ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ V СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Бүгін Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының V сессиясы «Тірегіміз – тәуелсіздік, байлығымыз – бірлік, мақсатымыз – өрлеу» тақырыбымен өтті.
Жиынға қала әкімі, қалалық ҚХА төрағасы Ғабит Сыздықбеков, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов арнайы қатысып, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жергілікті жерде жүйелі іске асыруды тапсырды.
– Ассамблея сессиясында Мемлекет басшысы идеологиялық бағыттағы басымдықтарды нақтылап, бірқатар тапсырмалар берді. Бүгін аталған міндеттерді қала аумағында іске асыруды пысықтап, атқарылар жұмыс жайын талқылаймыз, – деді қала әкімі.
Сессияда сөйлеген ҚХА Төрағасының орынбасары жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді сақтау жолындағы табысты еңбектері үшін шымкенттік ассамблея мүшелеріне алғыс айтып, этносаясат аясында бірлесе атқарар жоба-жоспарлар жайында баяндады. Елдегі татулықты көздің қарашығындай қорғау әрі нығайту – мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болып табылатынына тоқталды.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ауқымды жұмыстың негізгі бағыт-бағдарын айқындап берді. Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында айтылған құндылықтарды іске асыруда Ассамблеяның зор әлеуетін тиімді пайдалануды жүктеді. Әлемдік ахуал күрделеніп тұрғанда «Жұрт болып жұмылып, ұлт болып ұйысуды» тапсырды, – деді ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі.
Қалалық сессияға қалалық ассамблея мүшелері, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының, салалық басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары, аудан әкімдері, діни конфессиялардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, зиялы қауым өкілдері және жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.
Жиында Ж.Тәшенев атындағы университеттің проректоры Ғалымжан Битұрсын, Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов, Шымкент қаласының ACCESS бітірушілері «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, белсенді волонтер Данара Саранова, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Асхат Нұрлыбаев, «Ассамблея жастары» ұйымы қалалық өкілдігінің белсендісі Тимур Инкижино сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Сессия соңында ҚХА Төрағасының орынбасары бірқатар белсенді азаматтарды Қазақстан халқы Ассамблеясының наградаларымен марапаттады.
Айта кетейік, бүгінде қалалық ҚХА жанында 17 этномәдени бірлестік пен 7 құрылым қоғамдық негізде әрекет етеді. Жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында жұмыс істейтін белсенділердің әлеуеті – қоғамдық келісімді сақтау мен қазақстандық патриотизмді дәріптеу бағытындағы жобаларға жұмылдырылған.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.