Шымкенттік полицейлер тұрғындарды 1 млн теңгеге алдап соққан азаматшаны ұстады

Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, бейтаныс азаматша мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмекті шығарып беремін деп сендірген. Алайда азаматша оның сенімін теріс пайдалану арқылы жеке мәліметтерін пайдаланып, шағын несие беру ұйымынан онлайн несие рәсімдеген. Бұл жайтты арызданушы телефонына несие алғандығы туралы хабарлама келгенде білген. Келтірілген шығын көлемі 326 000 теңгені құрады. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) тіркеп, жедел-іздестіру шараларына кірісті.
Әл-Фараби АПБ-ның тәжірбиелі сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылып, істің ақ-қарасын ажыратуға кірісті. Нәтижесінде, полицейлер тұрғынды алдап, заңсыз онлайн несие рәсімдеген азаматшаны қала аумағынан ұстап, басқармаға жеткізді. Ол 31 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Тергеу барысында белгілі болғандай, ұсталған азаматша иемденген қаражатты өзінің бас пайдасы үшін жұмсап жіберген.
Шымкенттік полицейлер тексеру барысында азаматшаның бұдан өзге жеті тұрғынның атынан шағын несие ұйымынан онлайн несие рәсімдегенін анықтады. Келтірілген шығын көлемі 1 млн теңгені құраған. Яғни, оларға да мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек шығарып беремін деп сендірген. Өз кезегінде арызданушылар азаматшаға жеке дербес мәліметтерін жолдаған.
Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.
Осы орайда, шымкенттік полицейлер қала тұрғындары мен қонақтарынан алаяқтардың арбауына түсіп қалмауды сұрайды, белгісіз азаматтарға артық сенім білдірмеу керектігін қатаң ескертеді.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.