Сауытбек Абдрахманов: Алфавит ауыстыру — онжылдықтарға ғана емес, ғасырларға есептелген ірі іс, тарихи шешім
— Латынға көшу — болашақтың таңдауы. Бұл туралы Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдауда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз бүгін халқымыз үшін, ұлтымыз үшін, тіліміз үшін, діліміз үшін, рухымыз үшін шын мәнінде тарихи мәні бар, тағдыршешті мәселені қарастырып отырмыз», — деп атап өтті ол. Сондай-ақ, депутат халықтың басым бөлігінің ортақ ойы қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру уақыттың талабына да, туған тілімізді тыңнан түлету талабына да сай келеді дегенге саятындығын айтты.
«Жаңа әліпбиді жасау кезінде халқымыздың, өзге елдердің сан ғасырлық жазба тарихы зерделенгені, оған латын жазуының классикалық үлгісі басшылыққа алынғаны жан-жақты түсіндірілуі, бұл таңдаудың ең оңтайлы, ең дұрыс таңдау екенін дау туғызбастай дәлелдеу өте қажетті. Біздің алдымызда талай жылдарға созылатын, жүйелі, табанды түрде жүргізуді қажет ететін қиын жұмыс тұр. Бойымызда бар енжарлықтан, еріншектіктен арыла білсек, ертеңімізді ойлайтын ел екенімізді дәлелдегіміз келсе, елдігімізді еңселендіргіміз келсе бұл іске тәуекеліміз тұруға тиіс. Алфавит ауыстыру алдағы онжылдықтарға ғана емес, ғасырларға есептелген ірі іс, шын мәнінде тарихи шешім», — деді Парламент Мәжілісінің депутаты. Сондай-ақ С. Абдрахманов жаңа әліпби бірінші кезекте кім үшін маңызды деген сұраққа тоқталып өтті. «Бұл балалар үшін, аса маңызды. Жазуымызды жаңартып, санамызды сілкіндіріп, елдігімізді елегеміз келсе, бұл іске тәуекелге баруымыз керек», — деп атап өтті ол.
Дереккөз: inform.kz