілеу – ең жарасымдысы» деген.Айша анамыз Алла Елшісінің рамазанның ақырғы он күнінде құлшылыққа ерекше ден қоятынын айтады. Бұл түні қалай дұға ету керек деп сұрағанда, пайғамбарымыз мына дұғаны үйреткен: «Алла Тағалам, Сен кешірімдісің, кешіргенді ұнатасың, мені де кешіре гөр!»

     Иә, күнәдан алыс Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзі күніне жетпіс я жүз мәрте өзіне кешірім тілеп отыруды әдет еткен. Ендеше, күніне сан түрлі күнәмен бетпе-бет келіп жүрген қазіргі мұсылмандарға күн сайын мың рет, Қадір түні таңға дейін кешірім тілесе де артықтық етпесі анық.

     Бұл түннің берекесі мол. Өйткені, жер бетіне сан мыңдаған періштелер түспек. Періштелер тіпті жер бетіндегі ұсақ тастардан да көп болады екен (Ахмед 10316).. Мүминдерді айнала қоршай Алла Тағаланың оларға деген кешірімі мен мейірімін айтып сүйіншілейді. Таң ағарып атқанға дейін отырып дұға, тілек тілеген мұсылман үмметінің жүрегіне тыныштық пен жан рахаты орнары анық шығар. Себебі Хақ Тағаламыз- аса қамқор және шексіз кешірім иесі.

     Қадірменді мұсылман қауым!  Қасиетті Рамазан айында, сағынтып келген қадір түнінде тілеген дұға-тілектеріңіз  бен жасаған құлшылықтарыңыз қабыл болсын!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.