ШЫМКЕНТТІҢ ШЫРАЙЫ ЕНДІ КІРЕТІН СИЯҚТЫ

Соңғы он шақты жылдан астам уақыттан бері елімізде ғана емес, алыс-жақын елдерге танымал Шымкент қаласының бірінші басшыға жарымай қойғаны баршамызға аян. Кезінде облыстың әкімі болған елімізге танымал тұлға Өмірзақ Шөкеев небәрі 11 айдың ішінде Шымкент қаласының тыныс-тіршілігіне үлкен жанашырлық көрсетіп, нақты істерді жүзеге асырумен бірге, «Қалаға «қожайын» керек, шын жанашыр болатын ие керек» деп шырылдағаны бар еді.

Сол кезде «Оңтүстік» экономикалық аймағын-да ел Үкіметінің тапсырмасымен жеңіл өнеркәсіптің негізін қалаудың басында жүрген жас білікті инженер, азаматтық адалдық болмысына біткен Арман Жетпісбаевты 2-3 рет жұмыс барысында көреді де, ешкімнің «звоногынсыз» өзіне орынбасарлық қызметке қабылдайды. Осы нағыз елжанды азамат кейін 4,5 жыл Шымкент қаласының әкімі қызметінде болған кезінде қаланың көркеюіне өлшеусіз еңбек сіңіргені жұрттың көз алдында. Қаланың орталық көшелеріндегі көпқабатты үйлердің 50 жылда тозығы жеткен сыртқы беттері жаңартылды. Қаланы көріктендіруде уақытпен санаспай игі істің басында жүрді. Ал “жамбастап жатып қол салатындар” мемлекеттен сыйлық алды. Өмір заңы ғой. Әкімдіктің «командасы» көке-жәкесі жоқ, іскер, қабілетті жастардан құралды. Шымкенттіктер дәл осы кезеңді «золотой век» деп айтатын.

Уақыт өте келе өз дегенін істеп, қала тынысының ағысын жайдақ судай жайып жіберді. Қалаға жаңа келген әкімдер өз істерінің  жаңашылдығы етіп қиял қууды әкелді. Сонда да Шымкенттің қойдан жуас халқы бәріне төзімділік танытып, жақсы күндердің жақын екендігіне сенімін жоғалтпады. Мемлекеттік қызметкерлер тарапы­нан халыққа мінсіз қызмет көрсету сапасы­ның төмендігіне де шыдамдылықпен қарады, өйткені қалада мемқызметке «көке-жәке» арқасында кездейсоқ адамдар жиналып қалған болатын.

Енді міне, қалаға әкім болып келген бауырымыз Мұрат Әйтенов өзінің өресі биік екенін, ел басқарудың қыр-сырынан мол тәжірибе жинағанын көрсетіп, аз уақытта-ақ қала тынысын дұрыс сараптай білгенінің арқасында көп көңіліне қонарлық істі бастап жіберді.

Жараны жазатын тірлікті істегенге не жетсін?! Қаланың денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдувалиев қаладағы емханалардан апарып, медициналық сараптама жасайтын орталықта орын алған сорақылықты екі медбике соқырға таяқ ұстатқандай дәлелдеп берсе де, басқарма басшысы көз жұма қарады. Оны бүркемелегендердің  «маскасы» ашылып қалды. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дегендей, бұрынғы әкім немқұрайдылық көрсеткен іске М.Әйтенов «А.Байдувалиев өз бастамасымен қызметінен кетті» деп өте дұрыс шешім қабылдады. Іс тетігін кадр шешетіндігіне жете мән берген М.Әйтенов кадр қабылдауда өзінің өрелілігін, ойлылығын көрсетті.

Қаланың тұрғын үй және техникалық инспекция басқармасына басшы етіп жұртшылықпен жұмыс істеуде тәжірибесі мол, лауазымды басшылық қызметтерде соңынан сөз ілестірмеген нағыз мемлекетшіл азамат Ғалымжан Төлеповты апаруы М.Әйтеновтың биік болмысын көрсетті деуге болады.

Қала әкімі өзіне орынбасар етіп иде-ология саласында бүкіл оңтүстікке танымал болған азамат, сала жұмысында мемлекет қайраткерлері: Д.Мыңбай мен Ә.Бектаевтың «школасынан» өткен Алмасбек Мамытбековты тағайындауы жұртшылықты тәнті етті. Шымкент қаласы әкімдігіне 25 жасында қызметке келіп, ширек ғасырға жуық идеология саласында абыройлы қызмет істеген А.Мамытбеков қала әкіміне сенімді серік бола біліп, жемісті еңбек ететінін нық сеніммен айтуға болады.

М.Әйтеновке ендігі бір үлкен сын боларлық мәселе – қаланың білім басқармасы басшысын дұрыс таңдай біліп, тағайындауы болмақ. Қазір жұртшылық көңілінен шығарлық шешім қабылдай білген М.Әйтенов “шымкентшелеудің” бар саясатын ысырып қойып, халық игілігі үшін қажырлы еңбек ететін кадрды тағайындайды деген үміттеміз.

Сырттан да кадр әкеліп көрдік, халықтың «өзіңнен шықпай ер болмасы» бекер айтылмаған шығар.

 Әділ Мұратбеков.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.