Шардарада тиянақты тiрлiк бар
Облыс әкімі Шардара ауданына іссапары барысында Жаушықұм ауылдық округіндегі бақша өнімдерін өсіретін «Тұрар» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысты. Қожалық қарбыз, қырыққабат пен қызылша, пияз секілді дақылдарды Жапония мен Швейцария, сондай-ақ Түркиядан сатып алынған заманауи технологияларды пайдалана отырып, тамшылатып суару әдісімен өсіреді. Өнімнің сапалы болатыны да, екі рет өнім алатыны да содан. Қожалықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі алдағы уақытта да әр ауылда осы екі кезеңді егіс жинауды жаппай қолға алуды тапсырды.
Жалпы қожалықтың 286 гектар жері бар. 20 адам еңбек етуде. Олардың орташа айлық жалақысы 80 мың теңге шамасында. Алдағы уақытта, «Тұрар» шаруа қожалығына 14,3 млрд. теңге қаражат қарастырылып, 12500 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде. Қажетті қаржы Еуропа қайта құру және даму банкі тарапынан берілетін болады.
Ал өз сөзінде облыс әкімі: «Тапсырманың тиянақты орындалғанын көріп тұрмын. Бірақ бұл тек бір ғана шаруа қожалығының атқарған ісі. Өнімнің сапасы да көзге көрініп тұр. Үйреніп, одан әрі дамыта түсу керек», — деген болатын.
Сондай-ақ, өңір басшысы Шардара қа-ласындағы «Шардара» №18 ГЖС-дан тартылатын жоғары қысымды газ құбырын және «Өтеғұл» ықшамауданында орамішілік орта қысымды газ құбырын салу жұмыстарымен де танысып, қалалық бас су торабына да атбасын бұрды. Кеңестік кезеңде іске қосылған су торабы бүгінде 5990 тұрғын үйге, 5457 тұтынушыға қызмет көрсетіп келеді.
Облыс басшысы сонымен қатар «Шардара Армспорт» спорт клубына барып, әлемдік додаларда жүлде алып жүрген спортшылармен жүздесті. Әлем чемпиондары аллеясының және таэквондо, каратэ, жеңіл атлетика залдарының ашылу салтанатына қа-тысып, алғашқы ағашты отырғызды. Сонымен қатар
Түркістан облыстық №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, «Шардара Армспорт» спорт клубының негізін қалаған А.Қарсыбаевпен кездесіп, спорт клубына микроавтобус тарту етті.
Облыс әкімі бұдан бөлек «Тұрғын үй қорын жаңғырту» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан Шардара қаласындағы көпқабатты үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарын да аралап көрді. Қазіргі таңда 180 тұрғыны бар баспананың күрделі жөндеу жұмыстарын бас мердігер «Монолит Строй XXI» компаниясы жүргізуде. Жобалық құны – 24 756 млн. теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары үш ай көлемінде бітеді. Бұл ретте өңір басшысы қа-ладағы көпқабатты үйлердің тұрғындарына ендігі кезекте мемлекеттік кондоминиумдық нысанын тіркеп, құрылыс компанияларымен келісімшартқа отыру керектігін айта келе аталған үйлердің сыртқы келбетін де әрлеуге кірісу керектігін жеткізді.