Шымкент: 26 жастағы азамат көлік радиаторын ұрлап кетті

Көпқабатты үйдің алдында көлігін жөндеймін деп, бөлшек радиаторынан айырылып қалды. Оқиға Шымкент қаласында орын алған.

2022 жылдың 7-қазанында, күндізгі сағат 11:58-де, Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына жергілікті жердің тұрғыны арызданған. Ол арызында, қала ішінде жүргенінде өзінің басқаруындағы «Газель» автокөлігі кенеттен бұзылып, оны жөндеу үшін көпқабатты үйлердің алдына амалсыз аялдағанын көрсеткен. Сол арада өзі маңайдан жөндеу құралын іздеп кеткен кезінде белгісіз ер адам айналада адам жоқтығын пайдаланып, жерде тұрған радиаторды еркін қол жеткізу арқылы ұрлап кеткендігін жазған. Келтірілген шығын көлемі – 30 мың теңге.

Аталған дерек ҚК-тің 188-бабы 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Полиция қызметкерлері хабарды алған бойда, күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдап, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындардан сұрастырылып, көпқабатты үйлер алдындағы бейнебақылау камералары қаралды. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдікті азаматты тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы – 26-да, жұмыссыз. Бұрын-соңды сотты болмаған.

Ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындап, бұл заңсыз әрекетке қаржыдан қысылғандықтан барғанын жеткізді. Яғни, ұрланған радиаторды көлік бөлшектерін сататын дүңгіршектердің біріне апарып, 30 000 теңгеге сатып жіберген.

Қазіргі кезде, айғақты зат тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.