Шымкент: Ел мерейін асқақтатқан азамат

Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ Полиция департаментінің құрылымдық бөлінісі болып табылады. Жасақтың міндеті қоғамдық-саяси, спорттық-бұқаралық іс-шараларын өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз ету болып табылады. Шымкент қаласы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы — Нұржан Бекзатов осы саптағы үздіктердің бірі.
Спортқа деген қызығушылығының арқасында шаршы алаңда ел әнұранын асқақтатқан азамат. Мәселен, 2006-2009 жылдары бокстан жастар арасында Қазақстан чемпионы атанған. Ал 2011 жылы студенттер арасында бокстан Әлем чемпионы болса, 2010-2018 жылы ересектер арасында Қазақстан жүлдегері болған. 2011-2018 жылдары Бокстан Қазақстанның ұлттық құрама командасының сапында сайысқа түссе, 2014-2017 жылдар аралығында «Astana Arlans» құрамында болған. Сондай-ақ 2019 жылы қоян-қолтық ұрыстан Халықаралық жарыс чемпионы және бокстан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
«Қазақ боксы әлемдік аренада жоғары беделге ие. Осы беделді биіктету біздің басты мақсатымыз. Әсіресе жастарды бейімдей отырып, оларға бағыт-бағдар беруге тырысамыз. Себебі ұлт намысын ұран еткен боксшылардың жетістігі – ел мерейі. Сондықтанда болар шаршы алаңда намысты қолдан бермейтін қазақ жігіттерінің қайсар мінезіне талайлар таңдай қағып келеді» — дейді Нұржан Бекзатов.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының сапында еңбек етіп келе жатқан Нұржан Бекзатов бос уақытында шәкірт тәрбиелеп, бапкерліке бет бұруда. Яғни қазақ халқының атын әлемге танытсам деген ойы шәкірт тәрбиелеу мақсатымен ұласуда. Жаттықтырушылық жасау арқылы талай талаптығы жол сілтеуді көздеген азаматтың еңбегіне табыс тілейміз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.