Шымкенттік тұрғын қоймадағы өсімдік майына ұрлыққа түскен

Тағам пісіретін сұйық майды ашық сауда сөрелері емес, базар қоймасынан ұрлап кетті. Оқиға Шымкент қаласында, жексенбі күні сауда-саттық қайнап жатқан кезде, сағат 15-30 шамасында орын алған.

Бұл жайт бойынша 2022 жылдың 10-қазанында, Абай ауданының Полиция басқармасына «102» арнасы арқылы жергілікті тұрғын арызданған. Ол арызында, бөгде азамат базарлардың бірінде орналасқан өзіне тиесілі азық-түлік сақтайтын қоймасынан 2 дана «Шедевр» өсімдік майын жасырын түрде ұрлап, оқиға орнынан бой тасалағандығын жазып көрсеткен. Жалпы келтірілген шығын — 9000 теңгені құраған.

Аталған жайт ҚК-тің 188-бабының 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Абай АПБ полиция қызметкерлері арыз түскен бойда, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Куәгерлерден сұрастырылып, бейнебақылау камералары қаралды. Нәтижесінде, күдікті азаматтың жеке басы анықталып, сақшылар оны қала аумағынан қолға түсірді. Ұсталған азамат Түркістан облысының 44 жастағы тұрғыны болып шықты.

Күдікті өз кінәсін толықтай мойындап, заңсыз әрекетке жұмыссыз жүргендіктен және қаржыдан қысылғандықтан барғанын жеткізді.

Қазіргі кезде шығын толығымен өтелді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.